Жолшылар «рахметін» қашан қияр екен?!.

Биылғы жылдың 14 ақпанында Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Оң көзқарас танытылса, дұрысталып-ақ кететін шаруа» атты мақаласы бізге де ой салғандықтан, қолымызға қалам алуымызға тура келді.

Автордың көтерген мәселесі орынды-ақ. Осы автобанға қатысты бізді де алаңдатып отырған тағы бір өзекті мәселе тіл мәселесі дер едім. «Астана–Бурабай» ақылы жолының іске қосылғанына біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін жүргізушілерге мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмей келе жатқаны өкінішті-ақ. Осы жолмен қаншама рет жүріп өтсек те, кассаларда орыс тілінде жазылған «спасибо» сөзін ғана көріп, бір ауыз «рахметке» зар болып қалғанымыз қалай?! Өзінің мемлекеттік тілі бар Қазақстандай егемен елде тұрып жатқаннан кейін ана тіліміз кез келген жерде ресми тілден асып түспесе де, тең дәрежеде қолданыста болуы тиіс деп есептеймін. Қазақ тілінің мәселесін тездетіп шешу керектігін біз сияқты қарапайым халық қана емес, Елбасымыз да өзінің Жолдауларында  айтқан болатын.
Алыс жолдан келе жатқан жолаушыға жолақысын төлегені үшін қазақ тілінде рахметімізді айтып, оң сапар тілесек, одан ештеңеміз кетпейді. Керісінше, тілімізге деген құрмет арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан да, автобанда тұрған қондырғыларға  жуық арада қазақша жазуларды енгізуіміз қажет. Осы бір өтінішімізді билік өкілдері тездетіп қолға алса жөн болар еді.
Шынар БЕКБАЕВА.
Целиноград ауданы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар