Сот шешімімен кінәлі деп танылып, айыппұл төлеуге міндеттелетін тұлғалар көбіне бұл іске атүсті қарап жатады. Борышкерлердің айыппұлдарды уақытылы төлемеуі, жалпы алғанда, аталған соманың күн санап арта түсуі бұл салада «Шектеу» жүйесі енгізілді.
Орталықтандырылған мәліметтер қоры саналатын аталған жүйе бүгінде өмірлік қажеттілікке айналып отыр. Осы орайда, ағымдағы жылдың 15 қаңтарында Мемлекет басшысының құқықтық статистика мен арнайы есеп жүргізу саласындағы жаңа заңнамаға қол қойғандығы белгілі. Аталған заң аясында комитетке атқару парақтары бойынша міндеттемелерін орындамаған борышкерлерді, сонымен қатар, әкімшілік айыппұл салу жөніндегі қаулыны өз еркімен орындамаған тұлғаларды есепке алу құқықтары беріліп отыр. Бұл мүмкіндік бізге Сот актілерін орындау жөніндегі комитетпен еш кедергісіз мәліметтер алмасуға жағдай жасауда.
Бүгінгі таңда қандайда бір мемлекеттік қызметтерді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген заңды және жеке тұлғаларға орындаушылық іс жүргізу мен әкімшілік айыппұлдар бойынша борыштарының бар немесе жоқ екендігі жөнінде ақпарат беріледі. Дәл осындай деректерді азаматтар сандық қолтаңбаларын енгізу арқылы комитет сайтындағы «Ақпарттық қызмет» бөлімінен де ала алады. Бұл мәліметтер қорына кіру үшін ғаламторды пайдаланушылар өздерінің тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын және жеке сәйкестендіру нөмірлерін көрсетулері тиіс. Ал, заңды тұлғалар бо-йынша мәліметтер алу үшін бірыңғай сәйкестендіру нөмірі мен салық төлеушінің нөмірі сияқты деректер енгізіледі.
Борыш туралы мәлімет алғаннан кейін сол жерден-ақ, әкімшілік айыппұлдар жөніндегі ақпаратты басып шығаруға болады. Осы қызметті пайдаланушыларға көрсетілетін мүмкіндіктер аясын одан әрі кеңейту мақсатында порталда онлайн жүйесінде айыппұлды төлеуге арналған екінші деңгейлі банктердің төлеу шлюздерін ашу да көзделіп отыр.
Жалпы, аталған жүйені пайдаланудағы негізгі мақсат − еліміздегі барлық құқық қорғау және арнайы есеп органдарының жедел ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, оларға борышкерлердің жұмыс орнын анықтау мен берешекті ұстап қалу туралы хабарламаны жіберуге оңтайлы жағдай туғызу болып табылады. «Шектеу» сондай-ақ, борышкерлер санатындағы азаматтарға шетелге ұшпай тұрып, айыппұлдарын төлету үшін де қажет. Себебі, бұл жүйе әуежайларда берешек азаматтарға өз міндеттерін еске салу тетіктерін де қарастырады.
Әлия ҚАЙЫРБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Ақмола облысы бойынша басқармасы бөлімінің аға прокуроры,
кіші әділет кеңесшісі.