Қоғамдық тәртіп тірегі

Облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, халықтың тыныштығын қорғауда тәртіп сақшыларының атқарып келе жатқан қызметін зор ризашылықпен атап өтті.

  Еліміздің тыныштығын сақтап, қауіпсіздігін қорғайтын Қазақстан полициясының құрылғанына биыл жиырма үш жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде құқық қорғау саласы айтарлықтай дамып, Ұлт  Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  тәртіп сақшыларына келелі міндет жүктеп отыр. Өңірімізде үш мыңға жуық полицей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқаруда. Мерекелік кездесуде  ақмолалық тәртіп сақшылары тек жақсы жағынан атап өтіліп, түрлі мақтау-мадақтарға, қошеметке ие болды. Бұланды аудандық ішкі істер бөлімінің аға кезекші инспекторы Ақжігіт Жақсылықовқа полиция подполковнигі шені берілсе, Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Мәулен Шайкенов, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жанат Шәріпов «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Тағы бір топ тәртіп сақшылары еліміздің ішкі істер министрлігі мен облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарын иеленді.
Салтанатты шарада сөз алған департамент басшысы, генерал-майор Жайлаубек Халықұлы құқық қорғау қызметі аса мәртебелі міндет екендігін айта келе, осы жауапты жолдан әр полицейдің сүрінбей өтіп, халқының мақтанышына айналуына ниеттестігін білдірді. Кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин де полиция қызметкерлерін мейрамдарымен шын жүректен құттықтап, мереке иелеріне өңір басшысының Алғыс хаттарын табыс етті.    
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар