Топ жарғандар

Облыс әкімі Сергей Кулагин дарынды жеткіншектерді марапаттау салтанатына қатысып, «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» білім сайыстарында үздік шыққан 12 жеңімпазға бағалы сыйлықтар тапсырды.

2014-2015 оқу жылының қорытындысына сәйкес облыс бо-йынша 47 оқушы республикалық, 25 оқушы халықаралық ғылыми олимпиадалардың жүлдегерлері атанған. Осы балалардың қырық алтысы мектеп бітіруші түлектер. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің шешімімен бұл оқушылар биылғы жылы өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан босатылған.   
Өңір басшысы кездесуде алдымен еліміздің мақтанышы, облыс намысын қолдан бермей, оқыған-тоқығандары таразыланатын білім сайыстарында үздік шыққан оқушыларды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Сонымен бірге, балалардың бойындағы дарыны мен қабілетін ерте кезден байқап, оларға тиісті бағыт-бағдар берген ата-аналары мен ғылым жолына бастаған жетекшілеріне де зор алғысын жеткізді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің іргесін мықты етіп бекіту, сапалы да саналы кадр-лармен толықтыру үшін дарынды оқушыларымызды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерге оқуға жіберген еді. Шет ел экономикасын, өндірісін, түрлі шаруашылықтарын көздерімен көріп, тәжірибе алмасып келген жастарға үлкен сенім артып, оларды ел ісіне белсене араластырды. Міне, бүгінде біз де сіздердің осынау жетістіктеріңізді барынша мақтан тұтып, болашақта елін сүйетін, тарихын ардақтайтын, заманына сай білікті де білімді азаматтар болатындықтарыңызға сенім білдіреміз, – дей келе, өңір басшысы Сергей Кулагин республикалық және халықаралық білім додаларында үздік шығып, бірінші орынды қанжығаларына байлап оралған 12 оқушы мен олардың жетекшілеріне бағалы сыйлықтармен қатар Алғыс хаттарды табыс етті.

Марапаттау салтанатынан соң сөз алған республикалық «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауының жеңімпазы, Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысы Адиат Рахматуллин мен Кореяның Тэджон қаласында өткен халықаралық «Жас ғалым» байқауының жүлдегері, Астана қаласының дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Мөлдір Аманжол өздерінің қатысқан байқаулары мен жетістіктері туралы айта келе, болашақта немен айналысқылары келетіндіктерін жеткізді. Әсіресе, олардың ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне деген көзқарастары мен оған қатысуға деген талпыныстары жиналған қауымның да көңілінен шықты.
Дарынды балаларды марапаттап, мадақтауға арналған кештің ажарын Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері аша түсті. Іс-шара соңында оқушылар облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар