Құрылысқа қарқын қажет

Жуырда болып өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, осы бағдарлама бо-йынша бөлінетін қаржының  мақсатты пайдаланылуы қаралды.

Тұрақты комиссияның төрағасы Анатолий Куликов жүргізген комиссия отырысына  облыстық мәслихаттың депутаттары, басқарма және ведомство басшылары қатысты. Аталмыш бағдарламаның 2012-2014 жылдары жүзеге асырылуының мәселелері жөнінде тұрақты комиссияның мүшесі Сергей Зиборов хабарлама жасады. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметі бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары 96,5 пайызға орындалған. Дегенмен, пәтер кезегіндегілер мен жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді салу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Коммерциялық тұрғын үй құрылысының жоспары да орындалмапты. Жеке меншік тұрғын үй құрылысы да баяу жүргізілуде. Бағдарламаның басымдықтарының бірі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі желісі бойынша тұрғын үй» бағыты болып табылады. Дегенмен, бұл бағыттағы қаржы да тиімді пайдаланылмаған.
Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны Көкшетау мен Степногорск қалалары, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын және Шортанды аудандарының бағдарлама әкімшіліктері толық игермеген. Сондай-ақ, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаржыны Көкшетау қаласы мен Есіл, Еңбекшілдер мен Зеренді аудандары тиімді пайдалана алмапты. Тексеру комиссиясы мен облыстық прокуратура өткізген бақылау шараларының нәтижесінде бюджеттік қаржыны жұмсау және коммуналдық меншіктен тұрғын үй бөлу кезінде бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталып отыр. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдармен әлеуметтік маңызы зор нысандар уақытында пайдалануға берілмей, азаматтардың тұрғын үйге деген құқығы бұзылған. Осы орайда, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дмитрий Петьконың есебі тыңдалды. Ол барлық кінәні мердігерлер мен қаржыландырушыларға артып баққанымен, тұрақты комиссия мүшелерінің сынына ілекті. Мәселен, құрылыс саласында білікті мамандар мен арнайы техникалар жетіспейді. Ал, тендерді жұмыс таратушылар жеңіп алатын көрінеді. Үй құрылысы дұрыс жоспарланбайды. Жұмыс сапасына ешкім көңіл бөлмейді. Нысан пайдалануға берілгенде тиісті бақылау жүргізілмейді. Осының салдарынан облыс орталығындағы 5 қабатты үй ағынды су жүйесіне қосылмапты. Отырыста Жақсы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Садыровтың есебі тыңдалды.
Шара соңында тұрақты комиссия атқарушы органдардың әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысының жұмысын жандандыруын, «Қолжетімді баспана» бағдарламасындағы кемшіліктерді жоюын, бюджеттік қаржыны толық игеруін, қаржыны игеру кезінде заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде қаулы қабылдады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар