Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ізденген жетер мұратқа - АРҚА АЖАРЫ

Ізденген жетер мұратқа

Айнұр Әлімжанқызының бала күнінде көргендері, үйдегі үлкендерден үйренгендері нарық заманында күрделі істі қолға алуына  дәнекер болды.

– Атамның ұсталығы, зергерлік өнері мені таң қалдырушы еді, – деп еске алады ол өткен өмір белестерін асыл тас пен қымбат темірден бұйым жасап жатқан кездері, балға мен төстің шыңылы әлі күнге дейін менің көз алдымда. Үйіміз өнерлі жанға қолқа сала келетін кісілерден бір босамаушы еді. Қазақтың осындай шеберлері бір кездері көп болғаны белгілі. Солардың бірі болған асыл атамның арқасына асылып, жасап жат-
қан бұйымына қызыға қарап тұратынмын.
Өсе келе Айнұр Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының жалпы техникалық пәндер факультетіне оқуға түсуді, диплом алғаннан кейін балаларға еңбек технологиясын үйретуді арман тұтыпты. Студенттік шақта  осы қаладағы ауыл шаруашылығы институтының сәулет өнері факультетінде оқитын қарағандылық Балта Түсіпбековпен көңілі жарасып, соңына қарай екеуі өз алдына шаңырақ көтереді. Оқуларын аяқтаған екі жас Қарағанды қаласында өз мамандықтары бойынша жұмыс істей бастайды. Өндірісті өлкеде олардың Әйгерім, Әсел атты қыздары, Батыржан есімді ұлдары жарық дүние есігін ашады.
1996 жылы сүйікті жары Балта аяқ астынан ауыр науқасқа шалдығып, 1-ші топтағы мүгедек атанады. Тауы шағылған Айнұр Әлімжанқызы тығырықтан шығатын жолды іздестіріп, бала-шағасын асыраудың қамына кіріседі. Осы арада атасының салған сара жолы ойына түсіп, өзінің көргені мен білгенін кәдеге асыруға күш салады. Әжесі мен анасынан үйренгендері көңіліне қанат бітіріп, асқақтаған арманын биікке шығарады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің жа-уабын ол осы жерден тапты. Айнұр еңбек пәнінің мұғалімі бола жүріп, тоқыма ісі, тігіншілік, киім пішу өнерінен сабақ беріп, жасында көрген-білгендерін кәдеге жаратады.
Астанаға қоныс аударған жылдардан бастап шаңырақ иелері бұл жұмысты одан әрі  мықтап қолға алыпты. Жолдасы сәулетші болғаннан кейін бояу, суреттер, түрлі оюлар бойынша көп кеңес беріп отырған. Қаржының тапшы кезінде-ақ Айнұр Түсіпбекова үйде отырып сүйікті ісімен жан-жақты айналыса бастаған.
– Мен қазақтың ұлттық киімдерін, көрпе-төсеніштерін жасауды бірден жолға қойдым, – дейді хас шебер Айнұр Әлімжанқызы. – Содан той-домалаққа қажет бұйымдарға біртіндеп тапсырыстар түсе бастады.
Жарнаманы өнер иесінің өзі ісімен жасады десе де болады. Бұған қоса ол перде, түрлі шілтерлер, үй жабдықтарын жасауды жақсылап жолға қояды. Көрнекі бұйым қашанда анадайдан көзге түсіп тұрады ғой. Тігіншіге өтініштер енді еліміздің жүрегі – Астанадан да келіп түсетін болған.
Бүгінде Қараөткел ауылының тұрғыны саналатын Айнұр Әлімжанқызы өзінің жеке басына біткен таланты арқылы ауданымызға, Астана, Көкшетау қалаларына  әбден танымал. Қолөнер байқауларының барлық сатыларында ол үнемі ең жоғары биіктерді бағындыра білуде. Жұмысының сапасы, шығармашылық қыры әділ бағаланған соң Айнұр Әлімжанқызы Түсіпбекова 2012 жылы 2 миллион теңге көлеміндегі мемлекетік грантты жеңіп алады. Сол бойынша ұлттық киімдер тігетін дизайнерлік орталық ашуды ойластырады. Бұрынғылар «қуаныш пен қайғы бірге жүреді» деп бекер айтпаған ғой. Аяқ астынан науқасы асқынған жұбайы дүниеден озады. Қабырғалары қайысқан Айнұр мен балаларға бұл қайғының  зардабы өте ауыр болды. Сондықтан, дүниеге келген балапандарын қатарларынан қалдырмау үшін жас келіншек жұмысын бұрынғыдан да үдете түсіпті.
2014 жылы ол Қараөткел ауылындағы жергілікті әкімдіктің бір залын жалға алып, тігін цехын ашады. Қажетті іс машиналары мен құрал-жабдықтардың басын қосып, түрлі-түсті кездемелерді артығымен сатып алады. Қазіргі кезде жұмысқа икемі бар
3 кісімен бұрынғысынша осы істі өркендетіп отырған жағдайы бар.
Шағын ателье ішінен біз мектеп оқушыларына арналған киім-кешектерді, ересек адамдардың жазғы-қысқы киімдерін, қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын көріп сүйсініп қалдық. Бесік жабдығынан бастап мұнда көшпелі елдің барлық дүниесін кезіктіруге болады. Киізден жасалғандары да мол.
Бағасы жағынан ол тапсырыс берушілердің көңіліне кірбің түсірмейді. Тіпті, жағдайы жұқа жандарға көп жеңілдіктер де жасайды екен. Үйренемін деген жастарға да қол ұшын беруге әзір. Оқушы қыздар осында бос кездерінде тігін саласының түрлі қыр-сырларын меңгеріп жүр.
Айнұр Әлімжанқызының ендігі арманы – ауданның бөліп берген жеріне тігін цехын, жұмысшы қыздар тұратын жатақхана салу. Сүйікті жұмысымен жігерленген іскер де ісмер жанның бұл тілегі орындалатын күн жақын десе  болады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп аталарымыз текке айтпаған ғой. Сәті түссе оны да көрерміз. Кәсіпкерлік саласындағы қадамыңа нұр жаусын, Айнұр қарындасымыз!
Жанат  ТҮГЕЛБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар