Ғани мінер ақбоз ат

Ғани марқұм есіме түскен сайын, неге екенін қайдам, Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат» деген әңгімесі ойға оралады. Әңгімеде талабы зор, дарынды Тортай үлкен қалаға барып, оқу оқи алмай, ауылда қалып қояды. Жазушыда осыған қынжылыс бар.

Менің шәкіртім Ғани да ауылда қалып қойды. Алысқа шыға алмады. Жасынан денсаулығы көтермеді. Әйтпесе, әжептәуір сазгерлік қабілеті бар еді. Әуелетіп ән де салатын. Ауылдың шағын клубында, заманның кең кезінде Қараегіннің көркемөнерпаздар үйірмесін де басқарды.

«Әттең, нота білмеймін, аға. Әртүрлі  әуендер жан-дүниемді әлдилейтіні бар», – деуші еді кездескен бір сәттерде. Кезінде көмек қолымды соза алмағаныма өкінемін. Әйтпесе, кім біледі, өмірдегі өз орнына қонар ма еді?
Анау Әлтай құрдасы (ол да бір кездегі оқушым) бірде амандық-саулықтан кейін, хал-жағдайын сұрасам: «Хал-қайыр, Әлтай-Жалайыр» деп тұр, қасқайып.
Ойға қалдым. Біз – арғынбыз. Кәрібаев Жолдыбай әкеміз Жалайыр еді. Қорғалжынның Қараегінінде жалғыз үй болатын. Балаң кезімізде Жалайыр деген сөз құлаққа тосындау естілетіні де рас еді.
«Қазақтар қаша көшіп ұрыс салды, бетпақта адастырды қалмақтарды. Еділ-Жайық,  Арқаға  қазақ ауып, Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды. Бостырып Жалайыр мен Наймандарды, Алтай мен Алатауды қалмақ алды» Қожаберген жырау осылай толғайды, өзінің «Елім-ай» жырында. Жалайыр тайпасының Арқаға қоныстану тарихынан сыр шертеді.
«Он екі ата ол жақта, Тарақ деген жұртым бар. Ақкөбікті өлтірген, Орақ батыр мықтым бар. (Тарақ – Ұлы жүз Жалайыр руының арғы атасы. Ақкөбік – ХVIII ғасырдағы ойрат-қалмақ батыры.)
Жамбылдың ұстазы, «Менің пірім-Сүйінбай» деп құрмет тұтқан Сүйінбай Аронұлы өзінің қырғыз Қатаған ақынмен атақты айтысында Жалайыр руын тамаша сипаттайды. Ғанилардың арғы аталары Орақ батырдай мықтының өзі болса керек.
Бір өкініштісі, Ғани өмірден жападан-жалғыз өтті. Есесіне құрбы-құрдастары құрметтей білді. Елу жасында жеңіл көлік мінгізді. Ғани қайтыс болғанда достары, Қараегінде құлын-тайдай бірге тебісіп өскен құрдас-сыныптастары Сабырдың Сембегі, Мақыштың Әлтайы, Нығыманның Нұржаны, Қыстаубайдың                                                         Боранбайы, Тәукеннің Сейілханы, Сағадолланың Нұрбайы тікеден-тік тұрып, қызмет жасады. Әрі жаназа қаржысын мойындарымен көтерді. Бұл үрдіс кейін қырқында да жалғасын тапты. Ал, өз басым, бұрынғы ұстаздары ретінде ағалық рахметімді айттым. Ризашылығымды білдірдім.
Анау Әлтай құрдастары Ғанидың текті атаның ұрпағы екенін біліп жүрсін деген ойдан туған еді, бұл жазғандарым. Мүмкін, парызым да болар. Әрі өзімнің балалық шақтағы досым Мұрат Сәдікеұлы да бір кездескенде «жазсайшы, Тілеубек» дегені бар.
Әттең, Ғани ақбоз атын қаңтара алмады. Өкініш-өмір, тағдыр-талайы сол болды.

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің озық қызметкері.

Астана қаласы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар