Қимада Есенбайдай ақын өткен

Қазақстан Республикасының құрамында бір кезде Торғай атты облыс болған. Ол 1970 жылғы қараша айында бұрынғы Қостанай облысының Аманкелді, Арқалық, Жанкелдин, Октябрь аудандары мен Ақмола облысының Державин, Есіл, Жақсы, Жаңадала аудандары негізінде құрылған еді. Арада екі-үш жыл өткеннен кейін бұларға тағы бір аудан қосылып, өз алдына шаңырақ көтерді. Атақты Есіл өзені мен оның сол жақ саласы Терісаққан ағып өтетін тұсына орналасқан табиғаты өте көркем бұл аймақ Қима ауданы деп аталды. Біз бүгін өмір жолы мен шығармашылық өресіне кеңірек тоқталып, әңгіме еткелі отырған әйгілі ақын, Терісаққан тарланы атанған Есенбай Сасанұлы, міне, осы Қима жерінің тумасы болып табылады.

Есенбай Сасанұлы 1843 жылы Тарбағатай етегіндегі Шәуешек қаласында Маймақұлы Сасан деген кісінің отбасында дүниеге келген. Ақын бабамыздың өз ата қонысы Терісаққан бойында емес, сонау Тарбағатай жерінде тууының өзі сол кездегі алма-кезек болып ауысып жататын замана ағымына байланысты болған сияқты. Шежіреге жүгінсек, сегіз ата Қарауылдың бір баласы Бектауыл деген кісіден Түрікпен, Өтей, Меңіс есімді ұрпақтар тарайды. Түрікпеннен Қанай, Асан, Үсен, Қошқар деген балалар туады. Үсеннен Жиенбай, Жиенбайдан Тілеуберді (ол кісіні замандастары құрмет қылып Тілеуатаң деп атайды екен) тарайды. Тілеуатаң бала кезінде шешесіне еріп Тарбағатай жағындағы нағашы жұртына барады. Ол кезде қалмақ-қазақ соғысы жүріп жатқаны тарихтан белгілі. Батыр бабаларымыз атақты Абылайдың ақ туының астына бірігіп, Қабанбай, Бөгенбай батырлардың қол бастауымен басқыншы жауды қазақ жерінен қуып шыққанын да тарихтан білеміз. Ұзара аққан Есіл өзенінің жоғары жақ екі бетінде «Сарыоба» және «Бесоба» деп аталатын екі қорым ескі тарихтан әлі күнге сыр шертіп жатқандай секілденеді. Сол бір ала сапыран кезеңде елінен кеткен жас бала Тілеуберді Құдай жарылқап өсіп-өніп, алпыс шамалы үй болған деседі. Солардың бірі Сасанның қара шаңырағы. Сасаннан бес бала тараған. Есенбай сол балалардың ең үлкені екен. Шаңырақ иесі болғандықтан үй тіршілігінің бар салмағы өзіне түсіп, ерте есейеді. Бай ауылдың қойын бағып, қиыншылық та көреді. Сөйтіп, қой соңында шаршап жүріп бір күні талығып ұйықтап кеткен ғой. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде ақ сақалды бір абыз қария келіп аян береді. «Жапан далада тектен-текке жатып алмай ел аралап, қызық көр», – дегенді аңғартады. Ояна салысымен өз-өзінен күбірлеп, тіліне әлде бір сөз оралғандай күй кешеді. Алабұртқан көңілі алып-ұшып қияға қанат қаққандай болады. Содан бастап бала Есенбай сөзге үйір болып, ойын-той үстіндегі әртүрлі әңгімелерге құлақ түре жүреді. Сөз қуып, естіген әңгімелерінің мән-мағынасын ой елегінен өткізіп, сараламақ болады. Өзі де ойдан сөз шығарып, сонысын жүрген жерінде сыр қылып шерте бастайды. Сөйте-сөйте зерек бала өзінің бойына ақындық өнер қонғанын байқайды. Ойын-тойларда, өнерпаз жастар бас қосқан жерде әркімді іліп-қағып, сөз жарыстырып көреді. Кейбір орынды сөздері ел құлағына  ілігіп, ақын бала, шешен Есенбай атанады. «Он үште отау иесі» дейтін жастан енді ғана асқан кезінде бір тойда қызыққа елтіп қаумалаған қалың жұрт Есенбайды Мыстанай деген ақын қызбен айтыстырады.
Әуелде Қызыр дарып,
берген бақты,
Жаратқан шешен қылып
тіл мен жақты.
Бұл жолға мәшһүр болып
 түскеннен соң –
Қозғайын төре-қара аруақты.
Әр пендеге беріпті әртүрлі бақ,
Қолдасын Арғын, Қыпшақ,
бізді аруақ.
Жасымда атам келіп берген бата,
Сыйындым мен Қызырға,
 көңілім ақ, –
деп шырқайды бала ақын атанған Есенбай сол жолы. Мыстанай қыз сөз арасында «Тойда өлең мұнан бұрын айтқаным жоқ», – деп ескерткенімен, оның оңай сүріне қоймайтын жүйрік екені байқалмай қалмайды.
Есенбайдың Мыстанай қызбен айтысы әжептәуір ұзақ өлең, өзінің мазмұндық құрылымы жағынан күрделі жыр. Онда айтысқа тән әдіс-амалдардың бәрі сақталған. Бірін-бірі кекетіп іліп-қағу да, көсіле сөйлеп, өз басын асыра көрсету де, шежіреге жүгіну де бар. Мыстанай қыз әдеп сақтап, қысқа қайырып отырғанымен неше түрлі жұмбақ айтып, Есенбайдың біліктілік аясын да байқап көреді. Бірақ, Есенбай шалдырмай оза берсе керек. Соны көріп отырған әлеумет айтыста бала ақын Есенбай жеңіске жетті деген бағасын береді, оған шапан жауып, ат мінгізеді. Содан бастап Есенбайдың атағы ақын ретінде асқақтап, келе-келе ол бүкіл орта жүзге мәшһүр болады.
Шамамен 1860 жылдары болар. Жас ақын Есенбай ел аралап жүріп Терісаққан өзенінің Есілге құятын тұсына ел қорғаған ер атанып, атақты Кенесарының жақын серігі болған Баубек батыр келіп, орта жүз Қарауыл балаларының, оның ішінде Бектауыл балаларының басын қосып ел болғалы жатыр екен деген әңгіме естиді. Сол сөз бойынша Бабақ, Сасан, Жаманбай, Найманбай деген беделді ақсақалдар бастап, Қарауыл атасының он екі үйі Терісаққан бойына көшіп келеді. Сол кезде жасы 107-ге келген Қараменде баласы Қызыр қария билік айтып, жаңадан көшіп келгендерге Терісаққан өзенінің «Сарыоба» жақ бетінен Қашар қарасуын бөліп береді. «Қашар маңайын жайлаған мал қысыр қалмас, сиырдың мүйізі көрініп тұрғандай жер екен», – деп Баубек батыр сол жерді қоныс қылып, оған «Жаңа туған» ауылы деген ат береді. Өзінің ата қонысына көшіп келген Есенбай ағайын-туыстарына қосылып, Бектауыл Баубек батырмен жақындасады, оның ақыны әрі сенімді серігі болады. Кенесары, Наурызбай, Баубек батырлар туралы жыр толғап, олардың ерлік ісін паш етеді. Сөйтіп, ақындықпен аты шығып, Ұлытау мен Көкшетау арасында сайран салады. Кербез Көкшенің бұлбұлы атанып, дабысы бүкіл қазақ жеріне жайылған сері Ақанмен танысады. Ақан серінің әндерін айтып, оның өнерпаздық атағын жырға қосып асқақтата түседі.
Есенбай Сасанұлы өмірінің соңғы кезінде Ақан серіні жиі-жиі сағына еске алып, бірге өткізген күндері туралы сыр шертеді екен. «Бір жолы Көкшенің көкорай шалғын, жұпар ауалы жайлауында кездестік, – деп әңгіме айтады екен Есенбай ақын өзінің сырлас достары бас қосқан алқалы жиын үстінде. – Үлкен той болып жатыр еді. Ақан да, мен де тартынбай ән шырқап отырғанбыз. Көп жұрт жиналған киіз үйге бір жігіт кіріп келіп, атақты Орынбай ақынның келіп тұрғанын хабарлады. Ақан екеуміз жүгіріп сыртқа шықтық. Ақан сері ат үстіндегі қарт ақынды қолтығынан демеп түсіре беріп мынадай бір өлең жолдарын суырып салды:
Әссәламу әлейкүм, Орекем-ай,
Бар еді мың кісілік берекең-ай.
Жандарал Тұрлыбекпен бірге
 жүріп,
Үш жүзді қайран қылған
мерекең-ай!
Өзіңе арқа сүйер жар болармыз,
Іні өсіп, асылдарға пар болармыз.
Басың бұлбұл, аяғың
дүлдүлім-ай,
Бір кезде саған-дағы
зар болармыз.
Аттан түсе берген Орынбай ақын мұны естігенде: «Е, мені жоқтайтын інілерім бар екен ғой», – деп көзіне жас алды».
  Бұл естелікті Терісаққан мектебінің алғашқы меңгерушісі болған Мәжікеев Мұқаш жазып қалдырыпты. Мұқаш Есенбай ақынды үш рет көрген екен. Сол кездесулерінің біреуін былай деп әңгімелепті:
– 1913 жыл болатын. Менің мүшел жылым. Көкшетаудың Айыртау деген жеріндегі нағашыларымды іздеп бардым. Амандықұлы Жылқыбай деген нағашымның үйі халыққа лық толы екен. Төрде матадан сырып тіккен жеңіл тымақтың екі құлағын артына қайырып  байлаған аққұба, ақсақалды қарт үкілі домбырасын шертіп ән шырқап отыр. Оның оң жағында жасы сол кісімен шамалас әдемі киінген  ажарлы адам «Шырқат, Атығай, Қарауылдың жүйрігі», – деп қошамет көрсетіп қояды. Бұл екеуінің ән шырқап отырғаны Есенбай ақын екен де, демеп отырғаны Ақан сері екен. Содан көп ұзамай сол жылдың күзінде Ақан серінің дүние салғанын естідік.
Осынау естелікті жазған Мәжікеев Мұқаш ағамыз да Қима жеріне белгілі болған есім. Ол кісінің естелігінен біз Есенбайдың Ақан сері арқылы Арғын, Қарауылдың ардақтысы әрі сөзі уәлі батагөй қариясы атақты Орынбай ақынмен танысып, жақын болғанына да көз жеткіземіз.
Сөз реті келгенде айта кетейін, мен 1986 жылдан бастап қашан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қима ауданында редактор болып қызмет істедім. Сол кезеңде осы ауданның «Терісаққан» кеңшарындағы орта мектептің өлкетану, тарих-этнография үйірмесін басқарған қарт педагог Мырзағали Дүйсенбаев есімді көпті көрген, көкірегі толған қазына, аса білікті бір қария болды. Өзі туып-өскен Есіл бойын, Қима жерін былай қойғанда бүкіл қазақтың өткен тарихы мен бүгінгісін қолмен қойғандай қылып айтып отыратын сөзге ұста, шежіреге жүйрік кісі еді. Мырзаекеңнің көмегімен әрі тікелей араласуымен біз Қимада қызмет істеген жылдары аудан тарихын терең зерттеп, ұмытыла бастаған өткенімізді қайта тірілту, өшкенімізді қайта жаңғырту жөнінде елеулі жұмыстар жүргіздік. Сондай игі істеріміздің ең бастысы Есенбай Сасанұлының ел ауызындағы сөздерін жинап, қағазға түсіру болған еді. Есенбай ақынның ең басты жоқтаушысы да, өлеңдерін, әр кезде айтылып ел есінде қалған жекелеген сөздерін жазып алып қағазға түсірушісі де Мырзағали қария болғанын атап айтуымыз керек. Сол кісінің баға жетпес еңбегінің арқасында Есенбай мұрасы халқына қайта оралып, Есенбай есімі өзінің тарихтағы лайықты орнына ие болды. Оның өлеңдері, ел аузында жүрген қанатты сөздері аудандық «Дала таңы» – «Степная заря» газетінде жарияланып тұрды. Есенбай өлеңдерінің Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде де басылғаны бар. Аудандық газеттің баспаханасынан Есенбай Сасанұлының «Атандым орта жүзге ақын болып» деген шағын жинағы жеке кітап болып басылып шықты. Небәрі 20-30 беттен тұратын бұл кітапшаға ақынның әлдеқалай сақталған ескі суретіне қарап, көзі қарақты қариялардың айтуы бойынша жергілікті суретші салған үлкен портреті, Мырзағали Дүйсенбаев ақсақалдың Есенбай Сасанұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы алғысөзі берілді.
Есенбай Сасанұлының қағазға түскен шығармаларының ішінде «Мыстанай қызбен айтысы», «Кәрілік, жас туралы», «Бала зар», «Дін жөніндегі насихаты», «Мәслихат өлеңі», «Дұғамен ер көгерер» деп аталатын жырлары, Қожабай ақынмен сөз таластыруы, Есіркепке, Тасымға айтқаны сияқты іліп-қақпа сөздері ерекше назар аударуға тұрарлық. Мәселен, «Бала зар» деген өлеңін күрсінбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Бұл өлеңнің шығу тарихы да қызық. Ақын Есенбай орта жасқа келіп, 50-ден асқанша бала көрмеген екен. Соған көңілі пәс болып, іштей зарығып жүргенде Аллаға құлшылық етіп, пірге қол тапсыру үшін Түркістанға барады. Қасиетті Ишанға жолығып, көзінің жасын көлдете отырып жыр төгеді. Ел есінде қалып, бізге жеткен сол «Бала зар» деген өлеңін суырып салып зарлатады.
Жаратқан жаббар Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Өзің медет бермесең,
Жыламай қалай шыдайын.
Өзің медет берсеңші,
Көзімнің жасын көрсеңші.
Рахметі көп бір Құдай,
Жалғыз перзент берсеңші.
Перзент көрмей жүр едім,
Бір перзент үшін жүдедім.
Алпысқа жасым таяды,
Жалғыз перзент тіледім.
Өз құрбымнан кем болдым,
Өлгендермен тең болдым.
Тұяқсыз адам атанып,
Елдегі сорлы мен болдым, –
деп тебіреніп, ұзақ зарланады. Есенбайдың зарын ұйып тыңдаған Ишанның жүрегі елжіреп «еліңе қайт, Құдай жазса, перзент көресің, бір емес, үш перзентті боласың» – деп ақ батасын береді.
  Көзінің жасын иіп, Құдай жарылқап Есенбай көп ұзамай шынында да перзентті болады. Елге қайтып келген соң Әбдірамазан, Әбдікәрім деген екі ұл мен Жәмила есімді қыз бала көреді. Әбдірамазаннан Күләш деген қыз туған екен. Оның Бағдат деген ұлы сол кезде «Терісаққан» ұжымдық кәсіпорнының Байжігіт ауылында тұрып жатқанын көрдік. Әбдікәрімнен туған Еркін деген бала Көкшетау жағында тұрады деп естігенбіз. Ал Жәмиладан қалған Есенғұл деген кісі «Терісаққанға» көршілес «Ростов» шаруашылығында  тұрғанын білеміз. Қима ауданынан шығып, Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына бара жатқанда «Ростов» кеңшарына бұрылып, сол Есенғұлдың отбасына соғып өткеніміз де бар.
Жоғарыда айтылған деректерге қарағанда Есенбай Сасанұлы өз уақытының танымал тұлғасы болғанына күмән жоқ. Оның атақты Ақан серіге жолдас болып, талай жерде бірге жүргені, бірге отырып, мәслихат құрғаны туралы айтылды. Көне көз қариялардан Есенбай ақынның атақты Үкілі Ыбырайдың жиені Тайжан Құлмағамбетұлымен де жақсы таныс болғанын естідік. Тайжан жас жағынан кіші болса керек, Есенбайға жиі келіп, одан сөз үйренген деседі. Осыларға қоса ерекше атап өтерлік бір мәселе, Есенбайдың ақындықпен ел аралап жүріп ұлы Абаймен кездесуі, әдейі іздеп барып сәлем беріп, Абайға сөз бағалатуы дер едік. Бұған дәлелді біз 1988 жылы басылып шыққан «Айтыс» деген жинақтың екінші томынан алдық. Онда Есенбайдың Қожабаймен айтысы берілген. Сол айтысқа Абай төрелік етіпті. Екі ақын сөз додасына түсіп қыза келе бірін-бірі іліп-қағып, қатты кете бастаса керек. Соны байқаған Абай Есенбайдың ақындығын жоғары бағалай келіп: «Шырағым жас та болсаң жол сенікі, сөзіңе әділ айтқан жоқ таласым», – деп Қожабайға тоқтау айтады.
Есенбай Сасанұлының сөздері көпке дейін ескерілмей, жиналмай келді. Осы кемістік 1990 жылдары ғана түзетіле бастады деп айтуға болады. Сол тұста Есенбай есімі жиі-жиі ауызға алынып жүріпті. Біздің республикамызда бір жылдары «Халық кеңесі» деген беделді газет шығып тұрғанын көзі қарақты оқырман қауым ұмыта қойған жоқ шығар. Газеттің 1992 жылғы 29 желтоқсан күнгі нөмірінде көкшетаулық белгілі жазушы Сарбас Ақтаевтың «Терісаққан тарланы»  деген көлемді мақаласы жарық көрді. Автор Есенбай Сасанұлының шығармаларына терең талдау жасай келіп, оның өресі биік, өрісі кең дүлділ ақын екенін атап көрсетеді. Сөйтіп, «Атандым орта жүзге ақын болып», – деп Есенбай   атамыздың өзі айтқандай, оның көркем тілді, алғыр ойлы өлеңдері барша қазаққа ортақ асыл қазына, өлмес мұра болып табылды деген қорытынды жасайды. Мұның өзі республикалық деңгейдегі баспасөзде Есенбай Сасанұлының шығармашылығына берілген алғашқы әділ баға екені талас тудырмайды.
  Асқақ ақындығының үстіне Есенбай күнделікті тірлікте «мен сондаймын» деп кеуде көтермейтін өте қарапайым, тіпті аңғал адам болыпты. Бір ретте ауыл сыртында жайылып жүрген атын ұстап алып, үйіне келсе, қайыс тұсамысы жоқ болып шығады. Әлгінде ғана ат аяғынан шешіп алған тұсамысты олай іздеп, былай іздеп таба алмай қояды. Мүлде таба алмаған соң шаршап, «бұйырмаған дүние болды ғой, бұл шіркін» деп іздеуді доғарады. Содан атына мініп, түс ауа бір ауылға барып түседі ғой. Үйге кіріп, белбеуін шешсе, бір тұсамыс жерге сусып түсіпті. Есенбай: «өй, мынау менің тұсамысым сияқты екен», – деп еңкейе бергенде үй иесі: «оған кім таласады, әлгінде  ғана белбеуіңізге қыстырулы жүргенін көргенбіз» –депті. Өз аңқаулығына өзі ұялған Есенбай көпке дейін жасаулы дәмге отыра алмай күле беріпті деседі. Соған қарамастан Есенбай өзгенің мінін көріп бетіне айтуға, әлдеқалай орын алған олқылықты көре қалып күлкіге, әзіл-қалжыңға айналдыруға да шебер болыпты. Мәселен, ауылдың Кержік деген бір бай адамы Әжібек атты жалғыз ұлының сүндет тойына арнап тай сойса, онысы жілігі татымайтын арық болып шығыпты. Соны Есенбай:
Арық тайдың еті еді,
Тұзбен дәмі жетеді.
Құдайдан сұрап алған
 Әжібекке
Кержік-ау, бір семізін
 сойсаң не етеді? –
деп мысқылдаған көрінеді.
Бір жиында Есенбай ақын ел жақсыларының атын жырға қосып мадақтап отырады. Бір уақытта жиылған жұрт: «Тасым мырза туралы айтыңыз, Тасым мырзаны…», – деп елеурейді. Тасым осы өңірдің бір мықты бай адамы, әрі мырза атанып жүрген белгілі азаматы болса керек. Бұдан бұрын бір кездескенде Есенбай оны мақтап жырға қосса керек. Соған риза болған Тасым ақынға бір семіз қой беріп жіберемін деп уәде қылады. Бірақ, артынан уәдесін ұмытып, қойын бермей кетеді. Содан кейін тағы бір үлкен тойда Есенбай өлең айтып, ән шырқап отырған үстіне Тасым келіп кіреді. Отырған ел оны әспеттеп: «Тасым мырза келді, Тасым мырза!», –деп төрге шығарады. Ұрымтал жерден ұрып қалатын Есенбай:
Баласы Тышқанбайдың
Тасым мырза,
Құдайға қылған ісі ғасыл
мырза.
Бір қойды беремін деп бермей
кеткен,
Бола ма атасының басын
мырза!» –
деп тіліп түсіп, Тасымды жерге кірердей қылған екен.
Есенбай ақын айтыпты дейтін мұндай өткір сөз, ұтымды ұйқастар аз емес. Бірақ, ол оңай айтылатын ойын сөз, қалжың-қылжаққа онша үйір болмаған деседі. Бізге жеткен сөздерін зерделеп отырсаң, оның көп оқыған, көпті көрген дана адам болғаны, әсіресе, қартайған кезінде ел ағасы атанып, еліне, аузына қарап айтқанын тыңдаған ағайын-туыстарына, дос-жарандарына ақыл беріп, үлгі көрсетуді көздейтіні байқалмай тұрмайды. Өз өлеңдерінде Есенбай ақын елді бірлікке, татулыққа,  кісілік пен кішілікке шақырады. Жақсы болуға үндейді.
Жақсымын деп және де
асып-таспа,
Асып-тасқан ерлердің
орны басқа.
Ұлық болсаң, кішік бол
деген сөз бар,
«Әй, кәпір!» атанбаңдар
 қарындасқа, –
деген аталық сөздері әлі күнге асқақ естіліп тұрған жоқ па!
Есенбай Сасанұлы 1925 жылы жасы сексеннен асқан шағында қайтыс болып, өзінің ата қонысы Терісаққан жерінен мәңгілік мекенін тауыпты.
…1993 жыл. Ол кезде Қима елі әлі өз алдына дербес аудан болып тұрған. Қазір ол Ақмола облысының Жақсы ауданына қарайды. Міне, бұрын Қима деп аталған сол ауданда Есенбай Сасанұлының 150 жылдығы кеңінен аталып өтті. Ең әуелі ақынның Терісаққан жеріндегі зиратының басына құлпытас орнатылып, оған «Есенбай Сасанұлы. 1843-1925 ж.ж.» деген сөздер ойып жазылды. Өзіміз білетін Мырзағали бастаған қарттар ақынның аруағына бағыштап Құран оқыды. Ақынның жоғарыда аты аталған немересі Бағдат Есенбаев  мал сойып ас берді. Оған Ақмола, Көкшетау, Арқалықтан, басқа да  облыс, аудандардан келген қонақтар қатысты. Есенбай жыры ән болып шырқалды, қыран қанатына айналып, көк аспанда самғады. Сол дүбірлі той  «Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» деген сөздің алғаусыз ақиқат екенін тағы бір паш еткен еді.
2015 жылы Есенбай Сасанұлының ол дүниелік болғанына 90 жыл толады. Бүгін біз келтіріп өткен деректерден байқалып отырғанындай, Есенбай жалғыз Қима өңіріне ғана емес, Көкшетау мен Ұлытаудың арасында сайран салып, дабысы шығыстағы сонау Тарбағатайдан бүкіл Арқа жеріне жетіп, кеңінен танымал болған айтулы тұлғалардың   бірі. Ол әдейі іздеп барып Абайға сөз сынатқан, Ақан серінің жанына ерген, орта жүздің батагөй қариясы деп танылған дүлдүл ақын Орынбаймен танысып, мәжіліс құрған кісі. Сондықтан, ұлы Абайды құрметтей білетін, Орынбай Бертағыұлы мен Ақан сері Қорамсаұлы сияқты саңлақтарын ардақтап үйренген Арқа жерінің азаматтары Терісаққан тарланы Есенбай Сасанұлының да есімін еске алып, аруағына дұға бағыштаудан жаңылмас деп ойлаймыз.

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ,
қарт журналист.
         

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар