Балаларға қуаныш сыйлады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Елордамыз – Астана қаласында да көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Сондай игі шаралардың бірі «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық қоры түрлі сырқаттарға шалдыққан балаларды қолдау шаралары аясында «Мейірімділік арқылы бірлікке» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Наталья Калашникова, «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев, «Қазақстан халқы Ассамблеясы  қоры» қоғамдық ұйымының директоры Алмагүл Сәлімбаева және басқа да мүдделі азаматтар қатысты.
Акция аясында орталықта балалардың ойын алаңы орнатылып, сырқат балалар үшін өте қажет дәрі-дәрмектер, басқа да көптеген сый-сияпат тарту етілді. Сондай-ақ, этно – мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен талантты жастар ән мен күйден шашу шашты.
–Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің орталыққа үнемі көмек қолын созып келеді, – дейді «Ана мен баланы қорғау Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Тамара Вощенкова. –Кейінгі төрт жылда ғана 300 баланы емдеуге шетелден мамандар шақыру, қажетті дәрі-дәрмектер алу және басқа да шараларға барлығы 41 миллион теңгеге түрлі көмек көрсетілді. Бұл үрдіс әлі де өз жалғасын табады деп сенеміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының осындай игі шараларға бастамашы болуы құптарлық жай. Осындай қайырымдылық шараларын басқа да мүмкіндіктері мол кәсіпорындар мен мекемелер, түрлі коммерциялық құрылымдар да қолға алып жатса, тіпті тамаша емес пе.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар