Еліне бір кісідей еңбегі бар

Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді, жыртылды.
Қан жылап тұрған жүрекпен,
Жұбатам қалай жұртымды?!
Жасырып жерге мәрт ұлды,
Жұбатам қалай жұртымды?!

Бұл тамаша ақын, бүгінде арамызда жоқ Сәкен Иманасовтың заңғар жазушымыз Әнуар Әлімжановты жоқтау жырынан үзінді. Көкшетау өңіріне есімі белгілі, еліне бойындағы күш қуатын, білімін, оның көркеюі жолында терін төгіп, айшықты ізін қалдырған Есләмбек Қасқаровтай абыз ақсақалымыз өмірден өткенде тіліме емес, жүрегіме осы шумақ орала берді. Шынайы ел ағасы еді. Жаратушының жазуына амал нешік! Еңіредік, жыладық, бұдан ештеңе шыққан жоқ. Мір тілді аға еді. Ақылгөй аға еді, өз аймағына дана еді. Қолымда Есекеңнің 2011 жылы жарық көрген «Замана соқпақтары» кітабы. Соның алғы сөзінде автор: «Адам дүниеге келеді, өмір сүреді, дүниеден өтеді. Ол жаратылыс заңы, табиғат заңы. Әр күннің жарығына адамның тоюы, тойдым деп қоюы мүмкін емес-ау?! Өмір өрісін болжап берген бабаларымыз «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» – деуі де тегін емес. Сонымен жас қартаяды, жоқ туады, туған өледі» – деген Абай хакімнің де ден қоятын жасына жеттік. Қазақ: «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра»,–дейді. Азды көпті болса да жүйрік уақыт желісіне ілесе отырып, қолдан келгенше халқыма қызмет еттім. Санаулы ғұмырдың, санаулы күндерін босқа өткізбедік. Өмір деп аталатын терең ұғымның өріне шықтық, ылдиына табан тіредік. Замананың ащысын да, тұщысын да таттық. Алты жаста Ұлы Отан соғысына кеткен ер азаматтардың қатарында колхоз жұмысына жегілдім. Он екіге келер-келместе шалғы ұстап шөп шаптық, ара-балта ұстап ағаш дайындадық. Дауылдарға қарсы жүрдік, болдыру, шаршау дегенді білмедік. Алтын бесігім, тал бесігім – Көкшемнен, оның атақты аймағы Сырымбетімнен нәр алып өстім. Содан да болар, қарағайына қарсы біткен бұтақтай қайсарлықты, қажып-талмауды, мөлдірлікті үйрендім.
Ел алдындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін туған ауылымда қарапайым жүргізушіден еңбек жолымды бастадым. Осы мамандықта жүріп, асыл жарым Темірханқызы Мағрипамен шаңырақ көтердім. Бұл 1959 жылдың күзі. Алайда, оқысам, білсем деген үміт арман дүниесі жүрегімнің тереңінде жатты. Бұл кезде алғашқы сәбилеріміз Орынжамал мен Рауза өмір есігін ашқан. Бұлардың көздерін жаутаңдатып қалай кетерсің? Қалай кетерсің? Кім асырайды? Тығырыққа тірелген деген осы болар. Осындай ой жетегінде жүрген күндердің бірінде совхоз директоры Омбы қаласындағы мал-дәрігерлік институтына оқуға баруға арнайы жолдама келді, қаласаң талапты азамат ретінде сені жіберейін,– деді. Ет қызумен «барамын» деппін, кәрі әке-шеше, жанұя бар. Оқу – табаны күректей бес жыл. Ал, мықты болсаң оқып көр!
Қазақ: «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», немесе «жігіттің бағы – жарында»,–деп бекер айтпаса керек. Ендеше, мұны шешудің кілті – Мағрипада. Сол күні директормен екеуара болған әңгімені айттым. Оның сезімі, жан дүниесі, құрметі мен үшін ерекше екенін білем. Сәлден кейін бір байламға келгендей боп: «Сен мені екі баламен совхоз орталығына орналастыр. Сонда мамандығым бойынша жұмысқа кірісейін. Сен оралғанша жанұямызға күн көрерлік табыс болар. Жолың болсын» – дегені. Солай аңсаған біліміме қол жеткізуге бірінші Жасаған көмектессе, екінші – ақжаулығым көмектесті…» деп жазады.
Бұл оқу орнын ойдағыдай тәмамдап келгеннен кейін Есләмбек Молдахметұлы бірден сол кездегі Ленинград ауданына қарасты жаңадан құрылып жатқан «Чистяков» совхозына бас мал дәрігері болып тағайындалады. Бірі жетсе, бірі жетпейтін заман ғой. Жас маман күнді күн, түнді түн демей, іске білек сыбана кіріскен еді. Аз жыл ішінде мал шаруашылығының мықты ірге тасы қаланады.
Есләмбек бұдан кейін мал шаруашылығы  саласы әбден тұралаған «Ақан» совхозына жіберіледі. Мұнда да іскерлік танытып, жұрт көңілінен шығады. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» – дегендейін, 1976 жылы Көкшетау облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал, 1979 жылдың күзінде Щучье аудандық партия комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Есләмбек Молдахметұлының ауыл шаруашылығы саласындағы мол тәжірибесін ескерген жоғары орын оны облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Бұл ауқымы ірі қызметте де білгір маман, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы ретінде танылады. Осы қызметтерде жүріп, халқымыздың біртуар перзенттері Дінмұхамед Қонаев, Саттар Имашев, Еркін Әуелбеков, Оразбек Қуанышев және басқаларының тәрбиесін көрді. Өзі қызметтес болған ағаларына қарады, олардан құрметін аямады. Әр жүрекке жол таба білді.
Тағы да дәлелдерге жүгінейік. Жоғарыда аталған «Замана соқпақтары» кітабына лебізін білдірген Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітов Балташ ағамыз: «…Қазақ, ат тұяғын тай басар» – деп үміттенеді. Бүгін тәубе дейміз, өмірдің соқпақтарын баса жүріп, ел құрметіне бөленген ондай жандар баршылық. Солардың бірі, тіпті бірегейі Қасқаров Есләмбек Молдахметұлы деп ой түйеді. Немесе облыс ардагерлер ұжымының төрағасы Чапай Әбутәліповтың «…Есекең еңбек үшін жаралған адам ғой. Қайда жүрсе де артына белгі қалдырды, еліне сыйлы болды» деген сөзін алайық.
Кеңес өкіметі құлай бастаған кезде үш жылға тарта Көкшетау жылқы зауытын басқарып, денсаулығына байланысты еңбек демалысына шықты. Зейнеткермін деп бір күн жатпады, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Ардагерлер ұйымын басқарды. Мағрипамен сәнді де мәнді өмір кешті. Бұл ардақты ана жөнінде Есләмбек аға өз кітабында: «Менің құдай қосқан жұбайым, балаларымның анасы ғана емес, өмірдегі үлкен ақылшым болды. Оның бойындағы ақыл мен парасат, инабаттылық пен мейірім, сезімталдылық, басқа да жақсы қасиеттері ғұмыр бойына жігер мен серпіліс беруде»,–деп жазғанына алып-қосарымыз жоқ.
Есекеңнің балалары: Ақаны заң саласында, Шоқаны бизнес майданында, Жамалы медицина саласында жемісті еңбек етуде. Сөйткен есіл азаматымыз үстіміздегі жылдың жайдары күзінің бірінде көз жұмды. Кіндік қаны тамған Сырымбет топырағында мәңгі дамыл тапты. Ажал кімге болса да, бір соғары хақ. Өмір көшінде сенің де аяулы есімің ұмытылмас, Есләмбек бауырым!
Қоңыр күзде шуласып қаз қайтқанда,
Көл бетінде әндерін азайтқанда.
Солардың тізбегінде кетті Есекең,
Көзімнен жас ыршыды соны айтқанда…

Әбділпар ЖАЙСАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Семей.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар