РЕДАКТОР

 Осы тақырыпты қою үшін он ойланып, жүз толғандым. Соншалықты әкетіп бара жатқан түгі жоқ. Жалғыз ауыз сөз ғана! Сөз болғанда қандай десеңізші! Ол қаламының желі, ойының ұшқырлығы бар, ақты ақ, қараны қара деп ажырата алатын, адалдықтың туын желбірететін сөз өнері иелерін өздері өмір сүріп жатқан қоғамының болмысы мен барын жарқырата көрсетуіне бағыт пен бағдар беретін үлкен әріппен жазылатын РЕДАКТОР деген сөз. Өйткені, ол мемлекет пен халықтың арасын байланыстырып отырған арқаудың тізгіні қолындағы тұлға. Өйткені, көрнекті қоғам қайраткері әрі жазушы Әбіш Кекілбаев «Ұлттың ұлы ұстазы» атаған Ахмет Байтұрсынов қазақтың «бір кемі, бір жоғы» бола қалса, желеп-жебеп жүретін «бір киесі» – баспасөз, газет шығару десе, соған тіреу болатын біреу де – РЕДАКТОР. Саңыраудың естімейтін құлағын ашатын, көрместің көзіне нұр беретін, мақаудың тілін икемге келтіретін, баспасөздің уығын төмен түсірмейтін, керегесін шалқайтпайтын, іргесіне сүйеу болатын да РЕДАКТОР. Солардың бірі – Октябрь Қайырұлы Әлібеков.

 

1977 жылы Қазақ темір жолы үшке бөлініп, соның негізінде Алматы, Батыс Қазақстан және Тың темір жолы құрылды. Осының соңғысына Ақмола (Целиноград) облысының Ерейментау аудандық «Прогресс» газеті редакторының орынбасары қызметінен мені «Целинная магистраль» – «Тың магистралі» салалық қос газеттің ұйымдастырушы-редакторлығына шақырды. Онда қос газет аяғынан қаз тұрып кеткеннен кейін, партия мүшесі еместігім желеу болып, қазақ тілінде шығатынына орынбасарлыққа ысырды. Ауданда үйден үйге көшіп жүрген отбасымызға басы бүтін баспана тиді, жалақым да тарықпайтындай тіршілік етуіме молынан жетіп жатты. Сондықтан, осы басылымдарға редактор етіп бекітпеді деп тіпті де өкінгенім жоқ. Керісінше, Ақмоладай қалаға келіп орнығып алғаныма дән риза едім.
Ара-арасында облыстық «Коммунизм нұры» газетіне ат ізімді салып, теміржолдың тынысы, экономикалық жаңғыруы, жаңа теміржол вокзалының салыну барысы сияқты жайларды арқау еткен мақалаларымды беріп тұрдым. Ауданда жүргеннен сырттай көзтаныс, әлдебір себеппен облыстық «Коммунизм нұры» газетінен кетіп, енді бірге қызметтес болып жүрген Мәлік Нұрпейісов  мен орынбасарлыққа ысырылғанда, екі басылымға редакторлыққа тағайындалды. Соның арқасында облыстық газеттің журналистерімен тонның ішкі бауы-рындай араласып кеттім. Рафық Фазылов, Баймұрат Есмаханов, Тұрсынбек Тасхожин, Мәди Хасенов, Шәмшиден Дәуітов сияқты алымды да қарымды журналист-қаламгерлермен, газет жауапты хатшысының орынбасары Виктор Жаймағамбетовпен, әсіресе, ағамдай болып кеткен елім Ерейменнің азаматы, газеттің жауапты хатшысы Ілияс Қарағозинмен сырласатын, ой орамдарымды орталарына салатын әріптестеріне айналып бара жатқанымды өзім де аңғармай қалдым. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Салалық газетте қарайып қаласың. Өзің жақсы жазатын журналист екенсің», – деп жүздессем-ақ сөздерін осылай бастайтын болды. Әсіресе, аудандық газетте жүргенімде бірталай көлемді суреттеме мақалаларым мен очерктеріме «батасын беріп», «Коммунизм нұрында» жариялатып жүретін Мәди Хасеновтың маған деген ықыласы ерекше. «Өй, өзің ілгері жүр десе, кежегесі кері тартатын қандай жансың! Тәп-тәуір жазатын, ойыңның ұшқыны бар адамсың! Аударма газетте қашанғы салпақтап жүре бересің? Мұның болмайтын тірлік! Екі күннен кейін кесімді сөзіңді айт, редактормен өзім көздестіремін», – деді бірде.
Теміржолға жаңа басшы келіп, бұрынғылардың бәрі аласапыран ауыс-түйіске ұшырай бастаған. Соны көріп өзім де іштей толқып жүргенімде, мына пікір қолайыма жаға кетті. 1984 жылдың сәуір айының бірінші күнінде Виктор Жаймағамбетов келіп: «Жүр, кеттік!» –деп сол қалпы Мәдидің алдынан шығарды. Екеулеп редактордың қабылдау бөлмесіне жеткізіп, өздері ішке кіріп кетті. Ол жақтан көңілденген күлкі естіледі, артынша есік ашылды. Бөлменің екі қапталы толы арқалы орындықтар, сол жағында ұзыннан ұзын үстел. Еденіне жарқыраған әдемі оюлы өрнегі бар кілем төселген. Төрдегі үстелдің арғы жағында маңдайы кереқарыс, толықшалау, елулерді қусырып қалған келбеті келісті адам отыр. «Жорналша» аталатын үстелдің екі қапталындағы бір-бір орындыққа Мәди мен Виктор жайғасқан. Маған оң қапталдағы орындықтардың өзіне жақын біреуіне отыр деп ишара жасады.
– Аманкелді деген сенсің бе, қалқам? – Сөзі жылы, биязы шықты. Амандық-саулығымыз осылай басталды.
– Иә, – дедім.
– Газетке кісі таппай отырғанымыз жоқ. Жазатыныңды өзім де білемін. Мына ағаларың қолқа салып отырған соң, өзіңмен танысайын, ойыңды білейін деп шақырып отырмын. Бізде жұмыс істеуге қалайсың? – деді енді салмақты өзіме сала.
– Сол үшін келіп отырмын ғой, – дедім артымнан біреу қуып келе жатқандай лақ еткізіп. Сөзімнің тым нәрсіздеу шыққандығы сондай, үшеуі қосыла қарқылдай күлсін келіп. Қысылғанымнан тершіп кеттім. Соны сезді ме, болашақ бастығым:
– Жә, абыржыма. Сөз былай болсын. Сәуірдің 4-інен жауапты хатшының орынбасары қызметіне кірісті деп бұйрық бергіземін, ал өзің оған дейін ана жағыңмен есебіңді айырысып, еңбек кітапшаңа облыстық «Коммунизм нұры» газетіне ауысты деп белгі соқтырып, кадр парағын толтырып әкелерсің. Білмегеніңді Виктор үйретеді, – деді.
Бөлмеден Жаймағамбетов екеуміз бірге шықтық. Мен өз жұмыс орныма келіп, сол кездегі салалық теміржол газетінің редакторы, өте бауырмашыл, өзіме керемет жанашыр болған Иса Ғалиасқаровқа болған-біткен жайды айтысымен, ол бірден ойымды құптай жөнелді. Бір күннің ішінде жолдың кадрлар бастығының алдынан өткізіп, еңбек кітапшамды, мінездемелік қағазды қолыма ұстатты. Қысқасы, 1984 жылдың 4-інші сәуірінде облыстық газеттің қызметкері болып шыға келдім. Табан аудармай жиырма жылдан астам осы басылымның ыстық-суығын сондағы журналистер қауымымен бастан өткердім. Осы газет арқылы шыңдалдым, қамшы салдырмас қаламы жорға журналистке, төселген аудармашыға айналдым. Бұл бөлек әңгіме. Ал, редакторым Октябрь Әлібековпен алғашқы жүздесуім, дидарын көргенім жаңағыдай.
Сонымен, ресми қызметім – жауапты хатшының орынбасары болғанымен, ол орындағы Ұлы Отан соғысының ардагері, тамаша аудармашы Сапар Сайдалин зейнеткерлік құжаттарын дайындағанша арада екі айдай уақыт өтіп кетті. Ара-тұра секретариатқа бас сұғып, Сапар ағаның макет сызысына көз саламын. Нөмірге баратын материалдарды орналастыруы, тақырыптарын, айдарларын жазуы нағыз инженерлік сызбалардан бір кемі болсайшы. Ал, мен болсам «айдау бөлімдерде» жүріп жаттым. Мәди Хасенов, Баймұрат Есмаханов, Рафық Фазылов жетекшілік ететін «Мәдениет», «Ауыл шаруашылығы», «Өнеркәсіп» бөлімдерінің бірінен соң біріне ауыстырады. Қай бөлімде де қобырап жатқан хат-хабар, материалдар көп. Алдыма соларды үйеді де тастайды. Білгенімше тігісін жатқызып, тәп-тәуір оқылатын дүние етіп шығарып тастауға барымды саламын. Қысқасы, өзімді көрсетпекпін.
Бірде Атбасардағы газеттің меншікті тілшісі Нәркен Ташатовтың ауыл шаруашылығы тақырыбына жазған көлемді мақаласын Есмаханов маған қорытуға берді. Менің түсінігімде «меншікті тілші»  газеттің сол аудандағы құлағы мен көзі, яғни қызметкері. Мақаласы қаптаған салыстырмалы цифр, кісі есімдері. Түзесем автордың көңіліне келіп қалар деп, стильдік жағынан екшеп, былайша айтқанда «сақал-мұртын» бастырып, бөлім меңгерушісі іссапарда жүргендіктен, нөмірге қажет материал деген соң редактордың бірінші орынбасары Рамазан Ахметовтің қолына бердім. Ол мақаланың тақырыбы мен бас жағына көз жүгірте сала секретариатқа жөнелтті де жіберді. Бұл кезде Төлеубай Ілдебаев пен Жылқыбай Жағыпаров егіз қозыдай жарасқан қаламдары жүйрік, ілездемелік жиналыстарда үнемі мақтауда ауыздан түспейтіндер  санатына іліккендер саналатын.
Аптасына бес рет шығатын газетке әсіресе, экономикалық, ауыл шаруашылығы тақырыптарына арналған материалдар шақ келмейді. Олар ең өзекті, ең керектілер саналатын тұс. Жаңағы мақала да соның жоралғысымен газетке шығып кетті. Ол кезде редактордағы күнделікті ілездеме әдеттегідей сол күні газетте шыққан мақалаларды талқылаудан басталатын. Бүгін де сол үрдіс. Кенет Жылқыбай орнынан тұрды. Мен қорытқан Н.Ташатовтың мақаласын түгін қалдырмай сынады. Сөзінің соңын: «Мына мақаланы осы нөмірге дайындаған журналистен жөні түзу қызметкер шықпайды», – деп бірақ кесті. Жанайын деп тұрған отқа май құйған соң лапылдады да кетті. Талқылаудың негізгі нысанасы мен болдым. Орындарынан кезектесе тұрғандардың барлығы дерлік осыған дейін хат қорытқаннан басқа жазған ештеңесін көрмедік, дайындағаны мынандай болса… деген сықпытта төбемнен қара бұлтты төндіріп-ақ тастады. Құрыған жері осы болған менде жақ ашарлық шама жоқ. Тек: «Мақаланы жазған Ташатов газет қызметкері емес пе?..», – дей беремін. Өз дауысым өзіме әрең естіледі.
Енді сөз тізгінін Октябрь аға өз қолына алды.
– Сынаған жақсы. Ол сабақ болатын жай. Аманкелді біздің газетке келгенге дейін көптеген сүбелі мақалаларымен, очерктерімен көрініп, қаламы төселіп қалғандығын көрсеткен азамат. Теміржол газетіне де ұйымдастырушы редакторлыққа әу баста жайдан-жай таңдау жасамаған шығар. Өзі айтып отырғандай, Ташатовты газеттің қызметкері деп қабылдап, автордың сыртынан келіспестен қалам батырғысы келмегендігінен кеткен олқылық бұл. Талқылау осымен бітсін, – деді отырғандарға жағалай көз тастап.
Құдай оңдап, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Бәрі шыққанша күтіп тұрып, мені алып қалды.
– Қандай хат-хабарды дайындасаң да, өзің жазсаң да дәлелді, дәйекті, әрі оқырманның көңіліне қонарлықтай, әсер ететіндей жазуға тырыс. Аудандарда жергілікті жерлерден жазып тұратын тілшілер болмағандықтан, сол аймақтардағы сөздері өтімді, елдің жайын білетін Ташатов сынды азаматтарды газет қызметкерлері ретінде ұстап отырмыз. Олар кәнігі журналистік мектептен өтпегендер, сондықтан, жазғандарында ойпыл-тойпыл тұстары жетіп артылады. Ендігіде қолыңа сондай материалдар түссе, өз қалауыңша, тек деректерін бұрмаламай өңдеп шығуға тырыс, қарағым. Жарай ма? – деді де кете беруіме рұқсат етті.
Өкеңнен естіген алғашқы ағалық батадай көрінген жылы сөз болды ол. Бір жыл секретариатта, сосын біржолата ауыл шаруашылығы бөліміне ауыстым. Бес жыл тілші, аға тілші, 1990 жылдан 2005 жылдың соңына дейін осы бөлімнің меңгерушісі болдым. Іссапарларға жиі шығатын қызметкерлер де осы бөлімнен. Облыс көлемінде араламаған ауданым, шаруашылықтарым жоқтың қасы, жүздескен, сұхбаттасқан адамдарым тіптен көп.
Бірде Ақкөл (бұрынғы Алексеев) ауданындағы «Ивановский» кеңшарына егін орағы кезінде облыстық «Акмолинская правда» газетінің қызметкері Александр Бацуля, фотосуретшісі Юрий Казаков және мен болып іссапарға бардық. Біз келсек облыстық радионың аға редакторы Геннадий Терец те сонда жүр. Директоры білімді экономист, шаруашылықтың тізгінін мықтап ұстаған, тасын өрге домалатып отырған А.Полоротов мырза. Сол жылы астық бітік шығып, бүкіл облыста дерлік орақ пен тасымалға техника жетпей, шаруашылық басшыларының кірпік ілмей, аяқтарынан сүрініп жүрген шағы еді. Бізге бар керегі Полоротовпен екі ауыз тіл қатысып, жағдайын білмек қана. Ал, ол аттай туласын келіп. Ашу-ызасын кімге төгерін білмей отырған жанға біздің мына келісіміз жығылып жатқанға жұдырықтай көрінсе керек. «Ойбай, бізді облыс басшылығы арнайы жіберді, сіздің шаруашылықты жазсын, басқаларға үлгі етсін деп жіберді» дейтінімізге қарайтын емес, жоғарыдан төмен бәрімізді боқтауының астына көміп салды. Жайшылықта аттыға дес бермес Геннадий Павловичтің де аузын ашуға шамасы келмей, репортерін іске қосқан қалпы аңқиды да қалды. Іштегі бар зәрін біздің басымызға үйіп-төгіп директор қош деместен кете барды. Енді бұл шаруашылықта біз істейтін жұмыс қалмады. Басқаларын аралап, элеваторына бас сұғып материалдар жинап, газетке Полоротовтың астамшылығы жайлы мақаланы «Акмолинская правдаға» А.Бацуля, «Коммунизм нұрына» мен жаздым да жібердім. Тіпті оның үстінен жазған шағымымызды Бацуля, Казаков, Терец және мен қол қойып облыстың бірінші хатшысының кеңсесіне де өткіздік.
Арада біраз күндер өтті. Облыстық партия көмитетінің бірінші хатшысы Андрей Георгиевич Браун егін орағының барысын қараған актив жиналысын өткізіп, жиынның соңында біздің сын мақалаларымызға қатысты менің ауыстыра беретін директорларым соншалықты көп емес деген сыңайда  облыстық газеттің редакторлары Алдошин мен Әлібековке құлаққағыс жасайды.
«Акмолинская правда» газетінде Бацуляның жайы қалай болғанын білмеймін, «Коммунизм нұры» газетінде шу басталды. Актив жиналысынан оралған Октябрь Қайырұлының ізін ала бар ызғары бетіне жиналған А.Полоротов оның бөлмесіне баса-көктеп кіріп, мен газетті сотқа беремін, журналистің жазғанының бәрі өтірік, кешірім сұраса да оны жазалатпай қоймаймын деген сияқты сөздерді аузы көпіргенше айтып, бөлме ішінде біраз ойқастаған. Анау-мынауға шарт етпе мінезі жоқ, қашанда ашуды ақылға жеңдіре білетін Октябрь аға:
– Сіз, кішкене сабырға келіңіз. Облыс басшысы екі газеттегі мақала қисынсыз, жабылған жала деген жоқ, керісінше сізді жақтады емес пе. Мен қызметкеріме ескерту жасайын, керек десеңіз сөгіс берейін, – дейді. Анау көнбейді.
– Шақыр! Онымен өзім сөйлесемін! – дейді одан әрі өрекпіп.
Келдім. Келгенім бар болсын, әлгі «батыр» тіпті әкіреңдеп кетті.. Өкеңнің де (Октябрь ағаны сыпайы түрде осылай атайтынбыз) осы кезде шыдамы таусылған болуы керек:
– Сіз, енді тым шектен шығып кеттіңіз! Сотқа бересіз бе, басқадай жағдай бола ма, оны көрерміз. Мына ұжымның басшысы әзірге мен, ал бұл бассыздығыңызға енді төзуге болмайды! Милиция шақыртатын шығармын. Бірақ, бұл бөлмеден олар келгенше шықпайтын боласыз! – деді отырған орнынан тұрып кетіп.
Жаңағысының бәрі қампиған доңайбаты екен. Демде жүні жығылып қалды.
Қысқасы милиция шақырылған жоқ, ол да, біз де сотқа жүгінбедік. Есесіне әпербақан басшы газет арқылы бізден кешірім сұрап тынды. Осылайша Өкең мені «жау бетінде» жалғыз қалдырмай тағы бір қорғап қалды.
Газетке сын мақала, әсіресе, фельетон жазған журналистің көрмейтін көрешегі болмайды. Әсіресе, жазғаны қазақ тілінде жарық көргендердің соңына шала байланады. Қорғалжын мен Ерейментаудан басқа аудандарда қазақтың саны аз. Облыс орталығы Целиноградта (қазіргі Астанада) 17-18 пайыздың арғы-бергі жағында. Аудан, шаруашылық басшыларының ішінде иісі қазақ дейтіндердің саны саусақпен санап аларлық. Сондықтан, тұқыртқанды тұқырта беру әдеті қалыптасқан. Қазақ басылымы өзге ұлттың адамын сынауы ерекше бір тосын оқиға ретінде қабылданатын. Бірақ, қорқа-қорқа қашанғы қоян боларсың, реті келгенде сын да, фельетон да жазылып жатты. «Ладтың» лаңы», «Техникумдағы «коммерсанттар», «Карантинмен сауықтырып, туберкулезбен қымтады» және тағы басқа фельетондарым үшін көрмегенді көріп, естімеген сөзді естідім. Осылардың қай-қайсысы да нақты деректер негізінде жазылғанымен, мойындағысы келмейтіндер редакторым Октябрь Әлібековтың алдынан табылады. Айтатындары – «Мынаның көзін құрт, жой!»
Өкең өмірі саспайды. Бәрін тыңдап алады да, аталған мақаладағы деректерді жоққа шығаратын дәлелдерін сұрайды. Осының барлығы Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздігін әлемге енді ғана мойындата бастаған тұста менің тарапымнан жазылған солтүстік облыс-тарды Ресейдің бір бөлшегі етпек болған «орысшылдықты» жамылғандардың байбаламын, Ақмоладағы құрылыс техникумы директорының студенттер жатақханасының төбесін жабуға, стипендияларына бөлінген қаржыны баласына беріп, «Ижевскіден» Ақмолаға көліктерді айдап келіп сатуын, Қорғалжындағы «Қарашалғын» кеңшарының карантинмен тазартылған қорасына қайтадан туберкулезге шалдыққан малдарды әкеліп қамаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасарының әрекетін әшкерелеген фельетондар болатын. «Жеңілген тек тұрмастың» кері, сол «ақмылтық» бәлеқорлардың бетін қайтарып, мені отқа да, суға да түсірмеген Октябрь аға маған қой демейді, жаза бер дейді. Сосын:
– Қазақта: «Қорыққан бұрын жұдырық жұмсайды», – деген сөз бар. Сенің соңыңнан шаң ілесіп жүретіні содан, – дейді Өкең.
Онысы рас. Сырт көзге «жусаннан аласа, бетегеден биік» көрінетін қалпымнан жазбаймын. Дерек пен дәлелдерге өте сақпын. Қашан да жазғандарымды екі дана етіп бастырып, бірін өзімде қалдырып қоюым қажеттігін, деректі құжаттарды жоғалтпауды құлағыма құйып отыратын тәлім осы Октябрь ағадан қалған.
Оның қамқорына бөленген жалғыз мен ғана емеспін.  «Редакторлық бесігінде» тербеліп талай мықты журналистер қанаттанып шықты. Көзім көрді. Амантай Есілбаев, Жұмабике Егінбаева, Асхат Жүніс, Мәкен Мергенбаева, Марат Дәдікбай, Мұратбек Тоқтағазин – осылардың бәрін бірін інісіндей, бірін қарындасындай, енді бірін бауырынан өргізген баласындай аялады десем артығы болмас. Ал, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Орынбай Балмұратты айрықша еркелетіндігіне қызыға да сүйсіне қарайтынбыз. Орынбайдың: «Аға!» – деген сөзіне майдай еритін. Өйтетін себебі, әкеден қалған жалғыз ұл болғандығынан шығар деймін.
Оның редакторлық қасиетінің тағы бір қыры – газетке қызметкерді өзі іздейтіндігі. Бұл жайында Өкеңнің өз пайымын да естігеніміз бар.
– «Тяжеловоз» аталатын жылқы тұқымы болады, оны біздер ауылда «паравоз» дейтінбіз. Аяқтары жуан, денелері бұлшық етті келеді. Қара жұмысқа жарағанымен, тым шабан. Ал, журналистикаға жаратылған бәйге атындай топтан оза шабатындар, қаламдары ұшқырлар керек. Басында «тұсауы кесілмегендей» өзің де кібіртіктеп едің, қазір қандайсың?! Ана Маратқа таңдау салған өзіммін, – дейтін.
Марат деп отырғаны Марат Дәдікбаев. Өрімдей жас кезінде «Коммунизм нұры» газетінде іс-тәжірибеден өтіп, келер жылы осы басылымның қызметкері болған. Мен осы газеттің табалдырғын аттаған күндерде ол алғыр, қаламы жүрдек журналист болып әбден ысылып қалған-ды. Сөзі де, мақаласы да өтімді журналистер санатынан-тын. Өйткені, Октябрь аға оны сыралғы университеттік досы журналист-жазушы Мәди Хасеновтың шыңдалу мектебінен өткізген. Ал, мен білетін Мәди ағамыз санасында түйсігі бар «дым білместің» де ақылын оятып жіберетін адам еді.
Міне, РЕДАКТОРЫМ – Октябрь ағаның – бір қыры осы-тұғын.Өкеңнің тағы бір айтатын тұсы – Мағжан Садыхановқа қатысты. Орта ғана білімі бар, тұрмыс жағынан әбден қиналып жүрген кезі болса керек.
–Таңертеңгілік қызметке келген бетім. Қабылдау бөлмесінің алдында сымбатты, дембелшелеу келген азамат тұр. Өзіме келіп тұрғанын білгендіктен жүр деген ишарамен соңымнан ертіп орныма жайғастым. Осыдан соң ғой жағдайы жайлы әңгіменің өрбігені. Жұмысқа қабылданысымен жақсы жазатындығын, іскерлігін, құлшынысын танытып тастады. Жоғары білім алуына, партия қатарына өтуіне, кезексіз болса да облыс басшылығына қолқа сала жүріп, үш бөлмелі пәтер алуына көмегімді бердім.  Ауыл шаруашылығы бөлімінде бірге қызметтес болған мұны өзің де жақсы білесің. Кейін «Өнеркәсіп» бөлімін алып кеткені қандай десейші! Қай тақырыпқа салсаң да, соның тінін таба білетін журналист болды. Сатылап өсіп, ысылған газет басшысына дейін көтерілді, – дейтін.
Сосынғы ауызға алатыны Мұратбек Тоқтағазин. Біздің газетімізге келгенде құлағынан күн көрінетіндей жұқалтаң, бірақ ұстараның жүзіндей лыпылдап тұрған өрімдей жігіт еді.
– Сексенінші жылдардың аяқ кезінде орынбасарым Жомарт Әбдіхалықты Алматыға, Қазақ университетіне іссапарға арнайы жібердім. Сондағым – маңдайынан шертіп жүріп қаламының желі бар біреуіне «құда» түс деген тапсырыс. Ол да кісіні жазбай тани білетін адам. Мұратбекті көрмесем де көріп тұрғанымдай етіп, барлық қалпын айнадағыдай сипаттап берді. Телефонмен сөйлескендегі сөздерінің орнықтылығы да көңіліме қонды. Ол да кейін үмітімді ақтады. Жақсы қаламгер болды. Өз қолымыздан отауын тіктіріп, басына пәтер әпердік. Қалалық кеңеске депутат та болып сайланды. «Егемен Қазақстан» қолқа салғанда «жолың болсын» айтып шығарып та салған едік, – дейтін.
Бір ерекшелігі сол, Октябрь аға осылардың жазғандарынның бәрін ара-тұра болмаса, өзі қолымен түземейді, орынбасарлары – Рамазан Ахметовке, Жомарт Әбдіхалыққа тапсырады. Өйткені, соларға сенеді, журналистерге деген жауапкершілікті соларға жүктейді, өзі мұзбалақ қырандай сонау бір биіктен қарап тұрады. Оны екі орынбасары болмаса, біз, әсте сезінбейміз. Алайда, газеттің шығатын нөміріндегі мақала-материалдардың бір әрпін қалдырмай, әр сөздің мәні мен мағынасына зер сала қарау жауапкершілігінен жаңылып көрген емес.
Әрине, ұжым болған соң, бір шаңырақтың астындағыдай шыны аяқ сылдырамай қоймайды. Кімдердің қайдан ойластырып табатынын білмейсің, Октябрь ағаның сыртынан да талай арыздар жоғары жаққа жөнелтілетін. Тексеру, әркімдерден сөз-жауап алу басталатын. Бірақ, аққа қара жұқпайды. Арада біраз уақыттар өткенде осындай «жатып атар мылтық» тағы атылады. Оның бәрі Өкеңе оңай тиді деп қалай айтарсың! 1988 жылы Торғай облысы жабылған, ондағы журналистер жан-жаққа тарыдай шашылған тұста да дәл осындай жағдай туындады. «Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ» болған сол айтыс пен тартыс Октябрь ағаның басында обком тарапынан найзағайдың шартылындай ойнады. Оның бүге-шегесін қайта жаңғыртудың қажеті енді бола қоймас. Бірақ, осындай-осындай кикілжің, айтыс пен тартыс, кейбір журналистердің тертеден шығып кетер басасаулықтары – жинала келгенде басшының жүйкесіне тимей, жанын жараламай қоймайтыны анық. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жылдарында қант диабеті, қан қысымы көтерілуі сияқты дерттерден арыла алмай, көп қиналып жүргендігі де содан. Оның бәрін өтті-кетті деп қалай жай ғана айта саларсың!..
Бүгінде қолымда бар жинаған қағаздарды ақтарыстырып отырсам, сонау Сәкен Сейфуллин құрған 1917 жылғы «Тіршіліктен» бастап, атауы сан өзгерсе де, Октябрь Әлібеков басшылық жасаған «Коммунизм нұры» – «Арқа ажары» газетіне ең көп жыл редактор болған бірде-бір адам болмаған екен. Газеттің «Арқа ажары» атауын жаңғыртып кеткен де осы бір абзал ағамыз. Бұл оқиға ресми түрде 1991 жылы 24 қаңтарда бекітілді. Ондағысы Арқа өңірінің келбетін, тынысын, үнін білдіріп тұрсын деген ниеттен туған-ды.  
…1961 жыл. Алыс жол алғашқы адымнан басталады демекші, осы жылы сонау Алматыдан үш жігіт, бір қыз – Октябрь Әлібеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мәди Хасенов және Рахия Нысанқызы Қараөткелдің топырағына табанын тіреді. Жұмамұраттан басқасы, яғни, Өкең мен Мәди өздері өмірден өткендерінше осы төл басылымдарына адалдықтарынан айнып көрмеді, ыстығына күйді, суығына тоңды, қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүріп, өздерінің білік-қадірлерінше «Тың өлкесі» өлкелік газетінде, «Коммунизм нұры» – «Арқа ажары» басылымдарында айшықты қолтаңбаларын, іскерлік қарымдарының қабілетті іздерін қалдырды. Журналистік қызметі «Құрмет белгісі» орденімен, бес медальмен, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен аталып өтілді. Ал, Рахия Нысанқызы осы Октябрь ағаға адал жар, балаларына сүйікті ана, немерелеріне ардақты әже атанып, Ақмолаға табан тіреген төрт қарымды журналистің ендігі жалғыз көзі өзі болып отыр.
–Анасы Шәпиді тоқсаннан асырып қолымда аяладым, Октябрьдің қызметінде кінәрат болмасын, артынан сөз ермесін деп көп журналист-әріптестерімнің алдынан оза шығып кетуге талпынбадым. Содан да біраз есемді жіберіп алған шығармын. Бірақ, Октябрь ағаларыңмен өткізген өміріме дән ризамын. Сексен жасына орай, Өкең жайлы еске аларлық жылы сөз жазсақ деген екенсіңдер, жақсылықтарың Алладан қайтсын!
Бұл Рахия апайдың ғасырға жуық тарихы бар «Арқа ажары» газетіндегі өзінің әріптестеріне айтқан шынайы алғыс сезімі еді.                                                                               
                                                                       
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
                                    «Арқа ажары» газетінің                         
                         бұрынғы қызметкері, ақын.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар