Он баланың анасы

тым болмаса, жайлы бір бөлмеге қолым жетсе дейді…

Он бала тәрбиелеп, өсіріп, «Алтын алқаның» иегері атанған Степняк қаласының тұрғыны Қадиша Рақышева жетпістен асқан жасында баспана тауқыметін тартып отыр баспанатауқымежақындаған жан.

Кезінде шопанның көмекшісі, малшы, аспаз бола жүріп, Гүлжайнар, Сағындық, Жеңіс, Сансызбай, Болат, Үміт, Анар, Қарашаш, Амангүл, Теңдік есімді он перзентті дүниеге әкелген ананың өмірден өткен Болатынан басқа ұл-қыздарының бәрі бүгінде бір-бір шаңырақтың иелері.
Жас кезінде қара жұмысты  ауырсынбай атқарған бұл кісінің  жасы ұлғайған сайын жанына түрлі сырқаттар үйір болыпты. Басы ауырып, балтыры жиі сыздайды. Осындайда ол жанына тыныштық іздейді. Жарты ғасырдай отасқан отағасынан айрылғалы Қадиша Әбуқызы әр қызын бір паналайды.  Күйеу балаларынан қысылғанымен, келіндерімен тұрғысы келмейтіндігін ашық айтады.
Немерелерінің де алды үйлі-баранды болып отыр.  Жиырмадан астам немересі, төрт шөбересі бар алтын құрсақты ана жылына бір-ақ рет айналып келетін Қарттар күнінде де елей бермейтін жергілікті билік өкілдеріне ренжиді.
− Балаларымның әрқайсысының өз отбасы, менен де басқа бас ауыртатын мәселелері көп қой. Сондықтан да, ешкімге ауыртпалық салмай, өзім жалғыз тұрғым келеді. Келіндерімнің де, күйеу балаларымның да көзіне жеккөрінішті көрінгім келмейді. Билік орталықтандырылған жылу мен суға қосылған қуықтай бір бөлме берсе екен деймін. Енді қанша өмірім қалды дейсің, − дейді шерлі ана.
Бүгінде бар уайымы баспана болған апа қолға алатын 40 мыңдай зейнетақысының бәрін бағасы удай қымбат дәрі-дәрмекке жұмсайды. Ал, үнемі сандықтың түбінде шаң басып жататын «Алтын алқасына» ауыз толтырып айтатын еш жеңілдік қарастырылмапты.
Тоқсан екінші болып үй кезегінде тұрған адамға ешкім бүгін-ертең пәтер кілтін ұстатқалы жатқан жоқ. Себебі, бір-екі емес, бақандай он балаға өмір сыйлаған ондаған аналар қартайған шағында өз перзенттерінің қолына сыймай, жан жылуынан тарығып, бастарына жеке баспана іздеп жүргенінен де хабардармыз.  Бұл бүгінде екінің бірінің басында кездесетін «қалыпты» жағдайға айналып кетті. Қаншалықты жандары ашығанымен, шенеуніктер заңнан аттай алмайды.
 Бәлкім, пәтер жалдап, бар тапқан-таянғанын соны төлеуге жұмсайтын балаларының ауыр тұрмысы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі де қарттарды күтуге мүмкіндік бермейтін шығар?  Қалай десек те, бұл құбылыс – қоғамның безбүйректенгендігінің айқын көрінісі, қандай жағдайда болсын, қартайған ата-анасына қарау әр баланың басты перзенттік парызы болып табылатын қазақы дүниетанымнан ажырай бастағандығымыздың белгісі демеске амал жоқ.
Қадиша анадай батыр аналарымыз қандай құрметке болсын, лайық емес пе? Тірісінде осы ардақтыларымызды бағалай білмесек,  кімді сыйлап жарытпақпыз?!. Бұл әсіресе, мына жағдайда биліктен гөрі балаларына қатысты айтылатын сөз-ау деп осы жазғанымызға нүкте қойдық.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар