Жомарттың жан түкпірі

Қайсар ӘЛІМ,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты

Философ, көсемсөзші, жорналшы Ж.Әбдіхалық шығармашылығының
тылсымы  терең иіріміне үйірілте тартады

Қаламгер мақсаты дегенді қалай түсінгеніміз жөн?  Көпіртіп жазды, газет-жорнал бетін бермейді, аракідік радиодан саңқылдап сөйлеп, телеарналардан келбетін көрсетіп қояды, кітаптары балалап, тізбектеліп жатыр… Сонымен, есімі еліне әжептәуір белгілі екен. Мақсат тиянағы осы ма?
Ал Жомарт Әбдіхалықтың па-йымы қалай? «Журналистің талғамы мен ар-ожданы, биік парасаты мен патриоттық адал сезімі дес алған жерде ешқандай әпербақандық, ақша құмар ашкөздік, әділдіктің, ақиқаттың ала жібін аттауға себеп болмайды деп сенемін»,– дейді. Бұған халықтық, әлеуметтік мүддені, адамгершілік дәстүрлерді бәрінен де биік қою арқылы діттеген мақсатқа жетуге болатынын және пысықтайды.

Мақсатсыз жанға нұр құйылар ма? Мәуелі жеміс ғайыптан, аузына үзіліп түсер ме? Мақсатына жетпеген адам бақытқа кенеле ме? Тағы Жомартқа сұраналық. «Бақытты кім?» деген сауалға данышпан Фалес: – Кімнің тәні сау, рухы сабырлы болып, бойына біткен қабілет-дарынын жетілдіре түссе, сол адам бақытты,– деп жауап беріпті. Осы ойға жүгініп, терең пайымдаған Жомарт,  өз білімі мен іліміне, философиялық  сарабына сүйенеді де: «осы үш өлшемге, ең азы, қосымша үш мың талап қосыла айтылғандай көрінеді маған»,– деп түйіндейді. Бақыт туралы әлгі айтылған үш өлшемге Жомарт үш мың талап ілістіре қояды. Саралаңыз. Бақыт тіпті де оңай жаңғақ болмай шығыпты!  ір сәт Жомарттың талаптарына осы болары кәдік-ау деп, ой көзімен саралап көріңізші… бақыт сатып ала қоятын бойтұмар емес екен, өмірлік мақсатыңның мазмұнынан, істеген ісіңнен түзілген теңіз түбіндегі інжу-маржанға ұқсайды-мыс. Ал, теңіз түбінен асыл-жақұт теруге екінің бірінің шыдамы, күш-жігері, айла-амалы жетер ме екен?.. Бірақ, талпыныс мұраты – мақсатты діттейтінін ескерсек, бақыттың ауылы сонша алыс еместей көрінетіні тағы бар… Бұл ретте де Жомартқа жүгінбей, сөздің әрі, ойымыздың мәні кірмес. «Белгілі бір мақсат қойған адам сол жолға сәйкес іс-қимыл жасап, талпына берсе, бағын жандыратын нәтижеге жетпеуі әсте мүмкін емес, – дейді ол ой көрігін жалындата қыздырып. – Ал, алдыңа айқын мақсат қоя білу үшін қандай ақыл керек?! Мұны, жеңіл-желпі талпыныспен еш уақытта аттап кете алмайсың. Демек, ақылыңа сай мақсаттар ғана тіршілік дидарын әйгілемек!» Жетелі сөз! Демек, мақсат – талпыныс бірлігінен бақыт басы қылтиятындай әсерде қаласыз…
Сонда,  қалай, Жомарт бақыттылар санатына жата ма, өзі? Шүкір, денсаулығынан тәні шайлыққан жоқ. Маусымдық аллергиядан көзі жасаурап, қызарып, жазып жатқан қағазына төніп түзеліп, төніп түзеліп, көк сиямен сұлу да өрнекті жазуын бипаздап түсіріп, кабинетіне тосыннан кірген бізге: «алаңдамаңыз, аллергиясы түскір ғой, соқтықпалы қинайтын, әйтпесе, жалпы басы-қарыным дін аман»,– деп қатар келіп қалған түшкірігі мен көз сорасына қол орамалын алма-кезек сырғыта бастаған-ды. Тапсырыс мақаламыз бар еді, соның жайын айтқызбай-ақ, кінәлі кейіппен өзі ақтап алып жатыр. Жуырда індетіп қолға алып бітіріп, жеткізіп бермекші… Жеткізе алмады… Уәдеге жоқ еді. Кенеттен қиылып кетті… Өмір жолында, ой нөпірінде, қалам шаруасында үзілді. Көркем Көкшетауға таң елеңінде жетіп алып, облыстық сессияға өзі бас боп шығарып жүрген «Арқа ажары» газетін жаймалап көрсетіп, алғы күндерге жоспар құру мақсатымен алып-ұшып келе жатқан. Көлік жылдамдығынан шыр айналған сұлу Бурабайдың ғажап көрінісіне көз тіктей бере… арғы жағы… жұтылып кетті!..
Бақытты болмаққа рух сабырлығы керектігін айтқанбыз жоғарыда. Бір ақылға жетерлік сабырлы еді-ау, сабазың. Оқып-тоқыған шағында, отбасында, жолдас-жора арасында, газетті он жыл басқарған қызметінде,  небір саясатпен  шарпылған қоғамдық  жұмыс қимыл-әркетінде  сабырлығы сұлу бейнесін, биязы мінезін, алшаң басқан адымын   жағымды түрлендіріп, ішкі буырқанған сезімін сыртқы байсалға жеңдіріп, «жігіттің нағыз төресі екен» дегізерлік қызығушылық пен қызғанышты түртіп оятатын сабатты да нулы жердей алабөтен жаратылыс еді-ау! Әне, өр рух, сирек мәрттік, салихалы ізеттік тал бойынан табылатын Жомарттың құйма-қалыбы «иә, ол бақытты болуға жаратылған  пенде» деген тұжырым жасататын. …Зерендіде Елбасымен сапарлас болып, кейін оңаша қалғанымызда, Жүкең қою қарағайлы орманның аясына салынған шайханада еркін жазылып сыр бөліскен. Шаршап жүргенін, газеттің әбден титықтатқанын, кесек дүниесін жазуына мұрсат жоқтығын, әне-міне, төбесі көрініп тұрған алпыс жасқа шығысымен, жоғары оқу орындарының біріне оқытушылыққа ауысып алмақ ойы бар екендігін қамшы салдырмай-ақ судырата жөнелген. Әңгіме ауанынан, көзіндегі мұңнан, жүзіндегі кіреукеден «көп жазуым қалып барады-ау» деген сыңайлы түңіліс сезілген-ді… Содан өзі де көп ұзамады ғой…
Грек философының әлгіндегі бақытты әспеттеген үшінші өлшемі қандай-ды? «Бойына біткен қабілет-дарынын жетілдіре түссе, сол адам бақытты»,– деп түйінделгенін тағы еске салайықшы. Жомарттың құдай берген қабілет-дарынында шәк жоқ. Оны ой әлемімен, түйін-тиянағымен, парасат-пайымымен, терең теориялық білімімен, жан-жүрегі сорғыштай қабылдаған бай ілімнің сала-саласының, атап айтқанда, журналистік, философиялық иі қанған талғампаздығымен даралап, әрлі-бояулы, ұлттық нақышты ою-өрнек дәлелімен үстемелей түсіп, дәлелдеп берер едік. Оның көкірек көзі жіті еді. Өзге көрмейтінді іліп-шалатын. Астарлы көріністен айқын сыр түйе қоятын. Кешегіні қоясын ақтарып бұтарлап, бүгінгіні індете паршалап, ертеңнің болжамын дәлдікпен қолға ұстатқандай ететін, сөйтіп қастерлі де қасиетті білімпаздығын ойына текшелеп жинап, қажетті жерінде сол лағылдарын жарқ еткізіп, тамсандыратын.
Жомарттың өмірлік ықыласымен әрі ынты-шынтымен берілгені: «оқыған – біледі, тоқыған – тұтады» деген тұжырыммен суарылған. Өзінің сөзімен бейнелесек: «Таңдап, талғап оқу, құр ермек үшін емес, танымыңа демеу, тіршілігіңе жебеу болатын дүниелерді індете жүріп іздестіре оқу – ғажаптың ғажабы» – деңгейіне көтеріледі екен. Сондықтан да болар оның « Жаңа кітап – беті ашылғанша, жат жұртқа жаңа келіп түскен жас келін тәріздес пе, қалай,– жүзіне көз тоқтатып, дидарын тани бастағанша, үміт-тілектеріне тоят таппай дал ұрасың»,– деп кітапқа құштарлықтың сырын бейнелеп, дөп басып айта білуі.
Иә, ол кітапты анасындай сыйлады, әкесіндей ардақтады. Дүкен сөрелерін сағаттап сүзіп тұрып алатын. Қолтығына қызықтап қысқан бір кітап оны жер-көкке сиғызбай үйіне дедек қаққызатын. Бас алмайды. Өзін ұмытады. Басқа әлемде, өзге тіршілікте салтанат құрғандай, құмыға түседі. Әдетте жанын сала оқитыны – ғылыми, философиялық кітаптар. Өткен дәуір, әсіресе, ХХ ғасыр ойшылдарының заман жайын, адам тағдырын тәптіштеген еңбектері. …Ғаламдық құрылымды, қоғамдық құбылыстарды түсіну, әр замандағы адам тіршілігінің аңысын аңдап, олардың тарихи тағдырын, болмыс-жайын сезіну – мүлде ұшы-қиырын ұстатпайтын әлем. Соның кіндік арқауын тауып, кілтін ұстауды әр қоғам, ондағы әр алуан ақыл иелері өзінше шарқ ұрып іздеумен келеді. Біздің замандастарымыз да дәл бүгін ондай күйден ада емес. Қаншама тарих, қаншама қоғам  өткен дүниеден. Міне, мына заман, бүгінгі адам – осылардың хал-күйі, кешкен күні қандай? Бұл адамдардың тиянақ табар, тыныштыққа кенелер күні бар ма? Ондай мекен қай жерде?.. Дүдәмал сұрақ көп, орнықты жауап жоқ. Осының шиырланған қатпарларын кітап арқылы  шешуді ол ғұмырлық әдет, әуестігіне айналдырғаны, қашан?
Орта мектепті  ана тілінде бітірген Жомарттың білім желкені қанатын кеңге жайды. Орысшаны жетік меңгерді. Баяндамалар жасап, көпшілік алдына суырыла сөйлейтін боп  қалыптасты. Қиналған. Қиындық қайтарымы – жеңілдік екен, мерейленді. Бүгінгі Астананың ізашарлары – Ақмола, Целиноград қауымына ұлттық тіні дараланған  тұлға боп қалыптасты, танылды, сүйсіндірді. Үш баласы орысша бітіріп, өздерінің ана тіліндегі асыл қазыналарды оқуға, өз беттерінше  түсініп, пайымдауға шорқақ болғаны жанына қаншалықты батса да төл тілінің үстемдігі үшін күресін бір сәт  те бәсеңсіткен жоқ еді…
Оның оқу қабілеті сирек құбылыстай таңдай қақтыратын. Өмірге оқу үшін келгендей, өзге дүниені тәрік ететін. Даналықтың алуан түрлі нұсқаларын теріп біліп, одан философиялық қағидаларды жүйелеп, таратуға көнтерлікпен ысылған еді. Сократ пен Диогендер… Будда мен Конфуций, Фалес, Солондар… Ежелгі үнді, Түрік, Мысыр, араб-парсы әлемі… Бәрі-бәрін атай келіп, көз жетер тарихтан өз топырағымызға аяқ тіресек, Қорқыт баба, Майқы би, Баласағұндық Жүсіп, Әл-Фараби… Ақтанберді, Қазтуған… Асан қайғы мен Бұқарлар… Жалпы, қазақтың мың бір шешені, жүз бір биі, хандары мен батырлары қалдырған ілкі мұралары – тіршіліктің нағыз Даналық нұсқалары екендігіне шәксіз көз жеткізер еді.
Г азетке басшылық жасап отырып, оның ыңыршақ айналдыратын қат-қабат қарекетінен тыныс алған сәтте оқуға осылайша сарсылып отырудан не пайда тапты екен? Сыдыртып оқи бермей қаламына да тыным бермепті ғой, жарықтық. Жазғандары және қандай! Еш әсіресіз айтсақ, қынабынан суырылған алмас кездіктей жарқ-жұрқ етеді. Кез келген шығармасын тұшынып, рахат сезіммен оқисыз. Сапырылған сөз тасқыны емес, сананы оймен сәулелендіретін пайымы келісті, терең мәнді, асқақ пафосты, өміршең дүниеге сусын қандырасыз. Мәселенки, бір кітап туралы рецензия жазды ма, ол туындыны мың кітаппен салыстыра қарағандай болып, жалқыдан жалпы пікір туындатып, мол мағлұматпен  көмкеріп тастайды. Мақаланың бас-аяғы жұм-жұмыр, бір-екі беттік қана. Ал, одан көл-көсір білім ұрығы шашылып жатқандай еді… Сарабы қандай, түйіні қандай? Тамсандырады. Сөйтсек, бәрі миға жинаған білімінің ұшқыны екен ғой… Жазғанынан білімі көрінбесе, бәрі бекер екен-ау! Сылдыр суша ағады да кетеді.
Жазғанының салымы бар ма Жомарттың? Бар болғанда қандай! Әттең, әттең… жазылмай қалғаны қаншама! Көзі тірісінде бір ғана кітабы шығыпты. Өкінішті-ақ! «Шарболат сенім» – философиялық-публицистикалық проза. «Бұл кітаптың атауын осылай атадым,– деп түсінік беріпті автор. –  Сенім неге «шарболат» ұғымымен өрімдес болуы керек? Мен оған неліктен мән бердім?.. Сеніміңді шарболаттай шымыр, серпінді ету – ұзақ жол, үздіксіз еңбек, тынымсыз ізденіс пен талпыныстың жемісі… Адамның қай кезде неге, қалай сенгенінің ізі оның өмір жолының өн бойында сайрап жатуға тиіс. Оның тіршілігі қалай өткендігіне және қалай өтетіндігіне басқаша дәйек жоқ. Сенімің – күшің. Сенімің – ісің. Сенімің қандай болса – өмірің сондай. Қате, жаңсақ, жемісті-жеңісті істеріңнің бәрі таныммен, сеніммен сабақтас. Басқаша болуы мүмкін де емес». Бұған не алып-қосарсың?
Сонымен, «Шарболат сенім» қандай кітап? Оған Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде баспасөзде жарық көрген таңдаулы публицистикалық туындылары және эстетикалық-философиялық проза жанрында жазылған жаңа еңбектері жинақталыпты. Автор бүгінгі қоғам мен Адам проблемаларын тарихи жаңа мүмкіндіктер мен нақты өмір аясында қарастырады. Мына өріс ала бастаған демократиялық үрдіс, өркениеттер беттесуі, бүкіл әлемді қамтыған жаһандану нышандары өмірімізге тағы қандай тосын өзгерістер әкелмек? Біз қандай бағытты сеніммен қалап, қандай құндылықтарға табан тіреуіміз керек?
Қоғамдық өрістерде жеке адамдар берік таңдау жасап, тегеурінді әрекеттер арқылы нық сеніммен өмір сүруі үшін олар тиянақты танымға, өмірдің өркенді күштеріне арқа сүйеуге тиіс екен. Жомарт кітабының темірқазық идеясы да, автордың ең негізгі лейтмотив кредосы да осы сұрақтарға жауап іздеу. Міне, бұл кітап осынысымен де құнды.
 Көрнекті қаламгердің артында қалған мұрасы – үш кітап! Бұл әзірге шығып үлгергені. Басқа қолжазбаларының тағдыры беймәлім. Ретімен айтсақ, екіншісі – «Әлем ойшылдары мұрасынан» сериясымен шыққан «Ой – қазына антологиясы. ХХ ғасыр» жинағы. Жобаның авторы Ж.Әбдіхалық бұл жинаққа әлем ойшылдарының үлкен легінің туындыларынан үзінділерді топтастырып беріпті. Сөйтіп, қазақ оқырмандары тұңғыш рет ХХ ғасырдың қоғамдық, саяси-әлеуметтік, философиялық ой-қазынасына әбден ден қоя алады. Сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының ақыл-ой мұрасымен де кеңірек танысуға мүмкіндік мол. Және де мәдени-рухани өміріміздегі алғашқы қадам болуымен де маңызы зор еңбек. Ғасыр қазынасы жаңа мыңжылдық бастауында Тәуелсіз Қазақстанның ілгері тартқан көшін түзесуге, сөз жоқ, септігін тигізеді деген ойдамыз. Көкіректі күйініш кернейді, антологияның жобасын құрастырып, баспаға әзірлеп, оған редакторлық еткен аяулы қаламгер көз майын тауысқан бұл еңбегін көре алмай кетті… Ғапыл – дүние десеңші…
Келесі  кесек туындысы – «101 толғам, 1001 түйін». Философиялық байып. Орасан  ойшыл азаматтың артында қалған теңдессіз мұрасы. Өзі көрмесе де қалың елі қазағының көз қуанышына айналып, ой-өрісін байытқан өміршең шығарма. Автор онда адам, қоғам, заман сырларына талғаммен зер салып, өмір құбылыстарына сындарлы көзқарасын білдіреді. Кітаптың айрықша бір ерекшелігі: қазіргі қоғамдық-әлеуметтік ахуал, мәдени-рухани үрдіс, адами болмыс сыры бүкіл адамзаттық дамудың аясында және тәуелсіз  қазақ елінің бүгінгі, болашақтағы өркениет, демократия, жаһандану жағдайына байланысты ой тезіне салынып, өрімделуінде.
Енді сол телегей талғамды, терең тамырлы түйсік пен түйіндердің бірсыдырғысына көңіл аударып көріңіз: «Мөлшерсіз талғам, өлшеусіз тілек – өмірдің құты емес, қиянатына, тіпті қасіретіне алып келеді»; «Өкінішке қарай, көптеген қандастарымыз, қайсыбір отандастарымыз, шынтуайтқа келгенде, ізгілікті, асыл, асқақ сезім, шарболаттай берік сеніммен өрілген мұраттардан мақұрым»; «Әрине, шегіне жеткен қайшылықтардан әйтеуір бір апат болмай қоймайтыны ойлантады…»; «Өзінің жеке мүддесін көксегендер ұлтына әділ болады деп сену – қотанға қасқырды «паналатқанмен» бірдей»; «Фольклорлық деңгейден өзін жоғары санайтын қазақтар өзінің ұлттық тегінен әлдеқашан қол үзгендер десе болғандай…»; «Қазақта, ұят та болса айтайын, өзінде барды ұқсатпау былай, оны елемейтінін мақтан көретін де мінез бар»; «Біреуге кінә артып, мін тағудың себебі көп, ал оны ұғып, түсінудің жолы – жалғыз: тек өзіңнің кісіге деген талабың мен өлшеміңді сәл өзгертсең болды. Демек, оның тұрғысын да елеп, онымен санасуың керек»; «Өмір – күрес» деген анықтауыш шындықтың бір ғана қыры, ал өмірді көп жағдайдың бірлігі, үйлесімі, тұтастығы тұрғысынан алып көріңіз, ол ешқандай да күрес емес. Сондықтан, жарасуға, табысуға, бірлікке ұмтылуға бәлендей шек, шекара қойылмауы керек. … «Өмір – күрес» деген формуланы аса абсолюттендірмеген дұрыс. Сыңаржақтық бәрібір опа бермейді»; «Адамның неғұрлым оң істерге құлшынуы қыруар кедергі-қайшылықтарды жеңудің ең тегеурінді кепілі»; «Парызыңды өтеу – есті өмір сүрудің ең үлкен мәні. Оның шексіздігі және міндетті екендігі қандай ауқымды болса, оның шартсыз, ерікті орындалуы – сондай Бақыт!»; «Нысаппен жүріп, қарапайым да қажырлы еңбек жолына түсіп, ізгілікті іс тындыра алатыныңа өзгелердің көзін жеткізе алсаң, – сонда ғана Адамсың. Сыншы көз бұған дейінгіңді де, бұдан кейінгіңді де айна-қатесіз өлшеп береді, бірақ «Нағыз Адамсың!» деген баға осы талап орындалса ғана айтылады»; «Қалай дегенмен де, жаратылыс әлемінде жан иесінің жай табар, жан ұшырып шарқ ұрмай, алаңсыз жүрер күні жоқ. Ешқашан болмапты деген нәрселер болады. Ендеше…»; «Ашық анықтық, батыл адалдық танылмаған жерден қандай ізгілік табылуы мүмкін?!»… Сөз ұғатынға даяр ас, міне, осылай мелдектей түседі. Тежелгісіз тілекке – әзірге осы тұстары қанағат болсын деп, доғара тұралық.
Ауыр да болса, бір аунатып айта беретін болдық қой, «өзі көрмей кеткен кітабы» деп. Иә, сондай мұрасының бірі – «Ақселеуге жаздым хат» деп аталатын эпистолярлық эссе. Жан аямас достардың – Ақселеу Сейдімбеков пен Жомарт Әбдіхалықтың 1966-1998 жылдар аралығында жазысқан хаттары бүгінде халқымыздың мол рухани қазынасы ретінде тарихта қалары кәміл. Бұл кітапқа тек Жомарттың Ақселеуге жазған хаттары ғана  берілген. Өкінішке орай, Ақселеудің жауап хаттары құрастырушылардың қолына түсе қоймаған сыңайлы. Бұл олқылықтың да орны  толар. Қос әдебиетшінің жауаптасқан хаттары да жұптасқан күйі оқырмандар игілігіне айналар… Ал, мына кітаптағы терең пайымды, толғақты пікірлер әр хаттың мазмұнын байытып, өнегелік тұжырымымен қоғам, адамзат мүддесін тұздықтай түсуімен де құнды.
Қ ай хатта да шындықтан, әділдіктен айнымайтын Жомарттың жазғаны көңілді дөптігімен жайландырып, ойға батырып, бейне бір көркем шығарма оқып отырғандай, сананы сан-саққа жүгіртіп, өмір атты асау теңізбен алпарыстырып қоятынын қайтерсің. Қысқасы, бей-жай қалдырмайды. Құр отбасының амандығын сұрасқан қарабайыр «сау-сәлеметтік» үстірт жазбалар емес. Мысалы: «Ақселеу! Хатыңды алысымен іле әңгімені де оқып шықтым. Жай қоңыр салқын ғана әсер берді. Екі шалыңда да даралық мінез өріліп шығатын өзек бар, бірақ әңгімеде көздеген идеяға жыға алмапсың және негізгі идея көмескі қалған», – деуінде қаншалықты дос шығармашылығына деген жан ықыласы жатыр десеңізші. Көңіл жықпастық емес, батырып айтып отыр. Міне, достықтың қадір-қасиеті осындай өткірліктен де білінсе керек-ті. Ақселеудің жауабы қалай екен? Туламаған шығар…
Ақселеудің ізденісіне «май құятын» мына бір ақыл-кеңесінің де сипаты бөлек: «… сенің күй аңызын кешіктірмей қолға алуың қажет. Халықтың өзін-өзіне, одан соң өзге елге танылуы үшін ондай еңбектің құны мәңгілік өлшеусіз. Бұл тақырып – әрі көркем аңыздау әңгімеге де, әрі ғылыми-сараптау еңбекке де ие бермейтін кен қазына. Кіріс тезірек. Өзің айтқан осы мақсаттың қадір-құны өлшеусіз әрі өміршең».
Парасат-пайымы таңдай қақтыратын Жомарттың хаттарда көтерген мәселелері шетінен  шымыр, шыңдалған, шынайы… Міне, оқып көріңіз: «Өз мүддесін дұрыс түсінуге көтерілмеген халық (адам) тарихи жүйелі істер (әрекет-қимыл) жолына шығып, мәнді өмір сүре алмайды. Байқайсың ба, бүкіл адамзат тарихы практикалық іс-қимыл тұрғысынан алғанда да, ақыл-ой, шындық сырына кемел зерде-дүниетаным тұрғысынан алғанда да жүйелілікке қарай бет түзеп келеді».
Өзін үнемі қамшылай түсіп отыратын Жомарт қол жеткізгенін әсте місе тұтпайды. Шығармашылықтағы ілгерілеу, толысу, қанағатсыздық… Басын идіртетін «осал» тұстары осы: «Ақселеу дос, арман көп, алған көп, бергеніміз жоқ бұл ғұмыр тыншу беріп, тыныш ұйықтатар емес. Мазасыз халде үндесер бір өзіңсің деп айтамын да бәрін. Әйтпесе, жалпы әлсіздігіме қарамай, менде дәті беріктің де жобасы барын сен жақсы аңғарған болуға тиіссің»,– дегенді бекер меңзеп отырмаған болар. Өмірде тындырғаны көл-көсір болса да, аузын құр шөппен сүртіп отыр. Бұдан оның мақсат айқындығы мен мұрат биіктігі де сезіліп тұрғандай.
Жә, Жомарт хаттарынан ажырағың келмес. Өмір айнасы іспетті. Көңілге бәрін сыйғызған. Әлемге көзді ашып қарағың келеді. Жайбір тірлікті емес, адамзаттық ауыр жүкті, келелі міндетті, ертеңнің болжамын дәйектеген білім салмағын өзіңше екшегенге не жетуші еді. Оқып-тоқығаны көп екен ғой. Әсем келбетінен, ойлы көзінен, мірдің оғындай сөзінен, тіпті келісті жүріс-тұрысынан білімдарлығы байқалып тұратын тегеурінді тұлға екен, сағындырған Жомарт!
Түйсік түйіні мынадай: «Шарболат сенім», «101 толғам, 1001 түйін», «Ақселеуге жаздым хат» – осы үш таған еңбектерінің басын қосып, кереқарыс том етіп халық кәдесіне жаратса… Себебі, Жомарт Әбдіхалықтың мағыналы сүрген өмірі: заман бейнесі, қоғам бедері, адам жасампаздығы, бәрі-бәрі солардың беттерінде өшпестей таңбаланған ғой!
Демек, қайран Жомарт бізбен бірге өмір сүріп жатқандай екен-ау! Жан түкпіріне лағыл-маржан қатталыпты. Соның шақпағынан шашыраған алтын сәуле ұшқыны ешбір бәсеңсімейтіндей… Әр жүректі арайландырып тұр!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар