Жергілікті басшылар халыққа жанашырлықпен қараса екен

Әлемдік дағдарыс, экономикалық санкциялар – осылардың барлығы біздің экономикамызға әсер етпей қоймауы мүмкін емес. Дербес, егемен мемлекет болғандықтан, туындауы мүмкін экономикалық ауыртпалықтардың алдын алу үшін мемлекет тиісті шаралар қолданып келеді.

Аз қамтылған отбасыларды,  мүгедектерді есепке алып, оларға тиісті көмек-қолдау көрсету, жастардың жұмыспен қамтылып, лайықты білім алуы, жұмыс істеп жүрген азаматтардың зейнетақы қорына аударылатын тиісті жарнасының жұмыс беруші тарапынан мерзімінде аударылып отыруы секілді мәселелерде түйткілді тұстар  жеткілікті. Осы аталған әлеуметтік топтардағы әрбір адамға қол ұшын беріп, оған жағдай жасауды мемлекет барынша өз мойнына алып отыр. Жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек ұсынып отыр, мүгедектерге де жағдай жасалуда,  жастардың жұмыспен қамтылып, олардың оқып білім алуы үшін түрлі гранттар мен несиелер бөлініп жатыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген адамдардың  міндетті әлеуметтік түсімдерінің жұмыс беруші тарапынан уақытылы аударылуын әркім өзі қадағалап отыруға құқылы. Осындай мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған әлеуметтік топтарға жергілікті атқарушы органдар, ауыл әкімдері жіті назар аударып,  ауылдағы әрбір отбасымен жұмыс жасауы тиіс. Мысалы, сіздің балаңыз орта мектепті бітіргеннен кейін ешқандай оқу орнына түсе алмай үйде отыр делік. «Ол балаңыз неге үйде отыр, мемлекет тарапынан мынадай-мынадай қолдаулар жасалуда, қажет болса оқуға жіберіп, мамандық алуына мүмкіндіктер бар» деп есігіңізді қағып, жергілікті әкімшіліктен мамандар келіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді ме? Егер ондай жұмыстар жүргізілмесе, онда ол жергілікті әкімшілік тарапынан жіберілген қателік екен. Неге десеңіз, оның жауабын сәл кейінірек түсінесіз.
Біздің ауданда ешқандай өндіріс көзі жоқ, тек салық түсімдерін мерзімінде мемлекетке қайтару арқылы ғана табыс тауып отырған аудандардың қатарындамыз. Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы жұмыссыздық деңгейі бо-йынша облыста алдыңғы қатарда тұрмыз. Жұмыс орыны аз, жұмыс істеу қабілеті бар адамдар одан көп. Қабылданған мемлекеттің жаңа бағдарламаға сәйкес, қорасында малы бар адам өзін-өзі қамтушы есебіне кірген еді. Яғни, ол адам жұмыссыздар қатарынан алынып тасталды. Өзін-өзі қамтыған адамдар санаты екі топқа бөлінген. Бірі кішігірім шаруашылығы, өзіне жететін шабындығы мен өзінен артылмайтын малы бар адамдар.  Екіншісі ешқандай мал-мүлкі жоқ, ешбір жерде ешқандай кәсіппен айналыспайтын адамдар. Өзін-өзі қамтыған адамдардың қайсысы қай топқа жататынын анықтап білу қиын емес. Ол үшін жергілікті әкімшілік шаруашылық кітабы арқылы кімде қанша мал бар, ал, кімнің шаруашылығы мүлде жоқ екенін анықтап біліп отырады. Сонымен қатар, адамдардың мал-мүлкін есепке алып қана қоймай, үйдегі адамдардың қандай кәсіппен айналысатындығын және олардың мамандығы қандай екенін, оқу жасындағы балалардың қандай оқу орындарына түскендігін және болашақта қандай мамандық алып шығатынын әр жарты жыл сайын жергілікті әкімшілік үй-үйді, әрбір ауланы аралап, біліп отыруға міндетті. Осының нәтижесінде әрбір отбасы туралы қорытынды шығарылып, ол қандай әлеуметтік топқа жатқызылатыны анықталуы керек.
Осындай мәселелер төңірегінде ауданымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге министрлік өкілдері келді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік еңбек саласындағы  мониторинг және талдамалық жұмыс департаментінің директоры Рысты Жұмабекова және оның орынбасары Әбдікәрім Төреқұлов Сабынды, Кеңбидайық және Арықты ауылдық округтерін аралап, аудан орталығындағы орталық кітапханада қорытынды дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге аудан әкімінің орынбасары Сағадат Аққожина, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қайрат Төлеубаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асылбек Мұстафин, «Таңдау» мамандарды қайта даярлау орталығының директоры Бәтжан Мәжитова, ауыл әкімдері мен мамандары қатысты. Бұл жиында министрлік өкілдері жоғарыда айтылған ауылдық округтерді аралау барысында  орын алған олқылықтарды жасырмады. Департамент директоры  Рысты Жұмабекова бұл орайда, былай деп сөз түйді:
– Осы ауданның бірқатар ауылдық округтерін аралаған тұста іс жүргізу барысында орын алған олқылықтарды байқадым. Ауыл әкімдері халықпен жұмыс жүргізбеген. «Кімнің қанша малы барын жатқа білемін, жұрттың үйін аралап қайтемін» деген өзімшілдікке салынып, қарапайым санақтың өзін немқұрайлы жүргізіп, былтырдан бері келе жатқан цифрлар мен көрсеткіштерді жаза салған. Олай болмайды! Қазіргі таңда әрбір үйді аралап өтіп, ондағы тұрғындар қандай жұмыспен айналысады, отбасы мүшелері қандай кәсіппен шұғылданады, осының барлығын сіздер, жергілікті әкімдер біліп отыруға міндеттісіздер. Ол жалғыз мемлекеттік бағдарламаларға керекті мәліметтер емес, осы ауылдың дамуы үшін де қажет. Өйткені, мысалы, бір отбасында екі бала жоғары оқу орнына түсіп, оқып жатса, осы балаларды ауылға жұмысқа шақырып, ауылдағы кадр тапшылығын шешу қажет. Үнемі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы қандай маман бізге келеді екен» деп аспанға қарап отырудың еш қажеті жоқ. Керісінше, ауыл тұрғындарымен жұмыс жасап, Елбасымыз айтқан жалпыға бірдей еңбек қоғамын жергілікті жерде қалыптастыру керек.
Департамент директорының орынбасары Әбдікәрім Төреқұлов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асылбек Мұстафиннен жұмыспен қамту орталығына жүгінген әрбір адамды базаға енгізіп отыруды талап етті.
   Министрліктен келген арнайы өкілдерге Қарашалғын ауылдық округінің әкімі Ғабды-Сабыр Мұхаммеди мынадай маңызды сауал қойды:
–Ауылымыздан 56 бала түрлі оқу орындарына түсіп, өз білімдерін шыңдауда. Осы болашақ мамандардың ауылға қайтып келуі үшін менің ойымша мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда, алайда, осы болашақ кадрлардың оқу бітіргеннен кейін арнайы біздің ауылға келіп тиісті мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиындық туғызады. Осы орайда, айтайын дегенім, бұрынғы жылдары ауданымызда еңбек инспекциясы жұмыс атқарушы еді, қазір ондай органның не бары, не жоғы белгісіз болып тұр. Біздің ауданға бір еңбек инспекторы тағайындалса, осындай мәселелерді оңтайлы шешуге  болар еді, – деді әкім.
Министрлік өкілдері осы мәселені тиісті ведомствоға жолдайтындықтарын айтты. Сонымен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдері ауданымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысып, өздеріне керекті ой түйіп қайтты.   Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектерден, түрлі бағдарламалардан ешкім қалыс қалуы тиіс емес. Ол үшін барлығымыз жұмылып, осыған күш-жігерімізді салуымыз  қажет. Осы жолы анықталған бірқатар олқылықтарды түзетіп, орнына келтіру үшін ауданымыздағы барлық ауыл  әкімдері барынша жұмыс атқарады деген сенім бар.

Шоқан ЗӘКАРИН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар