Ереймен өңірі: ілгерілеу көкжиегі

Ерейментау ауданы облысымыздағы табиғаты сұлу, экономикасы бірқалыпты дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жалпы, Ереймен атырабы қазақтың хас батыры, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың, батырлығы мен ақындығы астасып жатқан Үмбетей жыраудың, одан беріректегі кең сахараны еркін жайлап, әншілігімен, серілігімен алты Алашқа аты жайылған Иманжүсіптің есімдерімен тығыз байланысты.

Бүгінде Ерейментау ауданында тау-кен, егіншілік пен мал шаруашылығы салалары экономиканың негізін құрайды. Рас, аталмыш ауданның жерінің құнарлылығы облысымыздың теріскей орналасқан аудандарына қарағанда біршама төмендеу. Оның есесіне мұнда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібі, оның ішінде көмір өндіру қолға алынғалы жағдай біршама алға басқан сыңайлы.
Ауданда барлығы 28825 адам тұрады. Үстіміздегі жылдың деректеріне сүйенсек, басқа жаққа қоныс аударғандар саны көшіп келушілерге қарағанда едәуір көп. Нақтырақ айтар болсақ, 2014 жылдың қаңтар-шілде айларында ауданнан 547 адам көшіп кетсе, келгендер саны тек 76-ақ адам. Мұндай жағдайдың түрлі себептері бар болар, дегенмен, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі барды» еске алсақ, ойлануға тұрарлық мәселе. Сайып келгенде, уақыт үдере көшу көп болған өткен ғасырдың 90-шы жылдары емес қой.
Құрамында бір қала, 10 ауылдық округ бар ауданда биылғы жылдың  қыркүйек айына дейін 3711 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған екен. Салыстыру үшін айта кетсек, бұл оның алдындағы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда біршама төмен көрсеткіш. Сондай-ақ, тау-кен өндірісінде де өнім өткен жылға қарағанда аз. Мәселен, аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің үлес салмағы 54,1 пайызды құрайтын бұл сала 2008,7 миллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 85,8 пайыз ғана. Аудандағы ең ірі кәсіпорын саналатын «Он Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл басынан бері 1137,0 тонна көмір өндірсе, бұл да оның алдындағы жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Дегенмен, сатып алушылар ауқымы көбейетін болса, аталмыш кәсіпорынның мүмкіндігі жетерлік. Яғни, нарықты кеңірек зерттеп, істі одан әрі дамытуға болады. Бүгінгі таңда бұл мәселе қолға алынған. Демек, жағдайдың жақсара түсетін сәті де алыс емес деуге болар.
Әрине, аудан экономикасының қарқынды дамуына индустриализация мәселесінің де әсері мол екендігі белгілі. Бұл тұрғыда біраз шаруа қолға алынған екен. Айталық, аймақтық Индустриализация картасы аясында қуаты 45 МВт болатын Жел электр станциясын салу жобасы іске асырылуға тиіс. Бұл  жұмыстар басталып та кетті. Сондай-ақ, болат құбырлар шығару жобасы да бар. Алайда бұл жобаны жүзеге асыру 2015 жылға шегерілген. Бірақ, 2015 жылдың да «қыр астында» ғана екендігін ескерсек, ол кәсіпорынның да ашылуы көпке ұзамаса керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданда егіс саласына иек арту мәселені шешпейтіндігі белгілі. Соған қарамастан, мұнда дәнді дақылдар себу назардан тыс қалған емес.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында барлығы 5061,3 миллион теңгенің өнімі шығарылған. Есепті кезеңде аудан шаруашылықтары тірідей салмақпен 5791,1 тонна  мал мен құс етін өндірген. Бұл өткен жылға қарағанда 104,7 пайызды құрайды. Яғни, мал шаруашылығында аз да болса, алға басушылық бар деген сөз. Сонымен қатар, сүт, жұмыртқа өндіру де біршама артқан. Әрине, мал өсіру тұрғысындағы Ерейментау ауданының мүмкіндігі өте мол. Яғни, қол жеткен табыстарға тоқмейілсудің қажеті жоқ.
Ал, егіс саласына келетін болсақ, 2014 жылы меншіктің барлық түріндегі құрылымдар 102256 гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар  сіңірсе, оның 71377 гектары астық. Нақтырақ айтсақ, 53 мың гектардан астам жерге бидай (барлық алқаптың 69,8 пайызы), 17739 гектарына арпа мен сұлы себілген. Сондай-ақ, 12521 гектарға майлы дақылдар, 255 гектаға картоп, 71 гектарға көкөніс , 11662 гектарға біржылдық және 6310 гектарға көпжылдық шөп себілген. Кейінгі уақытта ылғал үнемдеу технологиясы да кеңінен пайдаланыла бастағандығын атап өту керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданда ірі қара мал саны өткен жылға қарағанда біршама азайған. Дегенмен, бұл арада ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарындағы мал санының көбейгендігін атап өту керек. Ал, жалпы мал бастарының азаюы негізінен, жеке меншіктегі мал санының кемуінен туындап отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, кейінгі уақытта тұрғындар үшін жеке қораларда мал асырау тиімсіз болып тұр. Сондай-ақ, биыл өткен жылға қарағанда, ауыл шаруашылығы құрылымдарында қой-ешкі саны өткен жылға қарағанда бір жарым еседен артық өскендігі көңілге үміт ұялатады. Сонымен қатар, жылқы малы да едәуір көбейген. Мұның бәрі сайып келгенде, Астананың азық-түлік белдеуіне Ерейментау ауданының да қосар үлесінің қомақты болуына мүмкіндік беруге тиіс.
Бұл орайда Ерейментауда да әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары қолға алынғандығын айту керек. Мәселен, осы бағдарлама аясында «Адал-нан» (Ақмырза ауылы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінде тауарлы-сүт фермасы ашылды. Мұнда мал қоралары жөндеуден өткізіліп, 174 бас аналық сиыр әкелінді. Келесі жылы тағы да 300 бас сүтті сиыр сатып алу межеленген. Ал, әзірге қолдағы бар малға қажетті жемшөп жеткілікті дайындалған. Сондай-ақ, тұрғындардан сүт сатып алу үшін «Надежда» шаруа қожалығы Ақсуат ауылында сүт салқындататын қондырғы орнапты.
Ауданда етті ірі қара мал өсіруді дамыту жұмыстары қолға алына бастағандығы қуантады. Мәселен, «Бозтал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінде мүйізді ірі қара мал бордақылау алаңын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 101 бас аналық сиыр мен 7 асыл тұқымды бұқа әкелінген. Жалпы, жыл аяғына дейін мұндағы мал санын 200-ге жеткізу межеленген.
Ендігі бір айта кетер жаңалық, ол–ауданда қаз өсірудің қолға алынуы. Осы уақытқа дейін қаз асыраумен тек жеке үй иелері ғана айналысатындығын ескерсек, бұл өте бір игі бастама болды деуге болады. Аудандағы Жаңажол ауылында орналасқан «Тиянақ Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылына 80 тонна қаз етін шығаратын арнайы ферма ашылды. Бүгінде мұнда 22891 қаз өсірілуде. Осы уақытқа дейін барлығы 15,0 мың қаз сатылған. Ауданда ет өндірумен айналысатын басқа да кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Оның айғағы ретінде «Әділбеков» шаруа қожалығының Астанадағы сауда орындарында 6,5 тонна қой етін сатқандығын айтуға болады. Енді осыған Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасы аясында 140 гектар алқапта картоп себілгендігін қоссақ, ауданда біршама істің беті қайтарылды деуге болады. Әрине, мұның бәрі әзірге онша жоғары көрсеткіш деуге келмес. Алайда «сең бұзылды», жұмыс жандана бастады. Яғни, белгіленген межеден көрінер күн де алыс болмас.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар