Ұмытылмас өмір мектебі

Менің ойымша, өзін ер азаматпын деп санайтын әрбір жас жігіт үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – басты парыз. Әскер – ой-санамызды қалыптастыратын үлкен орта.

Өзім оқуымды бітіріп, екі жыл жұмыс істегеннен кейін әскер қатарына шақырылып, Қарағанды облысы, Саран қаласындағы  6505 әскери бөлімінде азаматтық міндетімді атқардым. Әрине, ата-ананың қолында еркелеп өсіп, ересек өмірге енді ғана бет бұра бастаған шағымда бірден басқа ортаға тап болу өте қиын болды. Тіпті, шыдай алмайтын шығармын деп, өзіме күмәнмен қараған кездерім де есімде. Мен мұндай қобалжудан  тек елге қорған болар ер азамат екенімді ойға алып,  жігерімді жану арқылы ғана  шықтым.
Кейбіреулерге тым қатаң көрінетін әскери тәртіпке де бойым үйреніп, кейін ол дағдыма айналды. Әскерден ауылға келгеннен кейін көп достарым мінезімнің – салмақты, өзімнің – жинақы бола бастағанымды айтатын.  Иісі қазақ баласына ерліктің асқан үлгісі саналатын Бауыр-жан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген аталы сөзі бар ғой. Бұл осы күні нақыл менің де негізгі өмірлік ұстанымым. Менің ойымша, әскер – ер азаматтың бойында тағдырдың небір өкпек желіне қарсы тұруға қауқарлы мінез қалыптастырады.
Бұған қоса, ол дос табатын керемет орта. Әскерде шыңдалған достық, сірә, мәңгілік достық. Бейтаныс адамдардың ортасында, тар жерде жүріп, басыңа іс түскенде, сенің қасыңнан табылған, адам сенің сеніміңе  лайықты жан. Ал, әскердегі қызықтар өз алдына жеке әңгіме ғой. Жаңа жылды айтсаңызшы. Жақын-жуық, дос-жаран, таныс қыздарсыз қарсы алған мереке де  өзінше бір қызық. Бүгін мен сол күндерімді, әскерде бірге болған достарымды сағынамын.
Әрі барлық қатарластарымды әскерден қашқақтамауға, Отан алдындағы борыштарын адал атқаруға шақырамын.

Сұңғат ӘБІКЕЕВ.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар