Қара шаңырақ

Қазақта қара шаңырақ дейтұғын қасиетті ұғым бар. Оны әркім де біледі. Сол себепті егжей-тегжейлі талдау артық болар. Сарыөзек селолық округіне қарасты Уголки елді мекенінің тумасы Ерлан Қожабеков облыс орталығында ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп жүрген кезінде әкесі Сәлімжан өмірден озды.

Капитан шеніндегі Ерлан отбасындағы жалғыз ер бала болғандықтан, қара шаңырақтың есігі жабылып, түтіні өшіп қалмасын, ақ сүтін берген анам жабырқап, жалғызсырамасын деп амалсыз елге оралды. Елге оралған соң әскери тәртіптің тезінен өткен, қай іске болмасын оңқай асықтай үйіріліп тұратын Ерлан қол қусырып қарап отыра алмады. Ер азаматқа кәсіпсіз қарап отыру жараспайды да ғой.

Әуелі шаруа қожалығын ұйымдастырды. Агроном болмаса да көзі көрген, қолы ұстаған тіршілік. Шіркін, бұл өңірдегі топырақтың құнарлылығы айтып жеткізгісіз. Қарағайлы қалың орманның бауырынан еншісіне тиген он гектарды тыңайтып, жыртып, күтіп-баптап картоп, сәбіз, қырыққабат еге бастады. Өз алдына жеке құдық қазып алды. Электр насосымен құдықтың суын темір бөшкелерге айдайды. Күн ұзақ темір ыдыста тұрған су кешке дейін күннің сәулесімен жылынып, жып-жылы болып тұрады. Дақылдарын еккен алқапқа тамшылап суару үшін желілер тартылған. Осы шаруамен биыл төртінші жыл айналысып келеді. Биыл картоптың әр гектарынан 35 тоннадан, сәбіздің әр гектарынан 40 тоннадан өнім жинады.
Шаруа қожалығының техникасы сақадай-сай. Тракторлары, тұқым егетін агрегаттары, жүк машинасы, өзге де керек-жарағы өз қолында. Ерлан осы шаруаның бәрін несие алмай-ақ, өз қаражатымен игеруде. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» демекші, несиені алуын алғанмен, өсімімен төлеу керек қой. Жалғыз тиімсіз жері жинаған өнімін күзде бірден көтерме бағамен сатуға мәжбүр. Өйткені, өнімдерін сақтайтын қоймасы жоқ. Қойма салу үшін қыруар қаражат қажет. Ол енді болашақта атқарылуға тиісті биік меженің бірі.
Осы орайда, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған бірер күннен бері Ерланның да ауыл шаруашылығы оңынан дами түсетіндігіне, бұл ретте, өзіндей шаруа қожалықтарының иелері де көмек-қолдаусыз қалмайтындығына сенімі арта түскен. Жалғыз қиындық қойма ғана емес, жұмыс қолының жетімсіздігі. Уголки селосында қолы бос адам мүлде жоқ емес, бар, тіпті толып жатыр. Бірақ, қазір Ерланның айтуына қарағанда елдегі жастар еңбек етуден қол үзіп кеткен. Әйтпесе, шаруа қожалығы көктемгі және күзгі науқан кезінде жұмысқа тартылған адамдарға еңбекақысын ай сайын емес, күн сайын төлеп тұрады. Мәселен, күзгі жиын-терім кезінде еңбеккерлерге бір қап картоп жинағаны үшін 100 теңгеден жалақы төленеді. Трактор соқасымен қазылған, жердің бетінде жайрап жатқан картоп. Қабыңның аузын аш та сала бер. Ерінбей еңбек еткен адамның күніне 4-5 мың теңге жалақы табуға әбден мүмкіндігі бар. Егістік басында еңбек ететін адамдарға барлық жағдай жасалған. Жазғы асхана, қазандық, жуынатын орындарына дейін тап-тұйнақтай. Тіпті, темекі тартатын орнына дейін.
Күзгі науқан кезінде қожалықта отызға жуық адам жұмыс істейді екен. Өз ауылынан табылмағаннан кейін картоп, сәбіз жинауға қажетті адамдар іргедегі Ақан ауылынан тасымалданады. Ал, техникаға отыратын механизаторды күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың. Амалы құрыған шаруа қожалығының басшысы бірде жеңіл машинаға мінсе, келесі сәтте жүк машинасын жүргізеді. Одан түсе сала, тракторға отырады. Біреуге міндетсірейтін емес, өз шаруасы. Сонда да шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Қожабеков елдің ертеңіне алаңдаулы. Бір кезде кез-келген техниканың құлағында ойнаған аға буын механизаторлар бұл күнде зейнет жасына жеткен. Ал, ізін басады дейтін кейінгі буынның легі үзіліп қалып тұр. Сонда мынау ел енді аз уақыттан соң шаруасын қалай істемек?!.
Он гектар жер «электр бақташымен» қоршалған екен. Жіптіктей сымнан болмашы электр тоғы өткізіліп тұратын болса керек. Дақылдары көктеп шығысымен таяқ тастам жердегі ауылдың малы балға үймелеген арадай жабылатын көрінеді. Селодағы ағайын қой-ешкі мен бұзауын қарауға да ыждаһатты емес. «Электр бақташы» тоқпен соғып өлтірмегенімен, аяқты малдың бетін қайтаруға әбден жарап тұр.
Жалғыздың шаңы қайдан шықсын. Шаруа қожалығына облыс орталығындағы «Агроперспектива» корпорациясы көмек қолын созып тұрады. Дәрі-дәрмегін, тыңайтқыштарын алуға, келелі кеңес беруге. Осылайша, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшыруға бекінген Ерлан Қожабековтың шаруа қожалығы екі қолын қайда тығарын білмей қарап жүрген замандастарына үлгі-өнеге болып, нарықтың айдынында ақбас толқындарымен алысып, желкені жалтылдап жүзіп келеді.   

 Зеренді ауданы.
    Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар