Елге қызмет – абыройлы міндет

Облыс әкімі Сергей Кулагин Мемлекеттік қызметші күніне орай, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық  қазақ музыкалық-драма театрында өткен салтанатты шараға қатысып, Елбасы саясатын жүзеге асыруда өнегелі істерімен көрініп жүрген осы саланың бір топ таңдаулы қызметкерлеріне түрлі марапаттар тапсырды.

Қарапайым тұрғындардың билікке деген сенімі мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты болғандықтан, олардың істеп жүрген жұмысына адал болуы аса маңызды. Сол себепті, мемлекеттік қызметші елдің Конституциясы мен заңнамасын сақтауға серт береді. Бұл жолғы салтанатты шара да осындай игі рәсіммен басталды. Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға көпшілік алдында салтанатты жағдайда ант қабылдады. Олардың қатарында облыстық әділет департаменті мен облыстық білім басқармасының бас мамандары Гүлмира Евниева мен Бауыржан Әшімов те бар.   
Мереке күні ұзақ жыл бойы бар еңбегін аталмыш салаға арнап келе жатқан ақмолалықтар да елеусіз қалмады. Облыс әкімі Сергей Кулагин бірқатар ведомс-тво басшылары мен қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттап, жиналған қауымға жүректен шыққан жылы лебіздерін жеткізді.
– Қазіргі таңда елімізде кадр әлеуеті жыл санап артып келеді. Осы бетімізден таймай, жұмысымызды жалғастыра берсек, болашақта қуатты мемлекеттік аппаратқа айналатынымызға толық сенемін. Соңғы кездері мемлекеттік қызмет жайлы екіұдай пікірлер айтылып жүргені рас. Біз соны тек жақсы жағына қарай ығыстыруға бар күшімізді салып, еліміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге қаншалықты зор үміт артып отырғанын әрбіреуіңіз жақсы білесіздер, – дей келе, өңір басшысы Сергей Кулагин барлық әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, әр шаңырақта шаттық күлкісі естіле беруін, ал, отансүйгіштік қасиет еңбекке деген құлшынысымызды арттыра түсуін тіледі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Исақов та құттықтау сөз алып, мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан  көп жылғы адал еңбегі үшін облыс әкімі Сергей Кулагинге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі мен гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, мұндай қошеметке облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева, Бурабай ауданы әкімі аппаратының бас маманы Бауыржан Бимурзин және тағы басқалары ие болды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар