Балалардың да қалауы – достық пен татулық

«Көкшетау» мәдениет сарайында «Қазақстан балалары әлем мәдениеті жолында» атты балалар қоғамдық қозғалысының халықаралық форумы болып өтті. 

Өз елімізден басқа, Ресей, Германия, Жаңа Зеландия мемлекеттерінің жас балғындары қатысты. «Жұлдыз» балалар қоғамдық бірлестіктерінің республикалық одағы мұрындық болған аталмыш форум Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар құқығы жөніндегі конвенциясы, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауы мен ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы бағдарламасында айтылған басымдылықтарды негізге ала отырып, өскелең буынның  өздеріне тиісті мүмкіндіктерге қол жеткізуіне назар аударту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жалпы, татулық, толеранттылық, балалар арасындағы қарапайым достық идеяларын насихаттайтын шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының алда келе жатқан жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырғандығы да құптарлық жайт. Форумның ашылуына қатысқан өңір басшысының орынбасары Нұрлан Нұркенов аталмыш балалар жиынының табиғатымен талайды тамсандырған Ақмола, Көкше жерінде өтіп отырғандығы үшін қуанышты екенін жеткізіп, оларға аймақтың жер алқабы, оның ерекшеліктері жөнінде ақпарат бере кетті. Ол сондай-ақ, Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы жайлы да баяндап, Назарбаев зияткерлік мектептері мен жоғары білімнің озық базасы – Назарбаев университеттерінің тәжірибелеріне де тоқталды. Өз сөзінде ол жастарды ел келешегін кемел ету үшін ең алдымен, білімді ұландар болуға шақырды.
Балалық шағында шармен әлемге саяхат жасауды армандаған, сол үшін өз бизнесін тастап, қазір осы арманын іске асыруға көшкен Жаңа Зеландия-
дан Эндри Паркердің келуі де балаларды шексіз қуанышқа бөледі. Қазір оннан астам мемлекетте болып үлгерген азаматтың жүк көлігімен әкелген үлкен шарының қасында балалар суретке түсіп, мәре-сәре болысты. Балғындардың шешімін таппай келе жатқан мәселелеріне жаһан назарын аударуды көздеген Эндри мен оның досын «Жұлдыз» балалар ұйымының төрайымы Елена Дмитриенко «Балалар үшін» алтын жұлдызды төсбелгісімен марапаттады.
Бұдан кейін Германия интернационалды одағының атқарушы директоры Фрау Шаде мен аталған ұйым қызметкері Мрина Мюллер, Новосибирск педагогикалық университетінің делегациясы, осы қаладағы «Салют» балалар қоғамдық бірлестігінің өкілдері сөз алып, өздерінің жас балғындарға арнаған жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Салтанатты шара аймақтың жас өнерпаздарының концертіне ұласты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар