Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әнұранымыз бір кісідей шырқалып, Елтаңба мен көк Туымыз ұлықталды - АРҚА АЖАРЫ

Әнұранымыз бір кісідей шырқалып, Елтаңба мен көк Туымыз ұлықталды

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні облыс әкімі Сергей Кулагин «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Көк тудың желбірегені» патриоттық акциясына қатысып, жиналғандарды осы айтулы мерекемен құттықтады. Салтанатты шарада сондай-ақ, Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков те ақмолалықтардың құрметті қонағы болып, көпшілікке жүрекжарды ақ тілегін арнады. 

  Еліміздің қастерлі де, қасиетті мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін салтанатты жағдайда атап өтуге жиналған халықтың қарасы көп болды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көбі қолдарына бір-бір жалау ұстап, елдік нышандарымыз ұлықталатын күннің қадір-қасиетін терең сезіне түсті. Елтаңба мен Туымыз, Әнұранымызды қастер тұту – баршамыздың ортақ борышымыз. Биыл бұл мерекенің Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуі де қазақстандықтарды ерекше сезімге бөлеп, шыққан тегімізді, тарихымызды терең  біле түсуге үндегендей.
Мінекей, киелі сахна төрінде «Көкшетау» халықтық би ансамблі орындаған ұлттық биден де ата-бабаларымыздың аттың жалында, түйенің қомында жүріп, туымызды жықпай, жерімізді жаудан қалай қорғап қалғаны елес бергендей болады. Одан кейін сахнаға Елтаңба мен көк байрағымыз шығарылып, жиналған қауым Мемлекеттік Әнұранды хорға ілесе отырып жаппай жоғары патриоттық сезіммен орындап шықты. Қолдарын жүрегіне қойып, еліміздің басты әнін бір демде әуелете шырқаған көпшілік өңір басшысының жүрекжарды лебізін де ұйып тыңдады.
– Осыдан жиырма үш жыл бұрын өз мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. Сол сәттен бастап бұл күн біз үшін тарихи, саяси жағынан маңызды күнге айналды. Мемлекет саясатын жүргізуде рәміздердің алатын орны орасан зор екені белгілі. Біздің тұңғыш ғарышкерімізбен бірге аспан биігіне көтерілген көк байрағымыз 2017 жылы өтетін «EXPO» халықаралық көрмесінде де айбынымызды асқақтатып тұратын болады. Осынау мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметіміз қашанда биік болуы керек. Әсіресе, жастар қауымы, сіздер осы елдің болашақ иелері ретінде елдік нышандарымызды көздің қарашығындай сақтауға тиіссіздер. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік, ыстық сезім туған жердің құндылықтарын сыйлаудан басталады, – дей келе, облыс әкімі Сергей Кулагин барша қауымды мерекелерімен құттықтап, бір тудың астында жүздеген ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлдене беруіне тілектестігін жеткізді.
 Сондай-ақ, облыс әкімі «Бірлігіміз жарасқан» облыстық байқауының жеңімпаздарын салтанатты жағдайда марапаттап, Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етті. Мұндай қошеметке ие болғандардың қатарында «Ақмола облысының Чернобыль ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актеры Төлеубек Көңбай, облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының режиссері Әлия Құрманова және басқа да жерлестеріміз  бар. Бұл азаматтар мемлекеттік рәміздер күні еңбектері еленгеніне осылай бір шаттанса, қалған қауым да Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен жүздесіп, жылы лебізін тыңдағандарына ерекше тебіреністе болды. Әсіресе, бүкіл елімізге белгілі сәулетші «Жас Ұлан» және «Жас қыран» ұйымдарының қатарына қабылданған балғындардың мойындарына өз қолымен көк галстук байлап, қуанышқа бөледі. Қадірлі мейман ақмолалықтарға да жылы лебізін іркіп қалмады.  
– Көптеген зиялы қауым өкілдерінің «Мемлекеттік рәміздерімізде саясат пен экономика емес, ұлттың тарихы жатыр» деген пікіріне мен де қосыламын. Сындарлы сәтте конкурсқа түскен басқа да ондаған Ту мен Елтаңба, Әнұран үлгілерінің ішінен бүгінгі елдік нышандарымызды таңдап алған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді. Көшбасшымыздың «Қазақстан өз жұлдызын таңдап алды» деген сол бір сөзі күні бүгінгідей әлі де жадымда тұр, – деген Елтаңба авторы қасиетті Ақмола, көрікті Көкше жеріне келіп, мерейлі мерекені осы өлкеде өткізіп жатқанына шын көңілден риза екендігін жеткізді.  
Бұл күннің тағы бір жаңалығы, мерекелік акцияға аз уақытта халыққа танымал болған «Көк тудың желбірегені» әнінің орындаушысы, талантты әнші Ескендір Ибрагимнің де келіп қатысуы еді. Өнерлі жігітпен көкшелік өнерпаздардың ортасында тебірене шырқалған әннің асқақ әуені де бұл қуанышты күні әрбір жүректе ұмытылмастай сақталып қалғаны анық.  
Суреттерде: мемлекеттік Әнұранды жаппай шырқау акциясы; таңдаулылар марапатталды; Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков жас жеткіншектерді «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымдарының қатарына қабылдауда.         
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар