Алаңдамауға хақымыз жоқ

Бүгінгі таңда бүкіл қоғамымызды ойландырған өзекті  мәселелердің бірі −  есірткіге тәуелді адамдар санының көбеюі мен есірткі бизнесінің белең алып, тамыр жаюы болып отыр. Нашақорлықты тек халық денсаулығын күрт төмендететін фактор деп қана емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп түсінген жөн.  Біз бұл бағыттағы жұмысты 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламаға сүйеніп жүзеге асырып жатырмыз.

Бұл қатермен күресте жаһандық тәжірибеге иек артпасқа болмайды.  Біздің, яғни, құқық қорғау органдарының жұмысында  басты  назар есірткі тұтынушыларынан бұрын оны өндіріп, сауда айналымын жасаушыларды табуға аударылуда. Нақты деректерге келер болсақ, жыл басынан бері өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 118 қылмыс тіркеліп, 175 келі есірткі өртелді.  Жуырда Қарағанды – Астана тас жолымен тоғыз келі героинді велосипед камераларына тығып, оны автокөлігімен алып өтпек болған  Қырғызстан азаматы қолға түсті. Қазір оның басты каналдарын анықтау бойынша арнайы шаралар өткізіліп, тергеу жүргізілуде. Көрші облыстан «тауар» алып, оны осы аймақта саудалап жүрген 41 жастағы Есіл  қаласының тұрғыны да құрықталды. Бір қынжылтатыны, осы қылмысқа оның отбасы мүшелері, яғни, әйелі мен ағасының да қатысуы болып отыр. Бұл бизнеспен айналысқан басқа есілдіктердің де қылмыстарының әшкере болғандығын айта кетейік.  Аталған факті бойынша айыпкерлердің үстінен Қылмыстық кодекстің 259 бабы, 2-1, 3 бөлімдері бо-йынша қылмыстық іс қозғалды.
Осы орайда, нарықта героин құнының өсуі, оған қоса, аталған заңсыз іске барғаны үшін берілетін жазаның жеңіл еместігі  есірткі айналымын бизнес-ке айналдырғандар үшін тиімсіз болып, олар бұл тығырықтан шығудың тың тетіктерін қарастыра бас-
тады. Әккі қылмыскерлердің айласына бүгінде құрық бойламауға айналды.  Қазір олар есірткінің балама түрлерін дайындауға көшкен.  Мәселен, мак дәндеріне адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін түрлі химиялық реакцияларды жасау арқылы «экстракциялық қара сора» дайындайды.  Оның құны есірткі бағасынан екі есеге арзан. Дегенмен, әсері ағзаға аса қауіпті.  Оны ұдайы қолдану нәтижесінде адамның бір-екі жыл ішінде о дүниелік болып кетуі де әбден мүмкін.  Сондықтан, жыл басынан бері облыста осындай тоғыз фактінің тіркелуі бізді қатты алаңдатып отыр.
Есірткіні түзету мекемелері аумағына алып өтудің де азаймай отырған жайы бар.  Біз биыл осындай алты қылмыстың жолын кестік.  Есірткінің заңсыз айналымын болдырмау бағытында «Допинг» республикалық жедел-алдын алу шарасы  да жүйелі түрде ұйымдастырылады.  Аталған шара нәтижесінде қауіпті химиялық заттарды сақтау ережелерін өрескел бұзған «Қазақалтын» акционерлік қоғамы мен «Степногорск тау-химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты ірі өндіріс орындары мен кодеинді заттарды дәрігердің рұқсатынсыз сатқан дәріхана меңгерушілері жауапқа тартылды. Сондай-ақ, бұл шара  бізге есірткіні заңсыз сақтаған 298, есірткі заттарын қолданғаннан кейінгі масаң күйде көлік жүргізген  145, есірткі және психотроптық заттарды қоғамдық орындарда тиісті медициналық нұсқауларға сүйенбей қолданғаны үшін 77 тұлғаны анықтауға мүмкіндік берді.
Нашақорлықпен күрес жүргізуден оның алдын алудың әлдеқайда тиімді екендігін уақыттың өзі дәлелдеп беріп отыр. Сондықтан да, қоғамдағы осы бір кеселмен күресте біз нашақорлықтың әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында белең алмауына қатты мән берудеміз. Негізінен, бұл іспен тек құқық қорғау органдары ғана айналысуы аз.  Нашақорлықтың  жолын кесу − спорт, білім беру, денсаулық, ішкі саясат құрылымдары мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ міндетіне айналуы керек.
Міне, осы бағытта менің өзім жетекшілік ететін облыстық ведомствоаралық штаб жұмыс істейді. Мұндай құрылымдар өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарында да бар.  Олардың негізгі мақсаты – облыс тұрғындарының арасында есірткіге тәуелділіктің етек алуына жол бермеу бағытындағы кешенді шаралар ұйымдастыру болып табылады. Штабтар облыстық наркологиялық оңалту орталығымен тығыз байланыста семинарлар мен түрлі акциялар өткізіп тұрады. Осы орайда, есірткіге тәуелділердің «Сенім» әлеуметтік-психологиялық орталығы емделушілерінің де жастарға өз бастарынан өткен жағдайларды
баяндап, оларды осы ауыр кеселден аулақ болуға шақыратындығын да айта кетейік. Мұндай өмірден алынған мысалдар әрине, оларға лекцияларға қарағанда, көбірек әсер етеді. Бұл бағытта біз тығыз байланыста жұмыс жасайтын «Жұлдыз», «Право на жизнь», «Қазақстан студенттер альянсы»,
«Еуразия-Даналық» сынды қоғамдық бірлестіктердің жастар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудегі орындары ерекше.
Нашақорлықтың алдын алу бағытында біз баннерлер мен жарнамалық тақтайшаларда есірткінің адам ағзасына кері әсері жөніндегі ақпараттарды орналас-тырамыз. Бұл кеселге тосқауыл қою мақсатында телеарналар мен баспасөз құралдарының әлеуетін де пайдаланбасқа болмайды. Есірткіге деген қара базардағы ұсынысты азайту үшін ең бастысы, сұранысты төмендету маңызды. Біз осы бағытта да жұмыс істеудеміз. Жыл басынан бері біздің бірқатар мемлекеттік органдар,  азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, өткізген түрлі деңгейдегі 400-ден астам шарамыз соның айғағы. Осылардың ішінде Дүниежүзілік есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылып ұйымдастырылатын айлықтың да маңызы ерекше. Оның негізгі мақсаты − есірткі және психотроптық заттардың тұтынушыларын азайту болып табылады. Өткен айда бізде осындай
зиянды әдеттерге қарсы күресте жастарды біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шаралар легі ұйымдастырылды.  Оқу орындарында жүргізілетін анонимді тестілеудің де есірткі қолданумен әуестенетін жастарды дер кезінде анықтауға ықпалы мол.
Бұл шаралардың барлығы да нәтижесіз емес. Соңғы жеті жылда нашақорлар санының шамамен 8-10 пайызға төмендегені байқалады.  Тек биыл ғана облыстық наркологиялық орталықта есепте тұрған 841 адамның 238-інің арнайы есептен шығарылуы осы оң нәтиженің айғағы болса керек. Жалпы, сөзімді қорытындылар болсам, нашақор-
лық – жалпыұлттық сипатқа ие маңызды мәселе, ауқымды проблема.  Ол өз құрығына қоғамның барлық топтарын, тіпті, нәзік жандылар мен жас балаларды да іліндіруге қауқарлы.  Сондықтан да, онымен күрес баршамыздың міндетіміз.  Қазір адам да, қоғам да өзгеріп келеді. Бүгінде ішкілікке салынып, өзін-өзі жоғалтқан адам ешкім емес. Сондықтан да, жастар неғұрлым көп білуге, барынша ізденіп, биік белестерді бағындыруға талпынуда. Мен ақмолалықтардың да осы жаһандық үдерістен тыс қалмай, зиянды әдеттерден ада болуға талпынатындығына сенімдімін.  Жаппай осы бағытқа бет бұрсақ, есірткіге қатысты күрмеуі қиын саналатын қордаланған мәселелер де біртіндеп шешілер еді. Сондықтан, ойланайық дегім келеді. Қоғамымызда көрініс беріп отырған мұндай келеңсіздікке алаңдамауға хақымыз жоқ.

Бауыржан ДӘУКЕНОВ,
облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар