Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұқпаның баурайындағы той - АРҚА АЖАРЫ

Бұқпаның баурайындағы той

Бұқпа тауының етегінде сылдырлап ағып жатқан Шағалалы өзенінің әсем табиғат аясына тігілген ақ шаңқан киіз үйлер анадайдан мен мұндалайды.  Биік бағанаға  «Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер» деген Құран сөзі тойшы қауымның назарын еріксіз өзіне аударады. Бағана қоршауының қақпасында қазақтың үкілі найзасын ұстаған батырлар тұр. Алаштың сайын даласының қырағы күзетінде тұрған сарбаздар кейпін көз алдыңа келтіреді.

Краснояр кентінің мешіті мен жамағаты ұйымдастырған  «Қош келдің, Рамазан!» діни тағылымды шара  осылай ұлттық дәстүрлер айшықталған  тойға айналды.  Бұған Ақмола облысының аудандарынан ғана емес,  Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар,  Солтүстік Қазақстан облыстарынан мұсылман жамағаттар келді.
–Бабалардан қалған сауын айту дәстүрін қайта жаңғыртып жатырмыз, – дейді Краснояр кентінің бас имамы Науан Мүтәлұлы. –Баяғыда қазақтың байлары бір-біріне сауын айтып, ат тұяғы жететін жерге хабар жіберіп, осындай  тойлар өткізген. Ондағы мақсат – алшақ жатқан ағайынның арасы суып кетпесін деген ой. Ынтымағын жарастырып, татулығын  нығайтқан  бабалар  ұлағаты  біздің дінімізді насихаттауда да маңызды болып отыр…
Міне, қазақ елінің түпкір-түпкірінен келген меймандар да ислам діні арқылы  ұлттық  дәстүрлеріміздің  жанданып жатқанына куә болды. Сонау оңтүстік өлкедегі Шымкент қаласының тұрғыны, күрестен Азия құрлығының күміс жүлдегері, спорт шебері Ернар Ғайниұлы өзінің жүрекжарды сөзінде  Көкшенің көрікті табиғат аясында өткен бұл тойға бәрінің басын қосқан адамдардың иманы екенін айтты.
–  «Бақыт қайда барасың десе, ынтымаққа барамын», – деген қазақтың даналығы бар. Қазір бізге діни ынтымақ ауадай қажет. Әртүрлі ағымдар жік-жікке бөліп жатқанда, қазаққа елдің іргесін сөкпейтін, барлығын ынтымаққа ұйытатын иман қажет, – дейді  ол.
…Балуандар белдесуі де қызып, көрерменнің де делебесі қозды. Түйе балуандық үшін күрес аса тартысты өтті. Ақтық сында жергілікті балуан, спорт шеберлігіне үміткер Ерлік Қыдырғалиев пен қарағандылық  Дидар Ахметжанов кілемге шықты.  Осылай мейман балуан  таза жеңіп, бас жүлдені иемденді. Бұдан басқа, әр салмақ  дәрежелерінде Ш.Шарафуддинов, А.Тұрымтаев, М.Кеңесов, Ә.Жұмажанов және  С.Көкляев  озық шығып, жеңіске жетті.
Ақмола облыстық  ұлттық  спорт мектебінің директоры Марат Қойшиннің  ұйымдастыруымен  тоғызқұмалақ, қол күрес, арқан тарту, тауға өрмелеу және асық ату түрлерінен де сайыстар өтті.  Бұқпа тауының басына тігілген жүлдені алу үшін бақтарын сынағандар да аз болмады. Бұған күші мығым, қайраты күшті жігерлі жігіттер ғана  қатыса алды.  Биік тауға өрмелеп шығу  оңай түспейтіні анық. Көрермен құзға өрмелеген сайыскерлерді төменде тұрып тамашалады. Аяқтары тайғанақтап, бірді артқа шегіншектеп, енді бірде  алға ұмтылған   жандардың жан алысқан кейіптері әсерлі көрінді. Сөйтіп,  Зеренді ауданының Елтай ауылынан келген Расул Жүсіпәлин  өз қарсыластарын қапы қалдырып,  бас жүлдеге қол жеткізді.
Арқан тартушылардың да сайысы  тартымды өтті. Қонақтардан құралған командалар бір-бірімен  тартысқа түсті. Бұл жолы қарағандылықтарды ұтқан Краснояр кентінің «Нұрлы көш» ауылының арқан тартушылары бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Табиғат аясында өткен бұл шараның ең басты тағылымы – дінішілік бірлікті нығайту болып табылады.  Ата-бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мәзхабы негізінде дінге ден қоюдың да маңызы зор. Жат ағымдарды желеу етіп, солардың ығында қалған қандастарымыз да аз емес. Оларды арашалаудың бір жолы – бабалар даңғылымен жүру.
Осы тақырыпта уағыз айтқан ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық  мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин қасиетті Құран сөзін тәпсірледі.
– «Ей, Мұхаммед, егер сен олардың жүректерін жарастырамын деп бүкіл дүниені жұмсасаң да,  жарастыра алмайсың. Алла олардың жүректерін жарастырады» – деген Құран сөзінің астарына үңілді ол.
Алланың аты аталған жерге жиналған адамдарға да Жаратушының мейірі төгіледі. Бұл діни-ұлттық дәстүрге негізделген шараның да ғибраты осында екенін жеткізді облыс имамы.
Керекуден келген  дін өкілі Әнуар Ажықов және Қарағанды қалалық мешітінің наиб имамы Оралбай Әділбекұлы  Алланы зікір етудің мәні жайлы толғақты ой қозғады.  Себебі, адам Алласын іздеп, оған құлшылық етеді. Бұл барлық пенде атаулының пешенесіне жазылған  тағдыр жолы.  «Аллаға бір қадам  бассаң, ол саған қарай он қадам жасайды» дейтін хадис сөздің астарында осы ғибрат жатыр.
Біз  осы шараға Алматыдан арнайы келген «Хикмет травел» компаниясының директоры Айдос Мәуленді сөзге тартқан едік. Сонда ол: «Көкшенің жамағатына Алла разы болсын!  Бүгінде дінді әркім әрқалай түсінетін болды.  Дін мен дәстүрдің біте қайнасқанын осынау шарадан да көреміз. Алланы еске алған жерде, оның шапағаты шуақ шашып, мейірі төгіледі. Үлкені де, кішісі де тойдың қызығына батып,  өздеріне мол ғибрат алады. Ең қуаныштысы, әр өңірден мұсылмандар бас қосып, бірлігін нығайтқаны  емес пе. Иненің жасуындай иман сәулесін жүрегімізге түйсек, бұдан асқан қандай қуаныш бар» деп  ағынан жарылады.
Жалпы, бұл шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан,  Қазақстан қажылары қауымдастығынан өкілдер қатысты. Олар Көкше жерінде өткен имани тойдың  тағылымына қанығып,  жылы лебіз-тілектерін арнады.
Енді бірер аптадан кейін мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы келеді.  Оразаның алдында бір бой жазып, сауын айтқан  той өзінің  нақышты сипатымен есте қалды.  Шариғаттың имани ұлағатына  ден қойып, ұлттық дәстүрлердің де жарасымын  көрген жұрт  Алланың ұлықтығын тағы бір рет жүрегімен түйсінді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар