Жаңа жерге көшірілмекші

Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарында болып, әлеуметтік-өндірістік нысандардың құрылысы-мен танысты, сондай-ақ, селолық округ әкімдері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды.

  Жұмыс сапарын Атбасар ауданынан бастаған өңір басшысы алдымен «Анаида» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің танап басында Атбасар және Жақсы аудандарының селолық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің басын қосып, көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу мәселесіне назар аударды.
Жиында облыс басшысы толассыз жауған жаңбыр жұмыстарына қолбайлау болып отырған диқандарға науқанды көпке соз-бай бір аптаның ішінде аяқтауды тапсырды.
– Қазір күннің қабағы ашылды. Сондықтан, осы сәтті тиімді пайдаланып, екі ауысымда жұмыс істеуге шақырамын. Қолда бар техника мен қосымша жұмысшы күшін жұмылдыра отырып, мау-сым айының 5-6 күндерінде толық аяқтауды тапсырамын. Одан кейін бірден химиялық өңдеу жұмыстарына кірісуіміз қажет. Өйткені, биыл жердің ылғалды болуына байланысты арамшөптің тез бас көтеретіні белгілі, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы дән сіңіру жұмыстарын Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының ғылыми тәжірибелеріне сүйене жүргізу қажет екенін де айтып өтті. Өз кезегінде диқандар да көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін алғыстарын білдірді. Биылғы жылы шаруашылықтардың барлығы дерлік арзандатылған жанар-жағармай және қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген.
Айталық, бір ғана Атбасар ауданының диқандары биылғы жылы 381,9 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдар егуді межелеп отыр. Мұнымен қоса, көпжылдық шөп пен майлы дақылдар, картоп және көкөніс отырғызу да жоспарда бар.
– Қазірдің өзінде белгіленген жоспардың 32 пайыздан астамы орындалды. Науқанға барлығы 857 техника, оның ішінде 97 бірлік шетелдік егіс кешені жұмылдырылған. Күн ашық болса, маусым айының 5-6 күндеріне дейін толық аяқтаймыз, – дейді Атбасар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Игібаев.
Бұдан кейін өңір басшысы Есіл ауданындағы аты шулы Красногорск елді мекенінде болып, кент тұрғындарымен кездесті. Кездесуде әлеуеті төмен, келешегі жоқ елді мекеннің халқын облыстың өзге өңірлеріне көшіру мәселесін талқылады. Бүгінгі күні халық арасында «Ұйқылы ауыл» атанып кеткен Калачи мен Красногорск елді мекендерінен барлығы 62 отбасы көшірілген екен. Олардың денін көп-балалы отбасылар құрайды. Облыс әкімі осы жолы да ең алдымен балалар мен Красногорск тұрғындарына басымдық беріліп отырғандығын алға тартты. Осы орайда, ешкімнің де күштеп көшірілмейтінін ескертті.
– Мен сіздерге ұсыныс жасай келдім.  Менің басты міндетім мұндағы балаларды әкету, олардың алаңдамай  білім алып, жақсы өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады. Көшуге ниетті тұрғындар болса, оларға Есіл мен көрші Державинск қалаларынан пәтер беретін боламыз. Ал, көшпей осында қалғысы келетіндердің еркі біледі. Ешкімді де күштеп көшірмейміз. Тек мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар дегім келеді. Өйткені, Красногорск пен Калачи ауылдарының келешегі жоқ, – деп қадап айтты облыс әкімі.
Өз кезегінде тұрғындар көшірілген кезде, жұмысқа орналасу және жаңа пәтерлерін жекешелендіру мәселесін айтып шағымданды. Облыс басшысы көшірілген адамдардың барлығы жұмыспен қамтылатынын және олардың жағдайы одан әрі әкімдік бақылауында болатынын түсіндіріп берді. Ал, жекешелендіру мәселесі заң аясында шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Есіл қаласында салынып жатқан 73 және 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен қалпына келтіріліп жатқан 40 пәтерлі тұрғын үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.  
Мұндағы 73 пәтерлі тұрғын үйдің құны жоба бойынша 400 миллион теңгеден асады. Қазығы әлі қағылмаған аталған тұрғын үйді тендерде жеңіп алған мердігерлерге қайткен күнде де қыркүйек айына дейін салып бітіруін шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған бу қазандығында да болды.
Жарқайың ауданына сапары барысында «Мадияр-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің танап басында жергілікті және Есіл аудандарының селолық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп,  дән сіңіру жұмыстарының барысын талқылады. Өткен жылы егін орағын облыста алғашқы болып аяқтаған, егін шаруашылығы жақсы дамыған астықты өңір Жарқайың ауданының диқандары биылға межеленген 552 мың гектардың 50 пайызға жуығын еңсеріп тастапты. Сапар соңында облыс әкімі Державинск қаласының «Молодежный» шағын ауданындағы 75 пәтерлі тұрғын үйдегі қалпына келтіру жұмыстары және 70 кереуетке арналған емхана мен аурухананың құрылысына назар аударды. Бұл әлеуметтік нысандардың құрылысын
«Уральскстройинвест» серіктестігі қолға алған. Серіктестік басшысы Алексей Безьяновтың сөзіне қарағанда, құрылыс алаңында 182 адам жұмыс істейді. Қазіргі кезде 3 қабатты емхананың бірінші қабаты тұрғызылған.
Сапарын қорытындылаған облыс әкімі қолға алынған барлық әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын ширатып, көп кешіктірмей белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Суреттерде: Есіл ауданындағы Красногорск елді мекенінің тұрғындарымен кездесуден көрініс; болашақ қоныстанушылар үшін Есіл қаласында іргетасы қаланып жатқан 45 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар