Жақсының аты өшпейді

Өткен жексенбі күні Астана қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті журналист-публицист, философ, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы Жомарт Әбдіхалықтың жол апатынан қайғылы қазаға ұшырағанына он жыл толуына орай ас берілді.

Қарымды қаламгер, үлкен парасат иесі өмірден ойда жоқта, ерте кетпегенінде биыл көктемде жетпіс жылдық мерейтойын атап өтер еді. Бірақ, қатал тағдыр оған жеткізбеді.
Халқымыздың аяулы перзентінің асына жиналған қалың қауым осы жайында толғанып, рухына терең  құрметпен тағзым етті. Белгілі журналист-жазушы, Жөкеңнің шәкірті Жылқыбай Жағыпарұлы жүргізген шарада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты  Светлана Жалмағамбетова, ардагер журналист Рақия Әлібекова, Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов, полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков сияқты тұстастары мен замандастары, әріптестері мен туған-туыстары жайсаң жанның адамгершілік, қаламгерлік және іскерлік қадір-қасиеттеріне әр қырынан тоқталып, аяулы есімінің туған халқының жадында мәңгілік сақтала беретіндігіне сенім білдірді.
Ас барысында бейнефильм көрсетіліп, осы шараны ұйымдастырып отырған жары Орынбасар, балалары Айдын, Абзал, Мархабаның аттарына да жылы лебіздер білдірілді. Көрнекті философ-көсемсөзшінің «Шарболат сенім» кітабы мен журналист-жазушы Қайсар Әлімнің құрастыруымен жуырда ғана баспадан шыққан «Хат жаздым Ақселеуге…»  атты жаңа кітабы да таратылған тағылымды шара осылайша жақсының аты өшпейтіндігіне  тағы бір айқын көзімізді жеткізе түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар