Кеше 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні облыс қалалары мен аудандарында мерекелік шаралар көптеп ұйымдастырылды. Осылайша, балғындар думанды мейрамда бақытты балалық шақтың бал қызығына бөленді.
Алдымен, мерекелік шара «Ани» мейрамханасынан бастау алды. «Көкшетау арнайы олимпиадасы» қоғамдық қоры мен «Ани» мейрамханасының қолдауымен биыл оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға Көкшетау қаласындағы психологиялық дамуында тежеуі және интеллектуалдық бұзушылықтары бар балаларға арналған облыстық №1 арнайы түзеу мектеп-интернаты, есту кемістігі бар балаларға арналған
№ 4 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаты мен Көкшетау балалар писхоневрологиялық және тірек — қозғалу аппаратының функциялары бұзылған балаларға арналған медициналық мекемесінен 100-ге жуық бала қатысты. Думанды жиынның ұйымдастырушыларының бірі, «Бари» армян мәдени орталығының төрағасы Норик
Магламян сөз сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды мерекелерімен құттықтады. Белгілі кәсіпкер бала бақыты үшін жоғарыда аталған үш мекемеге спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға 200 мың теңге қаржы бөліп, қайырымдылық көмек көрсетті.
Мерекеде спорттық ойындар ойналып, балаларға тәттілер үлестірілді. Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі болса да көңілі кең, өмірге деген құлшынысы ерекше балалар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, зор ризашылық білдірді.
Мерекелік шара одан әрі облыс орталығындағы Тәуелсіздік, Абылай хан алаңдарында жалғасты. «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен өткен думанды жиын «Достық әлеміне саяхат» атты мерекелік бағдарламамен қызықты өтті. Жиында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова балаларға жүрекжарды лебізін жеткізіп, тәуелсіз елдің жас ұрпағына барлық жақсылықты тіледі. Ал, шара барысында Көкшетау қаласының барлық мектептеріне «Чайка» балалар сауықтыру орталығында дем алуға жолдамалар берілді. Жанатбек Мамеев, Венера Эм, Мухаммад Хамхоев, Антонина Путинцева, Нұрболат Жұмабек, Аян Қуаныш, Ерболсын Ақанұлы, Амира Мұхаметова, Альдина Оразбаева, Ділнәз Дүсембаевалар облыс әкімінің бағалы сыйлықтарымен марапатталды. «Жұлдыз» балалар аула клубының «Litlle Stars» вокал тобының шалқыған шабытпен шырқаған «Әрқашан күн сөнбесін» әні де көңілді тербеп, жүректерге қозғау салды.
Бұл күні облыс орталығында мерекелік шаралар көптеп ұйымдастырылды. Ал, 1 маусым – балалар ғана емес, олардың ата-аналары да ерекше қуанышқа бөленетін күн. Өйткені, әрбір ата-ана үшін бала – бақыт, бала – байлық. Ал, баланың бал-бұл жайнаған жүзін көруден асқан бақыт жоқ. Осы орайда, орталық алаңға қызымен келген жас ананың бірі Мейрамгүл Саяхат әр ата-ананың көз қуанышы бала екенін айтып, мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Ал, үш жастағы қызы Ләйлә да молшылық пен бейбітшіліктің, байлық пен бақыттың белгісі ретінде көк аспанды суретіне арқау еткенін жеткізді. Мерекелік шара әуелете шырқалған әсем ән мен мың бұралған биден ғана емес, спорттық шаралармен де ерекше есте қалды. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында жас велосипедшілер са-
йысы, мектеп оқушылары арасында спорттық эстафета ұйымдастырылды. Орталық саябақтың ішінде ұлттық спорт түрлері қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен дзюдо, самбо, каратэ-додан сайыстар өткізілді. Арқан тарту, кір көтеруден де түрлі жарыстар ұйымдастырылып, «Бақытты балалық шақ» тақырыбында сурет байқауы болып өтті. Тағы бір айта кетерлігі, балалар орталық саябақтағы аттракциондарда көңіл көтеріп, түрлі ойындар ойнады. Сайыс қатысушыларына балмұздақтар мен сусындар тегін таратылғанын да ерекше екпін түсіре айтқан жөн.
Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Ойыншықтар» ертегісі, орыс драма театрында «Липунюшка», «Как лиса Гошу утащила» спектакльдері қойылды. Ал, кинотеатрда «Ер төстік» ертегісі кішкентай көрермендердің назарына ұсынылды. Мерекеде бақыттан жүздері бал-бұл жайнаған балалар үлкен қуанышқа кенеліп, балалық шақтың қызығына бөленді. Көздерінен қуаныштың, жүздерінен бақыттың белгісі байқалған әр бала мерекедегідей бақыт құшағында мәңгілік тербелсе екен.