Жаз жайнатып, күн күлдіріп…

балғындар  лагерьге көптеп бара ала ма?!.

Міне, көптен күткен жайдары жаз да келіп жетті. Мектеп оқушылары жазғы каникулдарын қайда, қалай өткізеді екен? Облыстағы  демалыс орталықтарына кімдер тегін жолдама алады және ақылы жолдамалардың құны қанша деген сауалдар төңірегінде  тиісті орындармен хабарласып көрген едік.

 Балалар жазғы демалысқа шығысымен олардың бос уақыттарын ата-аналары мен қамқорлық көрсететін туысқандары ойлай бастайды. Бүгінде мектептердің жанынан жазғы лагерьлер ашылып, жұмыстарына кірісіп те кетті. Жалпы облыстағы 1 және 10 сынып аралығындағы оқушылардың саны 101471 баланы құрап отыр. Биылғы каникул кезеңінде олардың 94 пайызы жазғы демалыстың барлық түрімен  қамтылатын болады. Жазғы демалыс лагерьлеріне мектепте үздік оқитын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балалары жіберіледі. Соның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатын демалыспен толықтай қамту басты назарға алынып отырған көрінеді.  
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарованың мәлімдеуінше, биылғы жазғы маусымда 16 қала маңындағы балаларды сауықтыру орталықтары жұмыс істейді, оның 10-ы мемлекеттік және 6-ы жекеменшік. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының бос уақытын қамту үшін облыстағы 460 мектептің жанынан лагерьлер ашылып, оқушыларға танымдық-тәрбиелік тұрғыда түрлі бағдарламалар ұйымдастырылмақшы. Бұған қоса, 213 мектеп алаңдарында балалар бос уақыттарын өткізетін болады. Биыл сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын  қызықты әрі танымдық тұрғыда өткізу үшін спорттық лагерьлерді былай қойғанда, палаткалар мен киіз үйлер құрылған лагерьлер де ұйымдастырылуда. Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан 92 балаға «Чайка» балаларды сауықтыру орталығында демалуға жолдама тапсырды.
Балалардың биылғы жазғы демалысын ұйымдастыру үшін бюджеттен жалпы 201 097,5 миллион теңге шамасында қаражат қарастырылыпты.
Енді облыс аудандары мен қалаларындағы жазғы демалыс орындарында демалу үшін бір балаға жұмсалатын қаржы жағдайына тоқталатын болсақ, мемлекеттік мекемелерде демалу 8500 теңгеден басталып, жиырма мың теңгеге дейін барады. Ал, жекеменшік демалыс орталықтарында 50 мың теңгеге дейін жетеді. Мәселен, олардың қатарында жекеменшік «Лесная сказка», «Самрұқ» балаларды сауықтыру орталықтары бар. Сондай-ақ, сауықтыру орталығында бір баланы демалту үшін жүз мың теңгеден артық ақша керек деген мәлімет те бар. Мәселен, Зеренді ауданындағы «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты «Сұңқар» жекеменшік сауықтыру кешенінде бір балаға бір аптаға 55 мың, он күнге 79 мың, он бес күнге 119 мың теңге көлемінде қаражат керек екен. Олай болса, бұл орталықта қарапайым отбасының балаларына демалу тек арман ғана. Облыстағы орташа еңбекақының көлемі шамамен 45-50 мың теңгенің үстінде болса, тапқан-таянғанын отбасының қажеттіліктеріне жұмсап, күн көріп отырған азаматтар көбінесе, балаларын жазғы демалыста ауыл-аймаққа жіберуді жөн көріп жатады. Амал нешік? Сонда бұл сауықтыру кешенінде кімдер демалады деген сауал
туындайды. Сұрастыра келе, «ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлерінің және мұнайлы өңірлер мен ресейлік қалталылардың балалары демалатындығын білдік.
Табиғаты сұлу көрікті Бурабай баурайында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығында да бір баланың бір ауысымдағы демалысына 150 мың теңге көлемінде ақша жұмсалады екен. Алайда, мекемені Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратындықтан, арнайы мемлекеттік  жоспар бойынша балалар тегін сауықтырылып, демалады. Ал, арнайы жолдамасы жоқ балалар жаз мезгілінде өздерінің қаражатымен  демалуға да болады.
– Жыл сайын біздің орталықта 10 мыңдаған бала 16 маусым бойынша сауықтырылады. Әр маусымда түрлі санат бойынша балалар қабылданып, оларға қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады. Мәселен, қазіргі таңда мұнда мүмкіндігі шектеулі жарымжан балалар мен жасөспірімдер ем қабылдап, демалып жатыр. Сонымен қатар, биылғы жылы мұнда 500-дей жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар демалды. Және де орталыққа елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайлардан жапа шеккен аймақтардың балаларын қабылдаймыз. Мәселен, былтыр Атбасар ауданы мен Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында орын алған су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары демалды. Биыл да бұл игілікті істі жалғастырып, мамыр айының басында Қарағанды облысындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен аймақтарынан 176 баланы қабылдап, демалттық. Осындай төтенше жағдайлардан жапа шегіп жатқан отбасылардың балаларын тегін, яғни орталық қызметкерлерінің және мекеменің есебінен демалтамыз. Оқу жылы басталған кезде балалар мектеп бағдарламасынан еш қалып қоймай, осында сабақ оқып, ем-шараларынан өтіп, демалады, – дейді «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығы директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Бірлік Баржақсынов.
Балалардың жазғы демалыс және сауықтыру, еңбекпен қамту орталықтарында көрсетілетін қауіпсіздік қызметтерінің сапалы болуы үшін облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен арнайы семинарлар өткізіліп, оған балаларды сауықтыру орталықтары мен жанында жазғы лагерь ашылатын мектептердің директорлары, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары шақырылыпты. Бүгінде жазғы демалыс мекемелері бұл мамандармен тығыз байланыс орнатып, жұмыстарын бастап кетті.
– Балалардың жазғы демалысын жос-парлау кезінде басқарма тарапынан бірталай жұмыстар атқарылды. Бурабай ауданындағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында облыстық «Юность» педагогикалық  жасағымен бірлесіп, лагерьлерде балалардың тәрбие жұмыстарымен айналысатын педагогтарға, жетекшілерге, ерікті студенттер мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған «Жетекшілік ету шеберлігінің мектебі-2015» тақырыбында көлемді семинар өткізілді. Сонымен қатар, әрбір демалыс түрін өткізетін лагерьлер мен мектептердің бағдарламалары тексеріліп, мамандар талдауынан өтті. Биыл облыстық туризм, экология және өлкетану орталығы «Жас тыңшы» скаулық лагерін ашуды қолға алды. Оның бағдарламасы бойынша оқушылар экстремалды жағдайларда қалай өмір сүру, жергілікті жерлерде бағдарлау, барлау, альпинизм, туризм, медициналық көмек көрсету сияқты тіршілікте қажетті әрекеттерді үйренеді. Бұдан балалар өзіне және өзгеге көмек көрсетуді, ата-аналарынсыз өздігімен күн көруге үйренеді. Ең бастысы олар таза ауада, жазық далада нағыз достар арасында демала алады. Ал, басқа сауықтыру және демалу орындарында қызықты логикалық ойындар, серуендеулер, үйірмелер, спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар мен би кештері ұйымдастырылады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова.
Жадыраған жазда табиғаттың аясында таза ауамен демалып, қызықты ойындар ойнап, жаңа достар тауып, қуанып-шаттанғанға не жетсін, шіркін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар