А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығында өткен бұл шараға Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағының төрайымы Меруерт Қазбекова жетекшілік етті.
«Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігі «Шеврон» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелге Шортанды, Целиноград, Аршалы, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан аудандық әкімдіктер, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аумақтық бөлімшесі және облыстық кәсіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, кәсіпкер әйелдер қатысты.
Шараны аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова мен «Сһevron MunaiGas Inc» компаниясының өкілі Жанар Қошпанова кіріспе сөзбен ашты. Бұдан соң «Тең мүмкіндіктер уақыты» атты фильм көрсетілді. Дөңгелек үстел барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Тажмиева, Шортанды ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры директорының орынбасары Шынар Шаймерденова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджері Римма Біләлова, жергілікті кәсіпкер Ирина Жукова, тағы басқалары сөз сөйлеп, ауыл-село әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамыту жолдарына кеңінен тоқталып өтті.
Бұдан әрі дөңгелек үстелге қатысушылар ауданда орналасқан бірқатар жекеменшік кәсіпорындарды аралап, тәжірибе алмасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.