Қамкөңіл жандарға қамқорлық керек

Соңғы кезде  мүмкіндігі шектеулі жандардың басындағы мәселелерді шешуге биліктің тек есеп үшін ғана емес, шын жанашырлықпен кірісе бастағаны бізді қатты қуантады. Осы орайда, қамкөңіл адамдардың қажеттіліктерін өтеуге деген нақты қадам ретіндегі  «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» атты жобасын ерекше атап өткен жөн.

Жалпы, біздің қай-қайсымыз болсын, мүгедек болып жаралайық, не қандайда бір қайғылы жағдайға душар болайық демейміз ғой. Тағдырдың жазуымен, кездейсоқ түрлі сынақтарға тап боламыз.  Ол тек біз білетін айналамыздағы адамдардың ғана басында емес, жалпы бәріміздің өмірімізде орын алуы мүмкін.  Осындай қиын жағдайға тап болып, тауы шағылған жанға медициналық, әлеуметтік жәрдемнен бұрын, ең алдымен, психологиялық көмек аса қажет. Ондай жан өзінің өзгелерге керек, әрі сол қоғамның ажырамас бір  бөлігі екенін сезінгенде ғана оңалады. Ал, анау мекемеге барып кіре алмай, мынау ғимараттың жоғары қабатына көтеріле алмай, ең құрығанда, дүкен мен дәріханаға бас сұға алмай жатса, еңсесі басылып, жігері мұқалып  қалмай ма?
Міне, осыған жеткізбес үшін мемлекет мүгедектерге барлық жағдайды  жасауы тиіс. Жоғарыда мен «Кедергісіз келешекті» нақты мақсатқа негізделген жоба деп атауымның сыры осында.  Яғни, ол бұрынғыдай нәтижесі бола бермейтін дөңгелек үстелдер мен семинарлардан  дәйекті, мақсатты  шараларға көшу қолға алынды деген сөз. Дүкен, дәріхана, аурухана мен басқа да көпшілік орындарды мүгедектердің қозғалысына  икемделуі  біз үшін аса маңызды, тіпті, бірінші кезектегі шара дер едім. Мәселен, өңірде  ағымдағы жылдың соңына дейін 180 әлеуметтік нысанды біздің жағдайымызға бейімдеу көзделсе, қазірдің өзінде біз сол жоспардың орындалғанына куә болып отырмыз.  Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі тек пандустармен шектелмейді ғой. Арбадағы мүгедектерден басқа, есту, көру қабілеті нашар жандар қаншама? Оларға да тиісті деңгейде көңіл бөлген жөн.
Қазіргі кезде облыс орталығының өзінде тірек-қозғалыс жүйесінің ауытқушылықтары бар 90 адам тұрады.  Шамамыз келгенше, соларға көмек қолымызды созуға тырысудамыз.  Жалпы, мүгедектер ұйымдары басқа да қоғамдық бірлестіктер сияқты  мемлекет тарапынан тікелей қаржыландырылмайды. Біз тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ғана өз жобаларымызды жүзеге асыра аламыз. Негізінен, бірінші топ мүгедектеріне инвотакси қызметін, мүмкіндігі шектелген азаматтарға жеке әлеуметтік көмек көрсету және салауатты өмір салтын қалыптастыру  бағытында жұмыстар жүргіземіз.  Әрине, тапсырыс болса, қызмет аясын бұдан да кеңейтуге болар еді.
Қандай да бір себептермен мүгедек болып қалған жігерлі адам ең алдымен, спортпен айналысуды қолға алғаны абзал. Мұны өз тәжірибемнен, сондай-ақ, зерттеулер нәтижесінен анық байқап жүрмін. Алайда, ол он екі мүшесі сау адам емес қой, сондықтан да, мүгедекке арнайы жағдайлар жасалуы керек. Осы орайда, біз облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Мерген» спорттық  клубының құрылғанына  дән ризамыз.  Бұдан басқа, оңалту орталықтары да ашылуда. Міне, осындай шаралардың нәтижесі болар, бүгінде арамыздан бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері шығып отыр. Алайда, спортпен өзің үшін шұғылдану бар да, оны күнкөріс мүмкіндігіне айналдыру жағы тағы бар.  Біз осындай деңгейі жоғары спортшыларға біліктілігін біліммен ұштастыруға кеңес береміз. Олар сырттай болсын, оқу оқып алса, арнайы клубтарға жаттықтырушы болып орналаса алар еді.  Осылайша бір оқпен екі қоянды атып жүрген жандар бізде жетерлік.
Жұмыс істеу қабілетінен айырылып, денсаулығында күрделі ақаулар пайда болған жандар да қиындыққа мойымай, қызметке орналасқылары келеді. Дені сау адамның өзі екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген бүгінгі қоғамда бұл да өзекті мәселеге айналып отыр.  Осы сияқты қордаланған мәселелерді біз «Нұр Отан» партиясында арнайы комиссия отырысында  жан-жақты талқылаймыз.  Оған осы іске мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылады. Қазір оқу орындарының жанынан өндірістік шеберханалар ашып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың нақты бір кәсіпті игеруіне жағдай жасау ниетіндеміз. Оқытуын оқытып алып, бұл істі аяқсыз қалдыруға да болмайды. Алдымызда сол  түлектерді  жұмысқа орналастыру тетіктерін де қарастыру міндеті тұр.
Өз сөзімді қорытындылар болсам, мүгедектер де қоғамның ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да, мүмкіндігі шектеулі жандардың негізгі мәселелерінің оңтайлы шешілуіне атсалысу баршамыздың азаматтық борышымыз демекпін.

Василий ШИМАНСКИЙ,
«Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар