Телеарналарды дұрыс таңдайық

 Басылым беттері мен ғаламторда «Триколор», «НТВ+», «Радуга», «Телекарта» секілді операторлардың жерсеріктік  қондырғыларын сату мен желіге қосылу қызметтерін жарнамалаған хабарландырулар тұнып тұр. Бір жағынан онда тұрған не бар деп ойларсыз? Алайда, «Лицензия беру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында  телевизиялық және радиохабар таратуды ұйымдастыру лицензияланатын қызмет түрі болып табылады.

Сондықтан, қазақстандық телерадиохабар тарату операторлары, мемлекеттік немесе коммерциялық болсын, ел аумағында өз қызметтерін ретке келтіретін рұқсат құжаттарын алулары тиіс. Осылайша отандық операторлар жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекеттік қазынаны кірістермен толықтыра отырып, ел экономикасы мен отандық телехабар тарату саласының дамуына өз үлестерін қосуы керек. Бүгінде Қазақстанда лицензия негізінде үлкенді-кішілі жүзден астам операторлар жұмыс істейді, олардың арасында жалпы республикалық көлемде – «Алма TV», «Icon», «Қазтелерадио» («OTAU TV»), «Қазақтелеком» («ID TV») және аймақтық операторлар бар. Мысалы, біздің Ақмола облысында 10-нан аса кабельдік операторлар қызмет көрсетеді. Лицензияланған операторлардың толық тізімі арнайы сайтта көрсетілген.
Ел аумағында қызмет көрсетіп жатқан шетелдік, әсіресе жерсеріктік желіде жұмыс істейтін операторларға қатысты жағдай мүлде басқаша. Техникалық тұрғыдан шетелдік операторлардың жерсеріктік антенналарын қолдануға тиым салу мүмкін емес. Өйткені, ғарыштан тарайтын жерсеріктік сигналдың қамту аумағы, мемлекеттік шекаралардан анағұрлым кең. Әрине, бұл жақсы. Өйткені, тұтынушылар мен хабар тарату операторларының да мүмкіндіктері артады. Алайда, кәсіпкерлік қызметті сол елдің заңнамаларына сәйкес жүргізу қажет. Нәтижесінде, кейбір операторлар жарнама, тіл, телерадиохабар тарату туралы заңдар, техникалық регламенттер, абоненттерге қызмет көрсетудің ереже талаптарын орындап, есепке тұрып жатса, екінші біреулері ешқандай тер төкпестен, көрерменнен табыс тауып отырғанын аңғарамыз. Яғни, шетелдік жерсеріктік операторлар Қазақстан бюджетіне салық төлеместен, еліміздің телерадиохабар тарату нарығының «бал қаймағын» сыпырып жеп отыр десек те болады. Анығына келсек, бұл – лицензиядан өткен операторлар үшін теңсіз бәсекелестік. Тәуелсіз сарапшылардың дерегіне жүгінсек, Қазақстан бюджетін айналып өтіп, шетелдік операторларға кетіп жатқан жылдық табыс миллиардтаған теңгеге жеткен.  Рәсімделуден өтпеген «сұр антенналарды» қолданатын азаматтар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр.
Ал, отандық жерсеріктік және кабельдік хабар тарату операторлары Қазақстан Рес-публикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, міндетті түрде трансляциялануы тиіс, яғни, 14 отандық телеарнаны көрсетуге міндетті. Ал, шет елдің операторларының Қазақстан телеарналарын өз телетоптамасына қосуға техникалық мүмкіндіктері бола тұра, оларды трансляцияламай отыр.  Біздің нарықты «сұр антенналар» қалай толтырды? Шын мәнісінде, Кеңес Одағы ыдыраған соң, ақпараттық шекаралар жойылды. Жұрт жаппай ақпаратқа ұмтылды. Дүңгіршектеріміз шетелдік газет пен журналдарға толды. Телевизия саласында да дәл сол жағдай орын алды. Айта кетерлік бір жәйт, ол кезде қазақстандық операторлар шетелдік хабар таратушылармен бәсекеге шыдас бермейтін. Кеңестік дәуірден қолданылып келген телехабар таратудың аналогтық стандарты, қазіргі заманғы көрерменнің көңілінен шықпады. Әрі ескі форматтың сапасы да сын көтермеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде көрсетілетін телеарна саны 3-5-тен аспады. Осының салдарынан «сұраныс ұсыныс туғызды» принципі бойынша, Қазақстан нарығына, әсіресе, ауылдық жерлерде «сұр антенналар» легі лап қойды. Егер қалаларда кабельдік операторлар кеңінен таралса, шағын елді мекендерде қызмет көрсетуден кабель таратушылар тартыншақтана беретін. Өйткені, оларға ауылдар  коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болды.
Ақмола облысында шамамен 100 мыңнан астам сұр антенна бар. Бұл қазақстандық хабар тарату операторлары үшін көңіл көншітерлік жәйт емес. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары біздің операторлар қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Бүгінде «Алма ТВ-ның» 600 000 абоненті, «ID TV-ның» 200 000, «OTAU TV-ның»  750 000, «Icon-ның»  300 000 абоненті бар. Оған жергілікті кабельшілердің нарығын қосыңыз. Қазақстандық операторлар жұмысының арқасында елімізде 10 отбасының 8-і кем дегенде 14 қазақстандық телеарнаны көріп отыр деген сөз.  Оның үстіне базарларда «сұр антенналардың» сатылуы тұтынушылардың мүддесін қорғамайды. Мысалы Сіз «Триколор», «НТВ Плюс», «Радуга», «Телекарта», «Платформа HD, «Рикор» және тағы басқалардың антеннасын сатып алдыңыз, біраздан соң қондырғыда техникалық ақау пайда болды делік. Сіз ешкімнен көмек сұрай алмайсыз. Өйткені, аталған операторлардың Қазақстанда өкілдігі жоқ. Оның үстіне шетелдік операторлардың көбі, ескіріп қалған DVB-S стандартында хабар таратады.
Ал, Қазақстанда 2010 жылы ведомствоаралық комиссия хаттамасымен DVB-S-2 стандарты қабылданған. Сонымен қатар, шетел операторлары тыйым салынған тауар мен қызметті жарнамалау арқылы жарнамалық заңнаманы бұзып отыр. Шетелдік операторлардың қондырғы мәзірі мен қолдану нұсқаулығында қазақ тілі қарастырылмағандықтан, Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы да бұзылған. Бұған қоса, «Телерадиохабар туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік есепке тұрмаған телеарналарды респуб-
лика аумағында трансляциялауға тыйым салынған. Бүгінде еліміздің аумағындағы 200-ден астам шетелдік телерадиоарна тіркеуден өтті.  Алайда, шетелдік операторлар біздің көрермендерге ел  аумағында тіркеуге тұрмаған 100-ден астам арнаны көрсетіп отыр. Бұл операторлардың жұмыс істеу тәсілі де оңай, ауыл-ауылды өздері араламайды,  агент немесе диллер ретінде желіге қостыру қызметін көрсететін қазақстандық кәсіпкерлер арқылы жұмысын жүргізуде.  «Сұр антенналарды» көпқабатты үйлерге орнату қала көркін де бұзып тұр.
Бұл қала құрылысы мен сәулет заңнамаларын сақтамау деген сөз. Антенна қойғысы келген адам, оны сыртқы қабырғаға іле бермей, шатырға орнатуы тиіс. Сондықтан, бұл жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігіндегі мәселе.  Шетелдік хабар тарату операторларын асырағаннан гөрі, Қазақстан телевизиясының дамуына үлес қосып, бюджетімізге кіріс түсіруміз қажет. Осы орайда, отандық телекөрермендер дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз.

К.АСЫЛБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар