Тұрғын үй, мектеп те салынуда

Тұрғын үй құрылысы – «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының басты бір игілігі. Бұл бағдарла-маның көмегімен биыл тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да 9500 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Оның ішінде  4750 шаршы метр баспана жас отбасыларға арналса, қалған бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотекалық несие алу негізінде беріледі. 2015 жылы  тұрғын үй құрылысына барлығы 267 миллион 202 мың теңге  бөлінген. Атап айтқанда, Щучинск қаласында Магнитный және Школьный көшелерінің бойында екі 75 пәтерлік баспана жуық арада пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта бас мердігер жауапкершілігі шектеулі «Номад Строй ЭК» серіктестігімен 794 миллион 176 мың теңге сомасына келісім-шартқа қол қойыпты. Мердігерлер үйдің қабырғасын қалап, су құбыры мен электр желісін толықтай орнатқан. Енді ғимараттың ішкі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Тұрғын үйдің маңын абаттандыру жұмыстары да қолға алынып, тұрғындарға барынша қолайлы болу үшін барлық жағдайлар назарға алынуда. Елбасының тапсырмасын орындау үшін әзірленген мемлекеттік бағдарламада тұрғын үйге зәру жас отбасыларға баспананы  жеңілдікпен беру қағидаты ең басты шешуші фактор. Сондықтан, жыл сайын азаматтар легі толастамай, баспаналы болу мүмкіндігін пайдалануға қарекет жасауда.
Ал, ипотекалық тұрғын үй  мәселесі бойынша екі қабаттың кірпіші қаланып, үшінші қабаттың құрылысын бастап кеткен. Ағымдағы жылы азаматтарға Тұрғын-үй жинақ жүйесі арқылы үлестіріледі.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында Щучинск қаласында 900 оқушыға арналған мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 126,873 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Аталған әлеуметтік нысанның ғимараты бой көтеріп, ішкі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге, сыртқы электр желісін тарту шаралары да атқарылып жатыр.
Тағы бір айта кететін жәйт, Бурабай кентінде  кәріз жүйесін тазалайтын құрылғыларды орнату мәселесі бойынша келісім-шарт жасалып, бұл жобаға 641 миллион 735 мың теңге қаржы қарастырылған. Әзірше үш биореакторлар қойылып, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат қалпына келтіріліпті.
«Қолжетімді баспана -2020» мемлекеттік бағдарламасы шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелердің қатарын сейілтіп, азаматтарға жайлы тұрғынжай сатып алудың негізгі тетігі болып келеді. Адамдардың тұрмыс деңгейі бірсыдырғы жақсарса, мемлекеттің гүлденуі сөзсіз.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар