Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүректі жырлатқан сағыныш - АРҚА АЖАРЫ

Жүректі жырлатқан сағыныш

Бурабайдың қақ төріндегі ұлы хан Абылайдың  ордалы алаңында тұрмыз. Айнала құз таулар қоршап, оймақтай ғана жерге бар сұлулықты қалай қия салған дейсің. Оқжетпес шыңы да қияға өрлеп, Жұмбақтас та өзінше сыр ақтарады. Қытайдың қиыр өлкесінен келген қазақтың қаламгері Көбен Асқарұлы табиғаттың сұлулығына тәнті болып, өзінің асқақ сезімге бөленген әсерлі сәтін ерекше ықыласпен бөлісті. Туған жерге деген сағыныш сезімі киелі өлкеге жетелеп әкелгенін айтты ол.

Сексеннің сеңгіріне қадам басқан шағында  алаштың  азат ел болуына сүбелі үлес қосқан Абылайдай ханның ақ ордасына келіп, мауқын бір басамын деп ойлап па еді. Жанарына іркілген моншақ жасты да тоқтата алмады. Қуаныштың жасы еді бұл.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын, – деп төгіле жөнелді бір сәтте ол.
Сері Сәкеннің «Көкшетау» поэмасынан үзіндіні жатқа оқыды.  Мұнар басқан бұлттардың көшіне көз қиығын салып, Сәкен жырлаған қалпындағыдай жұпар ауаны тоят таппай жұтып, ырғалып көкке бойлап өскен қарағайларына тамсана да, таңдана да қарады.
–  Бұл жыр жолдары менің көкірегімде әлі күнге дейін сайрап жатыр. Алты-жеті жасымда әкем жаттатқызып еді. Сонда  аяулы әкем: «Балам, сырт өлкеде жүрміз. Ертеңгі күніміздің не боларын бір Алла біледі. Қазақтың жыры мен әні тұнған терең тарих. Ата жұртыңның да  өткені мен өнегесін жүрек түкпіріңде  сыр сарқыттай сақтап,  кейінгі ұрпағыңа мирас етерсің. Ертең мына кітап жоғалса да,  сенің көңіліңде қалады» деген еді. Сосын Сәкеннің кітабын қолыма ұстатты, – дейді қандас қаламгер.
Табиғат қашап, тұғырға қондырған хан Абылайдың киелі тағының жанында тұрып,  Сәкеннің атақты поэмасындағы тарихи атауларға қанықты. Бір сәтте Мағжан ақын ойына оралып, «Батыр Баян» поэмасына құлшына ден қойды. «…Арқада жер жетпейді Бурабайға»  деп басталатын жыр жолдарын асқақ пафоспен айта жөнелді. Осы жасқа келгенде  тарихи жырлардың көңіл төрінен лықсып сыртқа шығып, ақтарылып жатқанына таң да қаласың.
– Аласапыран жылдар еді ғой. Балалықпен оған мән бердік пе. Ал, әкеміз ертеңін ойлап, мені жаз бойы жайлауға жіберетін еді. Бірде қолыма «Батыр Баян» поэмасын ұсынып, жаттап келуімді қатты тапсырды, – дейді  Көбен Асқарұлы бізбен әңгімесінде.
Осы сапарда қаламгер қандасымызды елімізге танымал ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Қазбек Иса ертіп жүрді.  Ол да әңгімеге араласып,  Көбен ақсақалдың әкесі жайлы ой қозғады. Асқар Татанайұлы алаш танитын ірі тұлға екен. Кезінде  алашордалық қайраткерлерге де пана болып, қамқорлық қолын ұсыныпты. Қытайдағы «мәдени төңкеріс» жылдары  әдебиет атаулыны өртеп, жаққанда Асқар Татанайұлы  200-ге тарта жыр-дастанды қайтыс болған жұбайының қабіріне көміп, сақтаған екен. Шолақ белсенділер қабырғасын сындырып,  он жыл бойы тепкі көрсетсе де, кітаптарды жасырған жерін айтпаған.
– Кейін ондаған жылдар өткесін әкем сол мұраларды қазып алды. Дені сол қалпында сақталған екен. Бір Бөгенбай батыр туралы жырдың бес нұсқасы табылды. «Қабанбай батыр», «Қыз Зейнеп» және тағы басқа да дастандар аман сақталып қалды, – деп әкесінің кім болғанынан хабардар еткен Көбен Асқарұлы осы бір оқиғаны біздің назарымызға ұсынды.
– Сізді мен бір жерден көрдім, – дедім Көбен ағаға қаратып.  Бірақ, Қытайға да барған емеспін. Көбен ағамыз да Көкше еліне алғаш келуі бұл.  Былтырғы жылы телеарналардың бірінен көрген хабар  ойыма оралды. Сол жолы қытайлық қазақ қаламгері өз әкесінің алаш ақтаңгерлерінің тығып сақтаған мұрасы жайлы айтты. Шәкерімнің еш жерде жарияланбаған екі қолжазбасы сақталғанын паш еткен.
Мен осы оқиға жайлы айттым. Көбен Асқарұлы аталмыш хабарға қатысқан адам өзі екенін жеткізді. Қазір ол қолжазбалар зерттеліп, зерделеніп жатыр деді.
Отызыншы жылдары Шәкерім ұсталып, оның баласы ақын қолжазбаларын Үрімжіде Кәрім Дүйсебаев деген адамға береді. Ал, Кәрім Дүйсебаев Асқар Татанайұлының ұстазы болып шықты. Өзі ұсталар алдында бар қолжазбаны  шәкірті Асқар Татанайұлына табыстайды.
Асқар Татанайұлы кім? – деген сауал да бізді қызықтырды. Баласы Көбен Асқарұлының айтуынша, ол өткен ғасырдың отызыншы жылдарында  «Ерікті Алтай» газетінің редакторы болған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірі екен. Кейін газетті жауып, әкесін қамауға алады.
Бүгінде Қытайдағы ұлт-азаттық күресін бастаған Оспан батыр жайлы жазып жатқандар көп.  Қаламгер Оспан батыр өмір сүрген ортаны  көрмей, сырттан қалам тербейтіндерге назалы екенін жеткізді.  Әкесі сонау 1945 жылы «Батырлар жыры» деп ат қойып, Оспан батырдың ерлігін жырлаған. Ұлт-азаттық қозғалысын көзімен көрген Асқар Татанайұлы Оспанның халық қамын ойлаған ірі тұлға екенін шынайы суреттеген.
Тарихи деректерде: «Оспан батыр Алтай округінің губернаторы, Шығыс Түркістан республикасының билеушісі, Шыңжаң өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысының басшысы» делінеді.
Бурабайдағы тарихи  жәдігерлер мұражайында Оспан батырдың бейнесі суреттелген жерде Гофри Лайас дегеннің мына сөздері жазылған екен. Онда: «Оспан батыр осыдан 5-6 ғасыр бұрын туғанда Мөңке, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір сияқты даңқты қолбасшы болар еді» делінеді.
«Азамат үні», «Ел қорғаны – хан Абылай», «Бір ғасыр», «Үш кезең» өлеңдер жинағы, «Өмір майданы», «Кесілген кесір» драмалық шығармалары және басқа да тарихи еңбектері Асқар Татанайұлының кім екенін таныта түседі.
– Әкем Қытайдың қазақ әдебиетінің  негізін қалаған үш адамның бірі, – дейді Көбен Асқарұлы. – 2006 жылы Үрімжі қаласында әкеміздің жүз жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ал, 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағы да арнайы мерейтойлық шара өткізді.
Осындай данадан туған Көбен Асқарұлының да осал еместігін оның өмір жолына үңілгенде анық аңғардық. Алтай аймағының «Алтай аясы» журналының тете редакторы болып ұзақ жыл қызмет істепті. Мемлекеттік Қытай жазушылары одағының мүшесі болып табылады. Бір айтарлығы, мұндай алқалы одаққа бір жарым миллион қазағы бар өлкеден бар-жоғы отызға тарта ғана қазақ қаламгерлері кіреді екен.
«Бүркітбай», «Алқа» (өлеңдер), «Ұрпаққа қалған ұлағат», «Ер кешуі» (әңгімелер), «Шолпан» (драмалар) жинақтары жарық көріпті. «Арқалық батыр» киносының сценарийін жасағанын да мақтанышпен айтты. Қытайдың «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері атаныпты.
Балалары да ата жолын жалғастырған қаламгерлер. Ұлы Қуандық Шыңжаң телеорталығының жауапты қызметкері, қыздары да журналистика саласында еңбек етеді.
Жазушымен емен-жарқын әңгіме азаттық жайлы өрбіді.  – Қазақ елі алғаш тәуелсіздік алғанда екі адамның ерекше қуанып, толқыныста болғанын көрдім, – дейді Көбен Асқарұлы. – Бірі, әрине, әкем болатын. Тоқсанның тұғырына жетіп қалған әкей өзінің басынан өткен қиын-қыстау күндерге шолу жасады. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болудың» жай-жапсарын айтты. «Көңілім менің көк дөнен» дегендей қазақтың бөлек ел болғанын барып көрмесем де, көңілім барып қайтқандай екен», – деді әкем Асқар Татанайұлы.
Сол ақ түйенің қарны жарылған күні өзім қызмет ететін редакцияға келсем,  жиналыс өткізейік деп жатыр екен. Мені әріптес досым Ғалымбекке жіберген еді.  Неге жұмысқа шықпады деп ойладық. Үйіне барсам,  дастарханның басына бір шөлмек арақ қойып, сіміріп отыр екен.
– Әкең арақтан өліп пе еді. Мұның не, сенің? – дедім мен.
– Иә, әкем жай түсіп өлген. Мен жиырма жыл өмірімді түрмеде өткіздім. Қиындықты да бастан өткердім. Артынан ағаттық кетті деп темір тордан босатты. Отбасылы болдым. Қызметке де қол жеткіздім. Мен бәрін ұмытайын-ақ деймін. Бірақ, бір оқиғаны ұмыта алмаймын, – деді ол.
Сосын ол өз басынан өткен мына оқиғаны жайып салды. Ғалымбек бір күні дүкенге келсе, адамның қалың кезегі бар екен.  Өзі қалжыңдасып жүретін моңғолды ту сыртынан келіп, итеріп жібереді. Омақаса құлаған моңғол орнынан тұрып жатқанда: «Жаман моңғол сен де қазақтан ілгері кезекке тұратын болғансың ба?» деп күстаналайды. Сонда ол: «Әй, Ғалымбек, сен зиялы адам емес пе едің. Мен төбеме бес жыл шәй қайнатқан моңғол болсам да, менің жеке мемлекетім бар. Сенің ше?» дегенде Ғалымбектің жанарына жас тығылып, ұяттан жерге кіріп кете алмай, кезектің ең соңына барып тұрған екен.
Қазақ азаттық алған күні сол моңғол Ғалымбекті тауып алып: «Бүгін сен менімен теңелдің» депті. Ғалымбек осы оқиғаны айтты да, өзінің ата жұрты жеке ел болғанына масаттанып,  қуанып отырғанын жеткізді.
– Жырақта жүрсек те, ел деп елжіреген жүректерде  сағыныштың  лүпілі үздіксіз соғатынын білсең ғой. Мені қартайған шағымда Абылайдың ақ ордасын көруге деген құштарлық жетелеп әкелді осында. Шынымен, Бурабай ақындар жырға қосқаннан да сұлу ма деп қалдым. Мұндай жерұйық мекен қазақ сияқты сайын даланы үкілі найзасымен қорғаған дана халықтың пешенесіне бұйырған  бағы болар, бәлкім, – деп қимастық сезімін де  білдірді ол.
Абылайдың киелі ордасының іргесіне тігілген елордаға аттанып бара жатып: «Аман бол, Сәкен мен Мағжан жырға қосқан киелі Бурабайым!» деп,  мұң мен жырға толы жүрегінен ақ тілегін ақтарды.
– Қош бол, жырақта қалған қандасым!
Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Суретте: Қытай еліндегі қазақ жазушысы Көбен Асқарұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар