Антымызға адал болуды ойладық

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары күн санап кеміп келеді. Ендігі арада жастарға патриоттық тәрбие беруде олардың орнын ауған соғысына қатысушылар баса түсетіні анық. Бүгінде облыста сол бір  қарша бораған оқтың ортасынан аман келген 915 жауынгер-интернационалист бар.

Мен  аталмыш ардагерлер ұйымына кездейсоқ басшылық жасап отырған жоқпын. Өзім де сол соғысқа қатысып, талай қарулас жолдасымнан айырылған  адаммын. 1978 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге Польшаға  жіберілдім. Ал, 1979 жылдың 27 желтоқсанында Өзбекстанның Какайта елді мекені арқылы Құндызға, одан штабымыз орналасқан Жалалабатқа жол тарттық. 357-ші тікұшақ полкі тұрған Гордезде де болдым.  Бейбіт заманда өмір сүріп, соғыс дегеннің не екенін білмеген бізге Ауғанстандағы жағдай басында әрине, тосын болды.  Дегенмен, Отанға берген әскери антымыз бар ғой.  Соған адал болуды ғана ойладық.
Жалпы, бұл соғысқа өңірімізден 1113 адам аттанса, оның  61-і елге оралмады.  Бұл деректер бұрынғы Көкшетау облысының бес ауданының қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына берілуіне байланысты әр жерде әр түрлі көрсетіледі.  Қалай десек те, майданнан келгендердің өзінің саны күн санап азайып барады.  Бір жағынан жарылыс, бір жағынан  атысты көріп келген, өзі де ажал аузынан әзер аман қалған жандарда қандай денсаулық болсын. Тек былтырдың өзінде 12 жауынгер-интернационалист өмірден озды. 
Бүгінде басқа жұрт сияқты ауғандық жауынгерлердің де проблемалары жетерлік.  Арамызда сол соғыста ерлік көрсетіп келсе де, немере сүйіп, ата атанған күннің өзінде жатақханада тұратындары бар. Біз осы баспана мәселесінің оң шешілгенін қалаймыз. Жауынгер-интернационалистерге үй салып, шаруашылығын өрістетуге облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы ипподром маңайынан біраз жер бөлінген болатын. Прокурорлық тексеріс жүргізіліп, бұл негізсіз деген желеумен жартысын қайтарып алып қойды. Мұны да билікке жиі құлаққағыс етіп жүрміз. Байтақ даламыздан біздерге ұлтарақтай жер берілсе, көп етпейді.
Кешегі соғысты көрген ерлер жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінен тыс қалып жатқан жоқ. Аудандарда мектеп оқушыларымен кездесулер өтіп тұрады. Спорттық сайыстар мен патриоттық әндер байқауын ұйымдастыру, жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімдеріне қатысу дәстүрге айналды. «Қиын балалар» деп аталып жүрген жасөспірімдермен де тәрбие жұмыстарын қолға алмақ ниеттеміз. Байқаусызда тентектік жасап, сол арқылы  есепке қойылған оларды өзектен тебу арқылы бұл мәселені шеше алмаймыз. Керісінше, ондай балаларды бауырымызға тартқанымыз жөн.  Түнгі алаудың басында солармен бірге әскери әндерді шырқап, еркін сырласа білсең, олардың өздері-ақ, қателік жасап жүргендерін түсінетін болады. 
Бұл бағытта бізге тым болмаса, бір жертөленің бөлінгенін қалаймыз. Неге десеңіз,  ауғандық жауынгерлер арасында спортпен шұғылданатындар өте көп. Міне, сол әлеуетімізді «қиын балаларды» спортқа баулуға пайдалансақ дейміз. Жаңылмайтын  жақ, сүрінбейтін  тұяқ болмайды ғой. Олардың тәрбиесімен біз айналыспасақ, кім айналысады?
Сөз соңында, кеуделерін оққа тосып, Отан алдындағы борыштарын адал атқарған жауынгер-интернационалистердің ерлік істерінің кейінгі ұрпаққа  үлгі екендігін атап өткім келеді. Аға ұрпақтың, біздердің ерлікке толы өмірінен жастар сабақ алса екен деймін. Батыр атану үшін майданда қаза табу міндетті емес қой. Сондықтан,  арамызда  жүрген ардақтыларымызды бағалай білейік.

Дуанбай ЫБЫРАЙ,
облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар