Таспа жол кімді алмаған қыспағына,
Тізгінді сен де бекем ұста мына.
Осы жер… Кім біледі, осы жерде,
Жөкеме ажал құрық тастады ма?!.
Ақ «Волга». Беті Көкше. Боз ала таң,
Дейді ғой бұл қызмет мазалатам.
Апыр-ай, мына ақбозды тоқтатса ғой,
Ағындап апатына бара жатқан.
Жүзінде қаламгерлік парасаты,
Философ! Ол да әбден жарасады.
Білмейді-ау, бір күннен соң қазасынан,
Аһ ұрып, қалың елі тарасады.
Қаперсіз келеді өтіп соңғы белді,
Жазмыш бар қатерге көндіреді.
Темірлер шақыр-шұқыр ұстасқанда,
Кім кімді «Жомарт жоқ» деп сендіреді?!.
Сол бір күн есте осылай тұрақтады,
Он жыл деп ас береді ұрпақтары.
Адамдар өзі біліп жүріп жатыр,
Бәрінен парыз қымбат бірақтағы!..