Жолдар жақсы болса…

 Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

  Кеңесте облыс әкімі ең алдымен, кадрлық мәселелерге тоқталып, жиналғандарға Әнуар Күмпекеевтің Степногорск қаласының, ал, Асылбек Исмағамбетовтың Сандықтау ауданының әкімдері болып тағайындалғандығын жеткізді.
Бұдан әрі өңір басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың Ақмола облысына жұмыс сапары туралы айта келіп, сегіз елдің Премьер-Министрі, сондай-ақ, Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-Министрі келген көрікті Бурабай өңіріндегі ТМД мемлекеттерінің Үкімет басшылары кеңесі мен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысының ойдағыдай  өткендігіне  тоқталды. Бурабайдың  халықаралық деңгейдегі үлкен ресми жиындар өтетін орталыққа айналып келе жатқандығы ақмолалықтар үшін зор  мерей екендігі белгілі. Осы алқалы бас қосуды ұйымдастыру шараларына атсалысқан ведомстволар мен басқармалардың басшыларына алғыс білдірген Сергей Кулагин Премьер-Министрдің Ақкөл ауданында, сондай-ақ, бірқатар кәсіпорындарда болғандығын айтып, енді осы сапардың көзделген нәтижесінің толымды
болуына облыс тарапынан  бар күш-жігерді салу қажеттігін де ескертіп өтті.
Облыста инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Бекішев өңірде жергілікті деңгейдегі 5622 шақырым жол бар екендігін, биыл жаңадан жол салуға, бұрынғыларын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 5 миллиард 877 мың теңге қаржы бөлініп отырғандығын жеткізді. Алайда, облыс әкімі  жыл сайын бөлінетін осындай қыруар қаржының әлі де болса өз мақсатында тиімді жұмсалмайтындығын алға тартып, өңір жолдарының көбіне-көп нашар екендігін нақты мысалдармен  дәлелдеп берді. Бұл үшін не істеу керек? Сергей Кулагиннің  айтуынша, жол құрылысына, оның сапасына бақылауды күшейту керек. Облыста жол бойында, су көздерінің үстінен салынған көпірлерде байқалып отырған кейбір ақаулар да ұзақ уақыт түзетілмей, сол қалпы қала береді. Сондықтан, аталған басқарма басшылығына Зеренді көпіріндегі осындай кінәратты бір айдың ішінде жөнге келтіру тапсырылды.

Бұдан кейін «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Талғат Смағұлов та өз әріптесімен бірге, республикалық жолдардың күтіп ұсталуы, ондағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы есеп берді. Бұл орайда да, әңгіме қатты болғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі әсіресе, осал жол учаскелерін нақты атап көрсетіп, мұндай олқылықтың негізгі себеп-салдарын да бүгіп қалмады. Сөйтіп, осы сыннан дұрыс қорытынды шығарудың нақты мерзімін белгіледі.
Аталмыш аппарат кеңесінде сөз берілген құрылыс басқармасы мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшылары Дмитрий Петько мен Александр  Мартыненко да жұмысты ұйымдастыруда  өз аттарына біраз сын естіді.  Бұл салаларда да жобалау-сметалық құжаттамалардың құны тым қымбат болуынан, мердігер ұйымдар конкурстарда өздері жеңіп алған нысандар құрылысына найқалып кеш кірісулерінен, соның салдарынан оның бағасының одан әрі өсуінен іркілістер жиі  орын алуда. Щучинскідегі су тазарту құрылғыларының іске қосылғандығына біраз уақыт өтсе де, әлі балансқа берілмеген.  Осындай арқаны кеңге салушылықтар сайып келгенде, бүкіл жұмысқа салқынын тигізетіні анық.
Облыс әкімі бұдан кейін жиналғандар назарын министрліктермен және ведомстволармен көбірек жұмыс істеуге, оларға барып, әр сала өз мәселелерін шешуге күш салып отыруларына аударды. Әзірше мұндай белсенділік байқалмайды, көбіне дайынға ие болу пиғылы басым. Жауын-шашынның жиі  жауғандығынан көктемгі дала жұмыстары да созыла түсуде. Маусымның 7-іне дейін ауа райы ашық болады деген болжам бар.  Сондықтан, осы уақыт аралығын тиімді пайдаланып, көктемгі егісті толық аяқтап шықпай болмайды.  Кеңесте  қаралған басқа да мәселелерден, атап айтсақ, ұйқы ауруына шалдыққан  Калачи тұрғындарын басқа жаққа көшіру қарекетінен облыс әкімінің ортақ іске деген жанашырлығы, осы тұрғыдағы табандылығы айқын аңғарыла түскендей. Бұл орайда, тиісті ұйымдар да осы істердің бір жағынан шығысып,  жұмысты ширата білгендері жөн.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар