«Арқа ажарының» елдегі көзі еді

Қарт тілші Шегебай Жүсіпұлы Қарпықбаев ағамыздың дүниеден өткені туралы суық хабар редакциямызға кешеуілдеп жетіп отыр.

Алланың берген 87 жасын ұрпақ тәрбиесімен, көп жайды бастан кешіп, көңілге тоқумен, жақсылыққа сүйсініп, жамандыққа жабырқаумен өткізген, кеудесі алтын көмбе дерлік шежірелі қартымыз еді.  Бүгінде арамыздан кеткені жанымызға сөз жоқ, батып отыр.

Әсіресе, айналасына сергек қарап, бұл өмірден өтер-өткенше қолынан қаламын тастамағаны мың ілтипатқа тұрарлық болатын. 72 жыл бойы «Арқа ажарының» тұрақты оқырманы, соның ішінде 64 жыл бойы штаттан тыс тілшісі бола білуінің өзі кез-келгеннің пешенесіне бұйырмайтын абырой деп айтар едік.
Ара-арасында кезекті мақаласымен қоса жолдап жататын хаттары бірде жылы сөзімен, бірде бір ауыз назымен жанымызды жылы шуаққа бөлейтін, үлкендер алдындағы парызымыз бен қарызымызды тағы бір еске салып, ойландырып тастайтын. Талай текті мен жақсыға уақытша ғана серік болған жалған дүние-ай,  Шегебай ағамыздың да қазасын естіп, енді бізге ондай хатты кім жазады деп көңіліміз шемен-шер болып отырған жайымыз бар.
Елін сүйген, сол елінің басылымын қадірлеп, артына тасқа басқандай етіп тәлімді сөзін қалдырған асыл жанның  топырағы торқа, қабірі нұрдан болсын. Марқұмның отбасына, балалары мен туған-туысқандарына қайғырып көңіл айта отырып, артының қайырын берсін  дейміз.

«Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар