Елімізде қолданылуы мүмкін «Бэби−бокс» жәшіктеріне қалай қарайсыз?

Маржан АЛПЫСБАЕВА, «Алтын алқа» иегері:
– Тірі пенденің тіршілігіне мән, өміріне сән беретін  сәбилер. Сондықтан да, оны дайын жәшік қойды екен деп, соған тастап кете беруге болмайды. Ата-бабаларымыз қыздарын қырық үйден тыйып өсірген. Ендеше, ең алдымен, жәшік қоямыз деп мәз болмай,  жастар арасында ұлттық тәлім-тәрбиеге жете мән беруіміз керек.

«Еркек үйдің егесі, әйел шегесі», «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» демекші, отбасының берекесі мен қыз балалардың тәрбиесі қашанда ақ жаулықтылардың қолында болған. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді дана халқымыз. Сондықтан да, кейбір осындай қыздарымызға қарата айтарым, «қоқысқа тастамай, сол себетке салсам, ар алдында жазам жеңілдейді», − деп ойламаңдар. Адамға Алланың берген ең үлкен нығыме-
ті – ол перзент. Біразды бас-тан кешірген осы жасымда баласын тастап, тірі жетім атандырған адамның  ұшпаққа жеткенін көрген емеспін.
Өзім жолдасыммен он бала тәрбиелеп өсірген анамын. Сол балаларды асыраймын деп, құрылыста да істедім. Баланы өмірге алып келдің бе, бағу керек. Біздің онсыз да саны аз қазаққа керегі – жәшіктегі тастанды балалар мен оларды туған безбүйрек аналар емес, сол бейкүнә шараналарға ана мейірімі, ұлттық тәлім-тәрбие дер едім.

Жанат МУСИН, перинаталдық орталықтың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Медицина саласының маманы ретінде мен аталған жобаны толығымен қолдаймын. Себебі, қоқыста қалып, денесі зақымданған баланы емдеп, денсаулығын қайта қалпына келтіргеннен де сол шақалақты сау күйінде қабылдап алған әлдеқайда тиімді. Баласынан бас тартуға бел буғандар біз қаншалықты қарсы болғанмен, бәрібір сол қадамға барады.
Рас, бұл жерде ескеретін бір мәселе, баланың өмірін сақтап қалған осы екен деп, «ондай жәшіктерді» жапа-тармағай орната беруге де болмайды. Неге десеңіз, оның тағы бір қыры бар. Егер ол балалардың ныспысын, қайда туып, қайда тіркелгенін білмесек, мәліметтерді анықтау да оңайға түспейді. Ал, мұны сұрастырып, тағы да қаптаған құжаттарды толтыратын болсақ, үйде босанушылар саны күрт арта ма деп күдіктенемін.
«Ана» деп айтуға кел-мейтін, баласынан безген безбүйректер қашанда әр қоғамда болған, бола да береді. Сәбилерін тастағысы келсе тастайды, біз жәшік қойды-қоймады екен деп оған қарап жатқан адам кемде-кем.  Мәселен, былтыр осы біздің перзентханада босанған сегіз қыз-келіншек өз балаларынан бас тартты. Бірақ, дәл сол кезде болмаса да, араға уақыт салып, өз сәбилерін іздеп келіп жататындар да бар. Кеш болса да, аналық сезімі оянатын мұндай аналар, өкінішке орай, өте сирек.

Әсел РАҚЫМЖАНОВА, психолог:
– Иә, перзентханалардың алдына желтоқсан айынан бастап қойылуы ғажап емес мұндай «бөпе-жәшіктерден» хабардармыз.  Кімде-кім өз баласын туып, одан бас тартқысы келсе, сол жәшікке тастап кетеді. Әрине, бұған қоғамның көзқарасы әртүрлі. Бірақ, жаңсақ қадам басып не жеңіл жүріспен жүкті болып қалып, сәбиін не тастарын, не өзінде қалдырарын білмей, екі ойлы болып жүрген жандар үшін бұл тиімді болғалы тұр. Көп бас қатырудың қажеті жоқ, апарады да, қалдырып кете барады. Өзім де төрт перзент тәрбиелеп отырған анамын ғой. Осы обал, сауап жағын ойлағанда әрине, денең түршігеді.
Дегенмен, психолог ретінде бұл қадамды толықтай жоққа шығара алмаймын. Неге десеңіз, біріншіден, ол өзін-өзі ақтаған жоба. Әлемнің бірқатар елдерінде мұндай тәжірибе кеңінен қолданылады. Тіпті, әлеуметтанушылар «бэби-боксты» балалардың өмірін аман алып қалудың бірден-бір амалы ретінде қарастырады. Ал, екіншіден, бұл қыз-келіншектерді осындай қадамдарға одан сайын итермелемесіне кім кепіл?!.
Мені маман ретінде де, адам ретінде де алаңдататы-ны – сол сәбилердің келешегі. Қалай дегенде де, балалар үйі бәрібір жат орта ғой. Ал, мынадай жағдайға көшсек, «тірі жетімдер» саны одан сайын көбеюі мүмкін екенін де ешкім жоққа шығара алмайды.

Сауалнаманы жүргізген Перизат БӨЛЕКОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар