Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рухани әлемге қосылған жылы ағыс - АРҚА АЖАРЫ

Рухани әлемге қосылған жылы ағыс

 Бір кезде тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз ақ жарылқап күн туғанда тарихи Отанына орала бастады. Бұл ең алдымен еліміздің егемендікке қолы жетіп, тәуелсіздік таңы атуымен тікелей байланысты, сүйінішті сәті еді.

  Біздің Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне де шекараның арғы бетінде ата-бабасының қасиетті топырағын аңсаумен күн кешкен жас толқын келіп білім алуда. Бірден айта кетейік, олардың бойында ұлттық өнердің бай мұрасы, халықтың баға жетпес қазынасы бар екен. Шұбарланбаған, өзге тілмен бүлінбеген, кестелі көркем тіліміз қандай. Көргенде, тыңдағанда көңілің қуанады. Жат жерде жүріп, тағдырдың тауқыметін кешсе де, тілін сақтап қалған, дінін сақтап қалған ерліктеріне тәнті боласың.
Біздің колледжде білім алған Зейнеп Ануар 2004 жылы Қытайдағы Шеньян мектебін бітірген екен. 2008-2011 жылдар аралығында педагог-мәдени демалыс ұйымдастырушысы, көркемөнерпаз театрының режиссері біліктілігі бойынша біздің оқу орнын тәмамдағаннан кейін Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық академия-сында білімін жалғастыруда. Колледж-де оқып жүрген кезінде балау-са өнерімен көзге түсті. Оқу орнында ұйымдастырылатын әрқилы мәдени шараларға белсене араласып, болашағынан үлкен үміт күттіретін өнерпаз екендігін таныта білді. Өз шәкіртіміздің жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай талапты ұланның бірі – Ұлықпан Қайратбек Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұлттық автономиялық аймағындағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Мектепте жүрген кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысқан екен. Ұлықпан – өткен жылғы түлегіміз. Қазір Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында актер. Біздің білім ошағында білім нәрімен сусындап жүрген кезінде қалалық, облыстық бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы атанды. Көкшетау қалалық «Жігіт сұлтаны» байқауында үшінші орынды жеңіп алды. Марий Эль Респуб-ликасында өткен халықаралық театр фестивалінде «Үздік актер» аталымын жеңіп алды.
Тағы бір жылы лебіз білдіруге әбден лайықты өнерпаздың бірі – Арысбек Нұрбек. Талапты жас Қытайдағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Колледж қабырғасында білім ала жүріп, өнер, спорт сайыстарына белсене қатысуда. Оның бойындағы қабілет-қарымы, білімге деген ұмтылысы, өнерге деген ықыласы өзінің замандастарына әбден үлгі боларлық. Атам қазақ «талаптыға нұр жауады» демей ме. Дәл осылай білім қуған жастың болашақта алдынан сара жолы ашылып, ойдағысы орындалатындығына кәміл сенеміз.
Осындай білім алушылармен қатар, туған жер топырағына сағынышпен оралған Бақытжан Нәжіпхан қазір домбырадан сабақ беріп жүр. Ұлтымыздың қасиетті аспабының құдіретін ұғындыруда, жас шәкірттерді баулуда биікке шыққан ұлағатты ұстаз. Қытай басылымдарында да Бақытжанның бірегей өнері жайында әлденеше рет жазылған.
–Мен Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданында дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң Үрімжі қаласында оқыдым. Бала кезімнен сурет салуды ұнатамын. Сондықтан да, дизайн өнеріне қызығып, білімімді ұштай түстім. Анам мен ағамның қолдауының арқасында атажұртта оқып, білім алуға жол ашылды,–Нарғұлан Арапұлы,–менің бойымдағы іңкәрліктің кең өріс ашуына колледждегі оқытушылардың ықпалы зор болып тұр.
Қияннан қоныс аударып, атажұрттағы ағайынның ыстық құшағына күмп ете түскен өнерлі жастың бірі – Екпін Тоқтар.  Екпін жайлы кеңінен тоқталып айтуға болады. Кіндік қаны Алтай аймағындағы Буыршын ауданында тамған өнерге ынтық жастың дұрыс жол таңдауына себепші болған нағашы ағасы Екпін Советхан екен. Нағашысы да бір басында сан өнері бар, қара сөздің қаймағын қалқыған ділмар, айтыста топ жарған ақын адам екен. 2011 жылы ата- жұртқа ат басын тірегенде дәм алғаш Қостанай облысының Арқалық қаласынан бұйырған. Атақты айтыскер ақын Айбек Қалиевтің тәрбиесін көрген. Кейін Көкшетау қаласындағы біздің колледжге келген соң қанаты енді қатайып келе жатқан тастүлектің талабы тас жарарлықтай беки түсті. Абылай ханның 300 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасында бірінші орын алса, талантты жастар фестивалінде «Үздік ақын» аталымына ие болды. Одан басқа да мерейімізді өсірген сүйінішті сәті аз емес. Он шақты ән шығарып, осы бір ақсүйек өнерде бағын сынап жүр. Қазір жас замандастары Екпіннің әндерін жиі орындайды.
Шерге бөккен шекараның арғы бетінде шерменде болып жүріп, Алаштың ақ жарылқап күн туғанда туған жердің топырағын табанымен басып, тәу етіп, ел қатарлы білім алып, өнерін өрістетуге, мәдениетін мәйекті етуге ұмтылып жүрген жас толқынның жарасымды ісін замандастарына үлгі болсын деп бірауыз сөзбен түйіндеп шықтым. Ақпайтын су дәмді болмас, ілкі заманда тұрымтайдың текпінімен қыр асып кеткен қазақтың қазынасы осы жастардың көкірегінде балауса дән болып қайта оралып жатыр. Сол қуаныш.  

Айша ЖАНҰЗАҚОВА,
Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар