Жаңа тетіктерді іске қосып…

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты ел халқына арнаған Жолдауында бәріміздің алдымызға дамуы жедел, алдыңғы қатарлы отыздықтың қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Осы межеден көріну үшін басқа мемлекеттік құрылымдар сияқты, біздің салаға да етене еніп кеткен сыбайлас жемқорлықтан арылудың маңызы зор. Бұл бағытта біз «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалымен бірлесе жұмыс жасап отырмыз.

 Бізге 2050 жылға дейін фермерлік кооперациялары, жерді  үйлесімді пайдалануға мүмкіндік беретін мықты агроөнеркәсіп кешенін,  тиімді жер нарығы бар мемлекет құру қажет.  Бүгінгідей жең ұшынан жалғасқан жемқорлық билік тармағында тамыр жайып тұрғанда бұл мақсатқа  өз мерзімінде жете қоюымыздың  қиынға соғатын түрі бар. Шынайы экономикалық гүлденуге осындай қауіпті қатердің алдын алумен тек Үкімет ғана емес,  тұтастай қоғам айналысатын елдердің ғана қол жеткізе алатынына бүгінде біз анық көз жеткізіп отырмыз.  Жалпы, жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық пікірді қалыптастырушы орта ретіндегі саяси партиялардың   маңызы ерекше.  Біздің қоғамдағы осындай күресті жүргізуші негізгі құрылымдар санатынан «Нұр Отан» партиясын ерекше атап өтуге болады.
Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы мен  осы құжат негізіндегі арнайы қаулыға сүйене отырып, облыстық әкімдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытудың арнайы жоспарын бекіткен еді. Біз өз саламызда оның  сапалы орындалуына атсалысып келеміз.  Осы орайда, мен нұротандықтармен бірлесе атқарған бірқатар шараларымызға тоқталып өтсем бе деймін.  Жуырда қалалық, аудандық жер қатынастары бөлімдерінің басшылары үшін мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы жаңашылдықтарды түсіндірген  семинар болып өтті. Онда  осы конкурстарды заң аясында өткізу тетіктері жан-жақты қаралған еді.  Бұдан басқа, басқарманың мемлекеттік қызметтер көрсетудегі ашықтығын қамтамасыз ету және атқарылып жатқан шаралардан өңір жұртшылығын хабардар ету үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын ұйымдастырдық. Салаға қатысты түйткілді мәселелер жұмыс нәтижелеріміз қорытындыланған қоғамдық тыңдауда да жан-жақты сөз болды. 
Осылардың  ішінен аумақтық жер инспекция-сы, облыстық сот және өңірлердегі бөлімдер мамандарының қатысуымен салада мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, оның уақытында көрсетілуіне жағдай жасау мәселелері талқыланған келелі жиынның да ауқымы алдыңғыларынан кем болған жоқ.  Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі кеңінен түсіндірілген  семинар да басқарманың мұрындық болуымен өткен болатын. Бұдан басқа, біз қалалық және аудандық деңгейдегі уәкілетті органдардың, «Нұр Отан» партиясының, сот және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен жер қатынастары заңнамасын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру бағыттарын қарастыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз.
Ал, жер телімдерінің халыққа заңды негізде үлестірілуін қамтамасыз ету мақсатында бізде түрлі деңгейде құрылған комиссиялар мүшелігіне нұротандықтар мен Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген. Жемқорлыққа жол ашатын негізгі себептерді қарастыру барысында біз саладағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне көз жеткіземіз. Себебі, халықтан келіп түсетін өтініштердің көбі осы мәселені қозғайды. Міне, осы орайда, мемлекеттік қызметтерді қалың бұқараға неғұрлым сапалы деңгейде көрсету мақсатында арнайы регламент жасалып, ол облыстық әкімдіктің қаулысымен бекітілді. Бұл стандарттар мен мәтіндерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырамыз. Uzo.akmol.kz электронды мекен-жайындағы біздің сайттан да қажетті ақпараттарды алуға болады. Аталған ғаламтор ресурсында жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған арнайы бөлім де бар. Халықтың сенімін қалыптастыруға басқарманың сенім телефондарының да ықпалы зор.  Онда хабарласқан әр азамат өзін толғандырған мәселеге қатысты тұжырымды, әрі толыққанды жауап ала алады.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде жер қатынастары саласындағы заңнаманың негізгі баптарын түсіндіруге арналған әдістемелік құралдың да әзірленгенін айта кетейін. Онда жеке үй тұрғызуға арналған жер телімін берудің реттілік алгоритмі толықтай көрсетілген.  Бұл деректерді сайттан басқа, басқармадағы ақпараттық тақтайшалардан да табуға болады.  Қорыта айтар болсақ, біздің партиямен бірлесе атқарған жұмысымыздың халықтың сыбайлас жемқорлық жайлы қалыптасқан көзқарасын өзгертіп, оған қарсы тұру тетіктерін іздестірудегі маңызы зор. Атқарылған игі істердің нәтижесі осыған дәлел.

Азамат СЕРҒАЗИН,
облыстық жер қатынастары
басқармасы заң бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар