Ерболат ақын

Таяуда облыстық әдебиет және өнер мұражайы өзінің жаңа қонысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерболат Баятұлының елу жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешін өткізді.

Ерболат Баятұлы – сан қырлы талант иесі. «Түркі-моңғол эпостарының сюжеттер типологиясы» атты монография жазып, қазақ әдебиетінің көне ғасырдан керуен тартқан сырлы да соқпақты қойнауына тереңдей еніп, әріге бойлайтын білімдар ғалымдығын, әр сөзінің астына атан түйеге жүк болар мағына-мазмұн сыйғызып, өршіл өлең жазатын ақындығын, көркем әдебиетте алдына қара салдырмайтын жазушылығын, Алтайдың ар жағынан елге оралған қандастарымызды бастап келген қайраткерлігін, сыбызғыдай сызылта шырқар әншілігін, қоғамдағы қилы-қилы тақырыптарға қалам тербеген журналистігін айтсақ па екен. Бірақ, қаламгердің бітім-болмысы, өзгеден оқ бойы озық жаратылысы, айрықша қарым-қабілеті бүгінгі күні мақтауды қажет етпейді.

Кеш қаламгердің бір ғана қырына арналды. Ол Ерболаттың ақындығы. Демек, поэзияны насихаттау, ойлы өлеңнің өзегіндегі сезім теңізінде, алабұртқан көңіл көлінің айдынында жүздірген сөз патшасының өзгеше салтанат құрған сәті болды. Кеш әдемі өтті, әсерлі өтті. Жастар ақынның бүгінгі күннің қаны шығып тұрған тақырыбына жазылған өткір өлеңдерін өлең табиғатына сай әсерге бөленіп тұрып, тебіреніп оқыды. Марқасқа, жауынгер Махамбеттің мақамындай, ел қамын жеген Едігенің сарынындай.
Жалғыз өлең ғана емес, ән де шырқалды. Ерболат мәтінін жазған әндер. Белгілі композитор Құрмет Сақаймен бірлесіп жазған «Алты Алаштың ардағы», «Туған жер» әндері 2007-2008 жылдары Астана қаласында ұйымдастырылған республикалық «Елім  менің» патриоттық әндер байқауында екі мәрте бірінші орын алған. Ақынның өзі облыстық, республикалық ақындар мүшәйрасында сан мәрте жеңімпаз атанған. «Түсіме тау кіреді» атты жыр жинағы жарық көрген.
Кешті облыстық әдебиет және өнер мұражайының директоры Нұрбек Нұралы ашты. Шешен өз сөзінде өзі басшылық жасап отырған мұражайдың әдебиет пен өнерге жанашыр басшылардың қолдауының арқасында жаңа ғимаратқа көшкендігін, ендігі арада әдеби кештерді ұйымдастыруға мол мүмкіндік туып отырғандығын айта келіп, сол жарқын шаралардың алғашқы бастамасы бүгінгі жүздесу екендігін тілге тиек етті. Кеш барысында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, облыстық «Арқа  ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші, ғалым Сәбит Жәмбек және басқалары сөз сөйлеп, Ерболат ақынның жырлары жайлы ойлы пікір білдірсе, «Оқжетпес», «Номад» топтары мен белгілі әнші Адам Хәкім, Гүлмира Қалқатайлар кеш шырайын аша түсті. Олар Ерболаттың Құрмет Сақай, Ерлан Ташев тәрізді сазгерлермен бірлесіп жазған әндерін орындады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар