Домбыраның үнімен үндесіп жатады

Менің ұлтым орыс болса да, жастайымнан қазақ тілін үйренуге талпындым. Бүгінде ауданымыздағы Өлеңті орта мектебінің 9-қазақ сыныбында оқимын.
Жалпы, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет екендігі ақиқат. Менің пайымдауымша, қазақ тілі өзінің кең даласындай кең ауқымды, өте бай тіл.

Тіпті, қазақ сөздері маған даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрғандай әсер қалдырады. Қазақ тілінің  әдемілігі мен байлығына, өткірлігі мен орамдылығына, көркемдігіне талай елдің ақындары мен ғалымдары, тіл мамандары таң қалған ғой. Олардың арасында Радлов, Мелиоранский, Паустовский сынды белгілі тұлғалар бар. «Қазақ тілі–түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың ауыз әдебиеті аса бай, әрі жан-жақты. Олар  әрдайым мақалдап-мәтелдеп сөйлейді, тіпті  жай сөздерінің өзі өлең боп құйылып жатады» деп бағалаған да осындай ғалымдардың бірі болатын. Бұған қазақ тілінің сөздік құрамының да өте бай екендігі айғақ болса керек. Мәселен, қазақ тілінде 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес, барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің он томдығы» осы сөзімізге дәлел.
Қазақ тілін бүкіл әлемге танытқан ұлы Абай хакім мен Мұхтар Әуезов. Міне, тілдің осындай қадір-қасиетін білген жан өз тілін ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін де ана тілі мен ата дәстүрі десем, ақиқаттан алыс кетпегендігім болар.
Рас, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап түрлі себептерге орай, Қазақстанда қазақ тілінің қолданыс аясы біршама кеміді. Бұл үрдіс әсіресе қалаларда байқалды. Сондықтан да мемлекеттік ұжымдарда қазақ тілі екінші кезекке сырылды. Тіпті, тұрмыстық деңгейде ғана, оның ішінде шалғай ауылдарда ғана қолданылатын күйге түскендігі ащы да болса шындық екендігін естіп жүрміз. Бүгінде де «әттеген-айлар» байқалады. Дегенмен, «сең бұзылды». Қазіргі таңда мемлекеттік тіл қарқынды дамып келеді деуге болады. Оның айғағы ретінде мемлекеттік тілді тек қазақтар ғана емес, Қазақстанды мекендейтін басқа этнос өкілдерінің де жетік біле бастағандығын айтуға болады. Солардың қатарында мен де бар екендігімді мақтан тұтамын.
Жалпы, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының ұлттық тілі. Яғни, Қазақстанды өз Отаны санайтын, Қазақстанды мекендейтін этностар өкілдерінің бәрі де мемлекеттік тілді білуге міндетті. Әрине, жасы ұлғайған адамдарға қиындау екендігі белгілі. Ал, жастар болса, тез үйренеді. Тек ынта керек. Сондай-ақ, бала бақшадан бастап үйрету қажет. Сонда ешқандай қиындық тумайды. Мұны мен өз тәжірибемнен айтып отырмын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп дұрыс айтты. Біз, жастар  әлем таныған ел болу үшін қазақ тілінің жұлдызын биіктетуіміз керек. Мен де мемлекеттік тіліміздің кең өріс алуына өз үлесімді қосып жүрмін деген сенімдемін. Барлық құрбыларымды осыған шақырамын.

Диана КУЗНЕЦОВА,
Өлеңті орта мектебінің 9-сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар