Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бар жақсылық, бар жетістік бірлікте - АРҚА АЖАРЫ

Бар жақсылық, бар жетістік бірлікте

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында  облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагиннің қатысуымен  Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының XVIII сессиясы болып өтті. Оған облыстың барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері, аудандар мен қалалар әкімдері, қоғамдық кеңестер төрағалары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар басшылары, этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысты.

  Облыс әкімі Сергей Кулагин алдымен облыста тұрып жатқан этностардың ұлттық қолданбалы қолөнер туындылары қойылған көрмені көріп, тамашалады. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі ұсынған қазақтың байырғы киіз үйі мен оның жабдықтарын аралаған өңір басшысы бауырсақтан дәм татып, өзге де ұлттардың өзіндік нақышпен жасалған қолөнер туындыларына жоғары баға берді. Көрмеде ұлттық киімдерден бастап, сый-кәделерге дейін әртүрлі  бұйымдар ұсынылған. Олардың жасалу сипаты әрқилы болса да, өнер туындыларының   мағынасы достықтың шырайын нақыштап тұрғандай.
Қазақтың астауы дархан даланың көңілі ашық, жүрегі кең жұртының  бір үзім нанды бөліп жеген мейірімді келбетін көз алдыңа келтірсе,  тау халықтарының күміспен апталған құмырасы, өзбектің зерлеп жасаған зергерлік бұйымдары және славяндардың ағаштан ойған асхана жабдықтары ең алдымен ырыс пен берекенің  астарын ұғындырады.
Сессия жұмысы Мемлекеттік Әнұранмен бастау алды. Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагин облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары болып сайланған «Чубаш» ұлттық мәдени орталығының төрайымы Елена Мащинскаяны және жаңадан толыққан Ассамблея мүшелерімен таныстырғасын, биылғы аталған институттың құрылуының жиырма жылдығы аясында атқарылған  толымды жұмыстар жөнінде кеңінен әңгіме қозғады.
– Ассамблея – ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астында  ұйытып, ынтымағын жарастырып, берекесін келтіріп, бірлігін арттырған бірегей институтқа айналды, – деді өңір басшысы. – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма екінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз республика тағдырын өз қолымызға алдық. Сөйтіп, бүгінде бүкіл әлемге беделді мемлекет қалыптастырдық. Бұған болашағы ортақ ұлт қана қабілетті. Біз халық бірлігінің бірегей әрі бұған дейін еш жерде қайталанбаған үлгісін қалыптастырудамыз» деген еді.
Шынында да, бізді  қасиетті Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімі біріктіреді. Тілегі бір елдің алар асуы да жоғары болмақ. Ешкімнің ұлтына, тіліне және дініне бөлінбей, ортақ мүдде жолында өмір сүріп жатқаны  ең қастерлі іс. Бұдан ешкім сырт қалмайды деп ойлаймын.
Ол Ассамблея жылы аясында атқарылған іс-шараларға да тоқталып өтті. Жыл басынан бері ғана осы мақсатта 500-ге тарта әртүрлі шаралар ұйымдастырылған екен. Оның ең айшықтысы – Елбасы қатысқан «Бурабай» спорт сарайындағы «Елдің тағдыры – менің тағдырым» атты  акция болып табылады.
Облыс әкімінің баяндамасын тыңдағаннан кейін көп адамдар жарыссөзге шығып, сөз сөйледі.  Алдымен мінберге көтерілген белгілі боксшы,  Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің №8 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Мереке Жүсіпов туған елді сүюдің қандай қастерлі екенін өз сөзіне арқау етті. Спорт та бәсеке, елдің атын әлемге танытатын бәйге іспеттес. Халықаралық ареналарда қазақтың Әнұраны орындалып тұрғанда  мерейің өсіп, мақтаныш сезімге бөлейтіні де Отанға деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі болса керек. Көп ұлтты қазақ елінің спортшылары әлемдік ареналарда биіктен көріне беретініне сенім мол, –  деді  ол.
Ал, «Видергебурт» облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Любовь Ленева биылғы жылдың есте қалар бір оқиғасы – Президент сайлауы екенін айтты.  Әлемде әртүрлі қақтығыстар мен дағдарыстар белең алып жатқанда өз Елбасымызды сайлап алып, жаңа асуларға жаңа серпінмен бет бұрып отырғанымыздың маңызды екенін жеткізді.
Қазір қоғамда үлкен серпіліс тудырған  Елбасының «100 қадам» ұлттық жобасының да қазақстандықтарды ұлы мұраттарға жетелейтін  бастама екендігін, бұған барлық ұлттар өкілдері бір кісідей үлес қосатынына сенім білдірді.
Одан әрі кәріс ұлтының өкілі, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Ақмола бөлімшесіне қарасты Бурабай курорты дистанция-сы директорының орынбасары Сергей Цой  сөз алып,  өзінің аталарының қазақ жеріне тағдырдың тәлкегімен келгені жайлы әңгімеледі. Сосын отыз ұлттың басын біріктірген «Қазақстан темір жолы» Ақмола бөлімшесі ұжымының атынан  биыл облысымызда бастау алған «Ассамблеяға бастар жол» мега-жобасының «Достық кітабын»  облыс әкіміне салтанатты жағдайда табыс етті.
Егіндікөл ауданындағы  тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Марина Рудик бүгінде Қазақстан әлем таныған елге айналғанын, бұл биікке Елбасының сындарлы да, көреген саясатының арқасында қол жеткізгенімізді атап өтті. Мәңгілік ел идеясының астарында да ырысы артып, құт-берекесі тасыған  мемлекет құру мақсаты жатқанын жоққа шығара алмасақ керек.
 – Менің жарым қазақ, өзім орыспын, – деді ол. – Ал, өзім көп жылдан бері қазақ тілін насихаттап жүрмін. Сондықтан, мемлекеттік тілдің өркен жаюы үшін бәріміз атсалысайық, – деп үндеу тастады егіндікөлдік ұстаз.
Сонау Ұлы Отан соғысының қайнаған тұсында Польшадағы әскери тұтқындар лагерінде дүниеге келіп, кейін тағдырын қазақ жерінен тапқан атбасарлық Ортвин Шлоссер де өзінің жүрек- жарды  сөзінде бар саналы ғұмырын арнаған өнер саласы жайлы толғаныстарымен бөлісті. Бүгінде ол жетекшілік ететін «Молодость» би ансамблі халықтық атаққа ие болды. Әр ұлттың би туындысынан  әуезді үн шықпаса да,  мың бұралған  тылсым өнердің ізгілік пен мейірімділікті үндейтіні еш жасырын болмаса керек.
Сессияда Ассамблея жылының осы өңірді мекен еткен  әр ұлттың өкіліне тек шырайлы қуаныш сыйлағанын, бұдан әрі де бірлігімізді берік етіп, ынтымағымызды асқақтата береміз деген ұранмен астасқан үндеу қабылданды.
Облыс әкімі Сергей Кулагин  бір топ адамға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдары мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Бұл шараның соңы әсерлі әнге, көркем биге ұласқан концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар