Кітап оқымайтын елге айналып барамыз

Кітапты орынды түрде жан азығы дейміз. Дегенмен, осы күні рухани байлықтан гөрі материалдық қажеттілікке  құнығып кеткеніміз жасырын емес.

Үлкендер «біздің тұсымызда кітап оқуға деген құлшыныс зор болатын» дегенді айтады. Өйткені, бұл күнде қазақ жастары кітап оқуды мүлдем дерлік доғарды деп айтпасқа лаж жоқ. Ғалымдар кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуін масс-медианың дамуымен байланыстырады. Заман алға ілгерілеген сайын, адамның рухани жан дүниесі керісінше құлдырап бара жатқан сыңайлы. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші, шетелдің даңғаза әуені, жын-ойнақ билері жастар санасына сіңісіп кетті. Ғаламтор қолданысқа енгелі әр адам өзінің «виртуалды» кеңістігінде өмір сүріп, кітап парақтау былай қалды. Ал, көркем шығарманың жастарға берер пайдасының қаперге де алынбайтыны жан ауыртады.
Әлеуметтанушы мамандардың зерттеулерінің нәтижесі бойынша еліміздегі кітапқұмар жандардың көпшілігі Қызылжар қаласының тұрғындары болып шықты. Одан кейінгі орындарда тиісінше 19 және 18,9 пайызбен Алматы және Астана қаласының  тұрғындары тұр. Тараз, Қостанай және Атырау қалалары кітап оқуға ынтасы жоқ қалалардың тізіміне еніп отыр. Ең қызығы, қазақстандықтардың арасында кітапқа мүлдем қызықпайтындар да баршылық екен. Мәселен, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 15,1 пайызы жыл бойы бірде-бір кітапты қолына алмаса, 9,9 пайызы тіптен кітап оқуға қызықпайтынын алға тартқан. Ақын Иосиф Бродскийдің «егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал, миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – дегені осындайға қаратылып айтылса керек.
Шынында, бұл мәселе бүгінгі қазақ қоғамы үшін аса өзекті болып тұр. Қазір жастарымыз да, ересектер де кітап оқуды қойып алды. Олардың күні бойы телміретіні ғаламтор мен теледидар екенін несіне жасырамыз. Бір ғана мысал. «Адамдар неге кітап оқымайды?» деген сауалға жауап іздеу мақсатында облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы кітап дүкенінде болған едік. Дүкен директоры Асылбек Көшімбайұлы:
– Біздің кезімізде жастардың көбі кітап оқуға ден қоятын. Шәкіртақыға болсын, кітап алып жатушы едік. Қазір ғаламтор дамыған әрі күнкөріс қиындаған заман ғой. Сол себепті, кітапқұмарлардың саны азайды. Қазіргі уақытта кітап дүкеніне келетін оқырмандардың дені мосқал адамдар. Яғни, кезінде кітап оқып  үйреніп қалғандар деуге болады. Немерелеріне ертегі кітапшаларын сатып алып жатқан ата-әжелер, азын-аулақ жас ата-аналар да кездесіп қалады. Бір өкініштісі, жастарды айтпағанда, орта жастағылардың өзі  дүкенге бас сұқпайды, – дейді осы мәселе төңірегінде.
Бұл кітап дүкені «Атамұра» баспасының негізінде ашылғанымен,  еліміздегі жұмыс істеп жатқан өзге баспалардың да кітаптарын сатумен айналысады. Мысалы, «Жазушы», «Қазақ энциклопедиясы», «Арыс» баспаларының туындыларына көзіміз түсті. Сондай-ақ, Ресей баспаларынан да кітаптар бар. Қазақ әдебиетінің барлық жанрлары қамтылған. Абай Құнанбаевтан бастап Сәкен Сейфуллин,  Мұқағали Мақатаев, Әзілхан Нұршайықов, Естай Мырзахметов сияқты ақын-жазушылардың әсем безендірілген кітаптары көздің жауын алады.  Бұл кітаптардың бағасы әрқилы. Айталық, «Атамұра» баспасының кітаптары баспаның өз  бағасымен сатылады. Яғни, ондай кітап оқырманға басқа баспалардың кітаптарына қарағанда, арзанырақ түседі. Сонда да, мұндағы кітаптарға қызығып, «алам» деушілер шамалы.
Аға-апаларымыздың «баяғыда еңбекақымыздан бір емес, бірнеше кітап сатып алатын кездеріміз болушы еді» деген сөздері бүгінде ертегі сияқты.  Жалпы, бұл арада мәселе соншалықты ақшаға да тіреліп тұрмағаны анық. Өйткені, сол кітапты тегін алып оқуға болатын кітапханалардың өзінде оқырман азайып кеткен. Мұның өзі бұл күнде бұрынғыдай емес, рухани құндылықтардың екінші кезекке сырғығанын, бірінші кезекке мына ашкөзденіп кеткен қоғамда бақ-дәулет, ақшаның шыққанын жазбай аңғартады.
Алайда, бұл арада жұрттың бәрі кітап оқымайды деп мүлдем түңілуге де болмас. Шама-шарқынша рухани жан азығына көңіл бөлетін, онымен жан дүниелерін байыта түсетін адамдар, соның ішінде жастар да бар. Мәселен, Назерке Нұрлыбекқызы атты студент өзі «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқандықтан ба, кітап оқуды жақсы көретінін айтады. Бала кезінде биыл туғанына 90 жыл толып отырған қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі ерекше әсер етіпті. Қазір де Мұқағали Мақатаев сияқты әйгілі ақындардың шығармаларын іздеп жүріп оқиды екен. Осы Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті Эльвира Махамбетиярова да өзіндей жастардың кітап оқымайтындығына қынжылыс білдіреді.
Ал енді кейбір жастардың «кітапты ғаламтор арқылы оқимыз» деп жеңістік бермейтін сөздері қаншалықты қисынды? Осы жағын да білмек болып, ғаламтордан ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың  «Абай жолы» романын  оқығандардың дерегін анықтадық. Сөйтсек, ондай бірде-бір оқырман кезікпеді. Сонда бұл нені көрсетеді? Тағы да біздің жастарымыздың кітап оқумен мүлде ісі жоқ екенін. Ал, бұл түрімізбен қайда барамыз? Қалай оқыған-тоқыған, жан дүниесі бай, кемелді  ұлт боламыз?!.
Мұндайда тым болмаса әлемдік тәжірибеге жүгінген жөн болар. Мысалы, шет елдерде «Bookcrossing» кітап эстафетасы жақсы дәстүр болып қалыптасқан. Кітапқұмарлар кітапты белгілі бір жерде тастап кетіп, сол жерді сайт бетінде көрсетеді. Сөйтіп, оны тапқан адам кітапты  міндетті түрде  оқып шығып, келесі жерге қойып кетуі қажет. Бұл 2001 жылы америкалық  Рон Хорнбэкердің бастамасымен пайда болған игі шара. Айта кетерлік жәйт, бұл кітап эстафетасы біздің елімізге де келгенімен, жастардың көбі оған қатыса бермейді. Сайт бетінде Өскемен, Ақтөбе, Қарағанды қалаларынан ғана бірен-саран мұндай хабарламалар бар. Оның өзінде, көбінесе әңгіме орыс тіліндегі көркем шығармалар тұрғысында ғана.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кітап оқымайтын елге айналып барамыз. Кітапхана, кітап дүкендерін керек етпейтін жастардың өсіп келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады, тіпті, қорқыныш болып көрінеді. Жалғыз кітап емес, қазіргі уақытта өз ана тіліміздегі мерзімдік басылымдарды жаздырып алу, тым болмаса, оларды баспасөз дүңгіршектерінен сатып алып оқу да қалып бара жатыр. Бұл нені көрсетеді? Ұлтымыздың, соның ішінде әсіресе, жастардың жаппай рухани жұтаңдыққа бой ұрып бара жатқандығын. Ал, онымен бүгін демей-ақ қояйық, күні ертең төрт құбыламыз тең бола ма?!. Міне, ұлт дегенде, рух дегенде, жанға бататын және бір басты сауал осы…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар