Табиғаттың тосын мінезі

Көкшетаудан Қорғалжынға дейін кең көсілген сайын дала биыл ақ көрпесін ертерек жамылып, қымтана бастады. Әйтсе де, тосыннан келген жоқ, хабарсыз емес еді. Осыдан он шақты күн бұрын қыламықтап қар ұшқындаған. Өткен сенбіден басталған күздің сылбыраған қара жауынының соңы кәдімгідей ақ мамық қарға ұласты. Тура қыс маусымының әбден күшіне еніп, буырқанған кейпінде. Қырқа-қырқадан долы желдің жетегіне ілесіп, жүгіре қашқан жаяу борасын әп-сәтте тау-тастың қойнауын көбік қарға толтырып тастады. Іле көктайғақ басталды. Далада да, қалада да. Ең қиыны осы алғашқы көктайғақ. Адамдардың, төрт тұяқты малдың еті үйренбеген, тұтқиылдан келген тосқауыл тәрізді.

Қара жаңбырдың соңы қарға ұласып, соқталанып түсуі алдымен, ел адамдарына қиын. Әп-сәтте бетегенің басына сіреу қатып, қараоттың түбі мұзданып, сіресіп қалған жайылымдарда жылқы малы, әсіресе, тай-жабағы тебіндей алмайды. Оның үстіне биыл егін де кеш алынып жатыр. Егін еккен кәсіпорындар алқаптардағы әлі алынбаған дәнді дақылдарын қорып, елдің қолындағы ірі қара малды, жылқыны қамап баққызуда. Жылда осы уақытта егін алынып болғаннан кейін мал күзгі қауға, егіні алынған алқаптардың үстінде еркін жайылып, қоң жинап қалатын. Күнұзақ тілін тістеп, қамауда тұрған жылқының ықтасын таба алмай, өткір желге өкпесін тестіріп, ірісі ұсағын теуіп тұрған соң,  көтерем болмағанда несі қалады. Сол күйімен қысқа түссе, көп ұзамай қолға қарайтындығы, қораға кіретіндігі анық. Ал, қыруар жылқы қыс басталмай жатып, қолға қараса, жаңбырлы жазда бірін шірітіп, бірін ірітіп, өліп-талып, жинап алған азын-аулақ шөп пен қасқалдақтың қанындай қымбат уысты құлақ жемге ортақтасса, ақпанның ақырған боранына дейін қаптың түбі қағылып қалуы әбден мүмкін. Көктайғақтың кесірінен облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде өткен сенбі күні 103 адам дәрігерлік көмекке жүгінген. Жиырмаға жуық адамның әрқилы сүйектері сынған, екі адамға ота жасалған.
– Осының бәрі табиғаттың тосын мінезі,–дейді травматолог
Елдос Қайыржанов, – әдеттегі күндерде мұндай нөпір жоқ. Коммуналдық қызмет көшелерге құм төсеп, алдын алуы керек-ақ.
Көшелерге құм төселуін төселеді, тек орталыққа ғана. Ал, шеткері көшелер ескеріле бермейді. Қалалық емханаға көктайғақтан аяқ-қолын жаралап келушілер көбейгенін  дәрігер Бауыржан Қаскеев те растады.
Табиғаттың тосын мінезі осылай алғашқы күннен-ақ адамдардың апшысын қуырып тастады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, сынақтың сұрапылы әлі алда шығар. Түнеу күні ғана таяқ тастам жерді көрсетпей, қалың тұман тұмшалап, қорғасындай ауырлап, бүк түсіп жатып алып еді. Бұрынғы қазақ «тұман түбі – жұт» дейтін. Айтқан жерден аулақ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар