Дастарханда ештеңе қалдырмайтын болдық

«Қазақстан әйелдері» журналының кезекті санын қолыма алып, Астана қаласынан Мағзұм қажы Балтабайұлының «Дархандығымыз –  дастарханнан басталады» деген тақырыптағы мақаласын оқығанымда, өзімді де бірнеше жыл бойы мазалап келе жатқан жанайқайыммен бөліскім келді. Оным  қадірлі қонақ болып барып, қайтарымызда дастарханды сиыр жалағандай етіп сыпырып кететін жаман әдеттен  қалай арыламыз деген сауал.

Бәрінен бұрын кейде ұжымдағы өзге ұлт өкілдерінің қазақтың осы салты жаман дегенін естігенде қаным қараяды. Қазақта дастарханды тонайтын салт бұрын болған емес. Менің туып-өскен жерім Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауданы. Өзім ес білгелі қонақ күтудің қуаныш екенін бір адамдай білемін. Себебі, сонау бала кезіміздің өзінде ата-анамыз қонаққа мол дастархан жайып, күнделікті көзің көрмейтін тәттілерді қоятын. Қонақтар кеткен соң «балалар келіңдер, тамақ ішіңдер, сендерге де осы меймандардың жолын берсін» деп жатушы еді. Сонда бала болсақ та байқайтынымыз, дастарханның құты кетпей тұратын.
Ал, қазір дастархан басындағы жағдай қандай? Өзге өңірді білмеймін, біздің Аршалы кентіндегі қонаққа келген жандардың бір ойы, қашан дас-тархан үстіндегіні дорбама сыпырып алсам екен?!. Ораза айында ауызашарға барғанымда да осыған куә болдым.  Ауыз бекіткен жандар алдарына тартылған етті кесек-кесек күйінде бөлісіп алды да, ортаға екі-үш түйір ет турап, дастарханның  қадірін кетірді. Жеп те мәз болмадық. Егер де осылайша табақтағы ет туралмастан дорбаларға сүңгітіле берсе, үстел басына жиналып та қажеті жоқ қой.
Тамаққа шақырған үйдің кішкентай балаларына да түк қалдырмай, пакеттерін толтыра салып алған «ораза ұстаған қадірлі қонақтар» алшаңдай басып, мешітке қарай тартты. Сонда қандай сауапты іс жасадық? Тағы бір түсініксіздеу тұсы, кейбір ақ шашты апаларымыз құран оқып жатқан имаммен жарыса күбірлеп, өз аятын оқиды да отырады. Бұл – бір ауызашардағы ғана көрініс. Ал, қазір ойын-тойды былай қойғанда, кісі қайтқанда да табақтағы етті, дастархандағы шәйдің жабдығын бөлісіп алу белең алып бара жатқаны ешкімге жасырын емес.
Мұны меніңше, имамдар, ел үлкендері болып, тоқтату қажет. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, осымен кейінгі ұрпаққа, жастарға қандай үлгі-өнеге беріп отырмыз?!.

Мәулен АХМЕТҚЫЗЫ.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар