Ардақ тұтты ел сені

Октябрь Әлібековке

Жыр төгейін шабыттана, шаттана,
Қуанайын, марқаяйын мақтана.
Шын сүйсіне қарап тұрмын дәл қазір,
Октябрьдің бейнесі бар тақтаға.

Ел құрметтеп, ел ардақтап, хош көрсе,
Азды-көпті еңбегіңді ескерсе.
Бақыт өзі басқа келіп қонғаны,
Кімге өкпе айтар едік кеш келсе.

Тірісінде түсірмеген бағасын,
Ардақ тұтқан азамат-ты Алашың.
Журналистің бәрі еді бауыры,
Көрген оның қамқоры мен панасын.

Қол қоятын редактор да, пір өзі,
Бір газетке тұтқа болған бір өзі.
Мына бізге қойдан қоңыр сияқты,
Көрінетін тым сабырлы мінезі.

Күншуақты ізгілікті жақтаған,
Жас өркенді жас шыбықтай баптаған.
Маңғаз кейіп, жарқыраған маңдайы,
Октябрь тұр қарап бізге тақтадан.

Қара, Өке, қара, мына қауымға,
Ағайын, дос, қатар құрбы, бауырға.
Аппақ қардай көңілің бір тазарсын,
Адамдықтан биік емес тауың да.

Тақта қойды ардақ тұтып ел сені,
Кісіліктің бұл да болса өлшемі.
Дидарыңды көріп енді өшпейтін,
Көтеріп бір тастадық-ау, еңсені.

Осылайша шабыттана, шаттана,
Жыр төгілттім марқая да мақтана.
Шын сүйсіне көзім салдым көппенен,
Октябрьдің бейнесі бар тақтаға.
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ақын, журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар