Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында биыл көктемгі су тасқынында үйлері суда қалып, тұруға жарамсыз болып қалған Атбасар қаласының тұрғындарына жаңадан салынған 45 пәтерлік тұрғын үйден пәтер кілттері тапсырылды.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров су тасқынынан зардап шеккен отбасы иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс етіп, тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады. Ол өз сөзінде бұған дейін де осындай 45 пәтерлік бір тұрғын үйдің пайдалануға берілгендігін атап өтті. Бүгінгі үймен қоса есептегенде, көктемде ауыр жағдайға душар болған 209 отбасының 119-ы жаңа пәтерлерге қоныстандырылып отыр.
Қалған 90 отбасы желтоқсан айының соңында пайдалануға берілетін 45 пәтерлік екі тұрғын үйден жаңа пәтерлермен толық қамтамасыз етілмекші.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары осы орайда, атбасарлық тұрғындардың жыл аяғына дейін қажетті баспанаға ие болуларына Елбасы мен Үкіметтің тарапынан қамқорлықтың зор болғанын, сондай-ақ, облыстың өз тарапынан да қолдан келген барлық жағдайлардың жасалғандығын атап көрсетті. Бұған қоса, болашақта осындай төтенше жағдайларға жол берілмеуі үшін барынша жауапкершілікпен, жүйелі жұмыс істеу қажеттігіне тоқталып өтті.
Осы шараға қатысқан об-лыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек өз сөзінде құрылысты тез арада салып бітірген «Астана сервис Строймонтаж-01» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын білдірді. Аудан тұрғындары үшін осы айтулы күннің
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының жариялануымен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес. Жолдаудағы ел экономикасын көтеріп, халқымыздың тұрмысын жақсарту орайындағы басым бағыттардың өміршеңдігін бүгінгі қуанышты оқиға да айғақтай түседі.
«Болашақ» шағын ауданында бой көтерген бұл көп қабатты тұрғын үйдің тұсаукесер рәсімін жасау құрметі қарт әже Дәметкен Серікбаева мен ол кісінің немерелеріне бұйырды. Еңбек ардагері қиын-қыстау кезеңде мемлекет тарапынан көмек-қолдауға ие болғандарына ризашылығын білдірді. Ал, ерлі-зайыпты Юрий және Людмила Молодиковтар болса, жаңа тұрғын үйден пәтер алғандарына шексіз қуанышта екендіктерін жасырмады. Аз уақыттың ішінде мұндай жылы да жайлы үйді қатарға қосу оңай емес. Бірақ, көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге деген жанашырлық пен қамқорлық өз нәтижесін беріп, қаһарлы қыс өз күшіне енбей тұрып, қаншама отбасының жаңа қонысқа қоныстануларына қол жеткізілді. Бұл үшін республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиард 169 миллион теңге қаржы жұмсалғанын да айта кетсек артық емес.
Атбасар ауданы.
Суреттерді түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.