Қараталдықтар қатардан қалмайды

Аудандағы Қаратал ауылында бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп, шама-шарықтарынша өз істерін алға бастыруға тырысуда. Сонау 1905 жылы Ресей жақтан осы маңға қоныс аударғандар жергілікті тұрғындармен тез тіл табысып, бір атаның балаларындай күй кешуде.

Солардың бірі – Владимир Петрович Земляный. Бүгінде ол нарықтық қатынастарға тез бейімделіп, шаруасын «дөңгелетіп» отырған кәсіпкерлердің бірі. Оның меншігінде 37 бас ірі қара мал, 20 шошқа және бір үйірдей жылқы бар.
– Сырттан келетін көмек жоқ, сондықтан, өз күнімізді өзіміз көруге үйренгенбіз, дейді ол.–Бүгінге дейін қысқы маусымға 97 тонна шөп, 35 тонна жем дайындап алдым. Енді қыстан қысылмай шығуға мүмкіндік жеткілікті.
Айтпақшы, кәсіпкердің айтуынша, ол асырап отырған малдардың еттерінің сапасы бүгінде ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары алыс шет елдерден қыруар қаржыға сатып әкеліп жатқан асыл тұқымды малдардың еттерінен де сапалы екен. Әрине, мұның қаншалықты әділ екендігін мамандар айта жатар, дегенмен, өз аяғымен оттаған малдың еті өте дәмді болатындығын кез-келген қазақ біледі ғой. Шынында да, «малдың күйі тілінде екендігі» рас болса, Владимир Земляныйдың айтқаны ақиқаттан алыс кетпеген болар. Владимир Петрович өсірген малдардың еті Астана мен Қарағанды қалаларындағы сауда орындарында сатылады. Рас, ол әзірге етті делдалдар арқылы өткізуге мәжбүр. Яғни, табыстың бір бөлігі өзгенің қалтасында кетеді деген сөз. Кәсіпкерге  екі баласы  Петр мен Юра көмектеседі.
– Өкінішке орай, ауылда мектеп жабылып қалды, – дейді кәсіпкер. – Осының салдарынан жастар ауылда тұрақтамай, қалаға, аудан орталығына көшіп жатыр. Яғни, ауылда жұмыс күші азайып барады. Бұл да өз кезегінде істің алға басуына кері әсерін тигізуде.
Осы ауылдағы «Қаратал» шаруа қожалығы да Астананың азық-түлік белдеуіне өз үлесін қосуда. Анатолий Меньшиков жетекшілік ететін бұл шаруа қожалығында 229 гектар егіс алқабы болса, оның 102 гектарына арпа себілген екен. Шаруашылықта биыл әр гектардан орта есеппен 13 центнерден өнім жиналыпты. Бұл Ерейментау ауданы үшін біршама жоғары көрсеткіш деуге әбден болады.
Шаруа қожалығында сондай-ақ, ірі қара мал да бар. Оның ішінде 40 бас мал бордақылауда тұр. Шөп те, басқа мал азығы да жеткілікті. Яғни, өнім де өз деңгейінде болады деген сөз. Шаруа қожалығы жетекшісінің жұбайы Светлана болса, саудамен айналысады. Бұл да шығарылған өнімді тиімді сатуға өз септігін тигізеді. Қысқаша айтқанда, шағын ғана шаруа қожалығының өзі жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсең,  біршама мол өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар