Жерлесіміз «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы

Елорда төрінде осымен он жетінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысқан Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқушысы Лолита Хугаева «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша бас жүлдеге ие болды

Ең алғаш 1998 жылы ұйымдастырылған бұл фестиваль 2000 жылы халықаралық байқау мәртебесіне ие болған еді. Биылғы байқауда  «Шабыт» сыйлығына үміткерлер «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Камералық музыка», «Халық музыкасы», «Ең үздік әдеби шығарма» және «Хореография» аталымдары бойынша сайысқа түсті. Байқауға қазақстандық және шетелдік өнер майталмандарынан құрылған қазылар алқасы төрелік етті. Фестивальге Қазақстан, Қытай, Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің шығармашыл жастары қатысып, солардың арасынан шын талант иелері іріктелді.

Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Дизайн» және «Халық аспаптар оркестрінің жетекшісі» мамандықтары бойынша тәрбиеленушілері биыл да фестивальден шет қалған жоқ. Атап айтқанда, колледж атынан «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша Лолита Хугаева (жетекшісі – Дужан Мағзұмов), Дамира Жұмабекова, Аягөз Ақтаева, Әйгерім Ахмет (жетекшілері – Ұлболсын Мәмбетова) және «Халық музыкасы» аталымы бойынша Мадина Хайса мен Байболат Ерқанат (жетекшілері – Алтыншаш Хасенова) өнер сынына түсті.
«Бейнелеу өнері» аталымы бойынша байқау Тәуелсіздік сарайында өтті. Фестиваль аясында ұлттық болмысымыз бен тұрмысымызды насихаттайтын кескіндеме мен графика өнерін дәріптеуге арналған көрме ұйымдастырылып, Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Кәміл Муллашев, Астана қалалық Суретшілер одағының басқарма төрағасы Тоқтар Ермеков, Тәуелсіздік сарайының директоры Әсел Өміршина жас суретшілердің туындылары жайлы өз пікірлерімен бөлісті.
Фестивальдің алғашқы күнінде ұсынылған шығармаларға сұрыптау жүргізілді. Нәтижесінде шет елдерден және Қазақстанның әр өңірлерінен келген 181 үміткердің 50-і ғана іріктеуден өтті. Мұндай құрметке жерлестеріміз Аягөз Ақтаева мен Лолита Хугаева ие болды.
Ақмола облысының тарихында алғаш рет «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқушысы Лолита Хугаева «Замандасымның портреті» картинасымен бас жүлдеге ие болды. Колледжді үздік дипломмен тәмамдаған жас таланттың оқу орнында жеке көрмесі де ұйымдастырылған еді. Лолитаның туындысы қазылар алқасы мен көрермендерді шебер орындалуымен ғана емес, өзіндік астарлы мазмұнымен де қызықтырды. Бұл жеңіске жас суретшінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшесі Дужан Нұроллаұлының еңбегі ерекше.
Өткен маусым айында талантты, шығармашыл жастардың басын қосқан республикалық «Дельфий ойындары» байқауында осы колледждің оқушысы Ажар Есет «Дизайн» мамандығы бойынша топ жарған болатын. Енді міне, тағы бір оқушымыз осы беделді халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Бұл жеңістің колледж ұстаздарын одан әрі де жаңа биік белестерге бастай түсері анық.
Ұлболсын МӘМБЕТОВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет
колледжінің бейнелеу өнері магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар