«Айқын» арқылы қадағаланады

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттырудың аймақтық  орталығында мемлекеттік органдарда  «Айқын» жобасын жүзеге асырудың жай-жапсарына арналған  дөңгелек үстел болып өтті.

Жиынды  аталмыш орталықтың директоры Әлібек Баймағамбетов ашып, шараның Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп  комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасымен бірлесе ұйымдастырылып отырғандығын тілге тиек етті. Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан аталмыш басқарма басшысы  Жантуар Ерғалиев пен аға прокурор Борис Федотычев  облыс азаматтарының мемлекеттік органдар тарапына жолданатын  талап-тілектерінің  орындалу барысына тоқталды. Есіл ауданындағы жергілікті атқарушы билік органдарын тексерген прокурорлар онда келіп түсетін арыз-шағымдардың қаралуы былай тұрсын, қайбірінің тіпті, тіркелмей қалғандығын, ал, тіркелгендерінің өзіне тиісті жауаптардың қайтарылмағандығын алға тартып отыр. Бұл тек есілдіктерге ғана қатысты жайт емес. Мұндай олқылықты кез-келген мемлекеттік мекемеден қиналмай табуға болады. «Айқын» осының алдын алуға мүмкіндік тудырар еді. Алайда, өңірдің шалғай елді мекендерінде ғаламтормен қамтылу көрсеткіші өте төмен деңгейде. 
Прокурорлардың бұл сөзін облыс әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жанат Әкішева да растап отыр. Оның айтуынша, облыстағы 14 селолық округ жаһандық желіге қосылмаған. Бұл мәселе алдағы жылдары шешіледі деген үміт бар. Ғаламтор мәселесі өз алдына, әкімдік маманы тағы бір үлкен проблеманың шетін шығарды. Ол – мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қарап, оларға жауап қайтаруды хатшылар мен іс жүргізушілерге жүктеп қоятыны. Мемлекеттік қызметші саналмайтын бұл қызметкерлерден ертеңгі күні жауап та алу қиын.
Алдымен, аталған жобаға қысқаша тоқтала кетер болсақ, «Айқын» жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік мекемелерге жіберілген арыз-шағым, өтініштерінің орындалу барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Яғни, белгілі бір органға өтінішін арқалай келген азаматқа оны қабылдап алған кеңсе қызметкері 18 саннан тұратын арнайы нөмір береді. Сол код түріндегі нөмірмен азаматтар ғаламтор арқылы өз өтініштерінің қашан тіркеліп, қалай орындалып жатқанын бақылай алады. 2012 жылдан бері жобаның үш кезеңі жүзеге асырылды. Алдағы жылы төртінші кезеңді іске асыруды қолға алу көзделуде. «Айқын» Қазақстан Респуб-ликасы Президенті Әкімшілігі тарапынан да зор қолдау тауып, оны республика бойынша жаппай қолданысқа енгізу жөнінде шешім қабылданған болатын.
Бізде бұл жүйе облыс пен Көкшетау, Степногорск қаласы әкімдерінің аппаратында, кеден органдарында, әділет және ішкі істер департаментінде кең қолданысқа ие. Жобаның басты қағидаты өтініштерді дер кезінде қарап, оған сапалы жауап қайтаруды көздейтіндіктен, бұл азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға да тікелей ықпал етуде. Мәселен, облыс әкімі аппаратына «Айқын» жобасы арқылы келіп түскен 673 өтініштің 340-ына алғашқы бес күн ішінде тиісті жауаптар қайтарылған.  Әзірге жоба өңірдегі Көкшетау, Степногорск қалалары мен облыстық деңгейдегі департамент, басқармаларға енгізілді. Алдағы жылдан оны аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға толығымен енгізу көзделуде.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар