Жасыл елдіктердің жаңа маусымы

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Менің Қазақстаным!» монументінің алдында жасыл ел жасақтарының жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Біздің өңірде «Жасыл ел» жобасы «облыстық жастар мен студенттердің еңбек жасақтары штабы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.  Өткен жылы жобаны жүзеге асыруға арналған іс-шараларға 16 мыңнан астам жастар қатысқан болатын. Олар 44 мың түп ағаш отырғызып, 640 гектар жерде орман шаруашылығы жұмыстарымен айналысты. 2690 сарбаз еңбекпен қамтылып, оның 741-і «Жасыл ел» жобасымен квота бойынша жұмысқа орналастырылды. Биылғы маусымда 2700-дей студентті жұмысқа орналастыру жоспарға алыныпты, оның 1500-ін «Жасыл ел» жобасы бойынша орналастыру көзделіп отыр.
Жасылелдік сарбаздарға төленетін еңбекақы 30 мың теңге деп белгіленген. Жалпы, аталмыш бағдарламаны биыл жүзеге асыру үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасынан 3,3 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, биыл жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Жасыл ел» сайты ашылмақшы. Онда еңбек жасақтарының жетістіктері мен атқарып жатқан жұмыстары туралы жаңалықтар мен хабарлар орналастырылады деп жоспарланып отыр.
Биылғы жылғы еңбек маусымының ашылу салтанатында облыстың үздік еңбек сарбазы атанған «Жасыл ел» қозғалысының командирі, 2014 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық слеттің делегаты Арманжан Ахмолаев ант беріп, студенттік еңбек жасақтары қозғалысының нышанын қабылдады. Бұдан әрі жастар мен студенттік еңбек жасақтарының облыстық штабының төрағасы Владимир Одинцов сөз алып, сарбаздарға жаңа маусым жұмыстарына белсене кірісіп, аудандарымыз бен қалаларымыздың көркеюіне зор үлес қосатындықтарына сенім білдірді. Сонымен қатар ол:
– Өткен жылы орман шаруашылығымен айналысатын 13 мекемеде 16 экологиялық жасақ жұмыс істеп, орман байлықтарын күтуге жұмылдырылды. Сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск және Щучинск қалаларында көшелер мен саябақтарды көгалдандыру бойынша студенттік еңбек жасақтары жұмыс істеді. Биылғы жылы да бұл жұмыс жалғасын тауып, еліміздің гүлденіп, көркеюіне септігін тигізеді деген ойдамыз, – дей келе, студенттік жасақтарға сәттілік тілеп, «Жасыл ел» қатарына жаңадан қосылып жатқан студенттерге арнайы формалар табыс етті. Сондай-ақ, облыстық «Юность» педагогикалық жасағының төрайымы Мария Глушковская да жастарды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.  Салтанатты шараның соңында студенттік жасақтар «Бұқпа» тауының етегінде ағаш көшеттерін отырғызып, жұмыстарына кірісіп кетті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар